Жасанды интеллектінің (ЖИ) қателіктері адам миының бұзылыстарымен ұқсас болуы мүмкін. Токио университетінің ғалымдары ChatGPT сынды тілдік модельдердің жұмысы мен сөйлеу қабілеті бұзылған науқастардың ми белсенділігі арасында күтпеген байланыс барын анықтады. Бұл туралы мамыр айында Advanced Science ғылыми журналында жарияланған зерттеуде жазылған.
Зерттеушілер ChatGPT кейде мағынасыз, шатысқан жауаптар бергенде, бұл құбылыс Вернике афазиясы бар адамдардың сөйлеу мәнеріне ұқсайтынын айтады. Мұндай неврологиялық бұзылыс кезінде адам сөздерді еркін әрі тез айтады, бірақ олардың мазмұны жиі мағынасыз болып келеді.
Ғалымдар зерттеу барысында «энергетикалық ландшафт» деп аталатын талдау әдісін қолданған. Бұл тәсіл бастапқыда физика саласынан алынған және ақпаратты өңдеудің ішкі процесін көз алдыға елестетуге көмектеседі. Мысалы, жүйедегі ішкі жұмыс доптың бұдыр-бұдыр бетпен домалап келе жатқан қозғалысына ұқсайды. Егер беті тегіс болмаса, доп кездейсоқ бағытта қозғалады – дәл осы үрдіс афазиямен ауыратындардың миында да, тілдік модельдерде де байқалған.
Зерттеу аясында ғалымдар түрлі афазия түрлерімен ауыратын адамдардың ми белсенділігін және GPT-2, LLaMA 3.1 секілді төрт түрлі ЖИ-модельдің ішкі сигналдарын салыстырған. Нәтижесінде, нейрожүйелердің мағынасыз жауап беруге бейімділігі афазиясы бар адамдардың миындағы ерекшеліктермен үндес екені анықталды.
«ЖИ жүйесінде ми жоқ, бірақ ақпаратты өңдеу тәсілінде ортақ сипаттар бар. Бұл нейробиология мен жасанды интеллект саласын біріктіретін жаңа мүмкіндік»,– деп жоба жетекшісі әрі WPI-IRCN халықаралық нейроғылымдар зерттеу орталығының профессоры Такамицу Ватанабэ өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, мұндай зерттеулер болашақта афазияны дәл әрі ерте анықтауға, сондай-ақ ЖИ жүйелерін жетілдіруге жол ашуы мүмкін. Қазірдің өзінде ғалымдар тілдік модельдің қателікке бейімділігін ішкі белсенділік арқылы болжай алатын болған – мысалы, мәтін ішінде жиі тақырып ауыстыруы немесе бір сөзді қайталай беруі.
Зерттеу нақты шешім ұсынбаса да, екі сала арасындағы ынтымақтастықтың маңызын көрсетіп отыр. Ми жұмысының әлсіз тұстарын түсіну – әрі адамдардың сөйлеу қабілетін қалпына келтіруге, әрі жасанды интеллектті жетілдіруге сеп болуы мүмкін.