Қазақстанда халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл мәселе азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор ретінде қарастырылады.
Соңғы жылдары су құбыры желілерін салу мен қайта жаңғырту, су алу нысандарын жаңарту және инфрақұрылымды кешенді түрде жетілдіру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылды.Жинақталған мәселелерді жүйелі түрде шешу мақсатында Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба бекітілді.Бұл құжат саланы жан-жақты жаңартуды көздейді: өндірістік нысандарды модернизациялаудан бастап цифрлық технологияларды енгізуге және энергия тиімділігін арттыруға дейінгі шараларды қамтиды.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – цифрландыру. Осы аяда заманауи есептеу құралдары, автоматтандырылған басқару жүйелері (SCADA, АСКУВ) және Smart Water элементтері енгізілуде. Мұндай шешімдер су шығынын азайтуға, есеп жүргізудің ашықтығын арттыруға және жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстан су ресурстарын басқаруда цифрлық технологияларға басымдық беріп отыр. Бұл қадам климаттық өзгерістер аясында жиілеп бара жатқан құрғақшылық пен су тасқыны жағдайларында ерекше өзектілікке ие. Мемлекеттік органдар су теңгерімін басқаруда дәлірек әрі ғылыми негізделген тәсілдерге көшу үстінде.Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – су ресурстарын басқарудың интеграцияланған DeepBas жүйесін енгізу.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қойылған мақсаттарға қол жеткізу халықаралық озық тәжірибелерді зерделеу және тиімді технологияларды енгізумен тығыз байланысты. Қазіргі ғылыми әзірлемелер су шаруашылығы саласының тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының DeepBas жүйесін әзірлеу жөніндегі ұсынысы қолдау тапқан.
Жоба су теңгерімін болжаудың дәлдігін арттыруға, ресурстарды тиімді бөлуге, сондай-ақ құрғақшылық пен су тасқынына байланысты тәуекелдерді дер кезінде анықтап, олардың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар жүйе әртүрлі дереккөздерден келетін мәліметтерді біріктіріп, басқарушылық шешімдерді ғылыми негізде қабылдауға жағдай жасайды.
Цифрлық шешімдерді енгізу су шаруашылығы саясатының тиімділігін едәуір арттыра алады. Үлкен деректерді талдау арқылы мемлекет қауіп-қатерлерге жедел әрекет етіп, ресурстарды өңірлер арасында дәл бөлуге және су шығынын қысқартуға мүмкіндік алады.
DeepBas жүйесін енгізу бастамасы Қазақстанның негізгі салаларды цифрландыруға бағытталған стратегиялық бағытын айқындайды. Климаттық сын-қатерлер күшейіп, су ресурстарына түсетін қысым артып отырған жағдайда мұндай жобалар тек технологиялық жаңғыру ғана емес, елдің орнықты дамуының маңызды шартына айналып отыр.












