Киберқауіпсіздік мамандары интернет кеңістігінде басты бір қағиданы еске салады: жеке ақпаратты неғұрлым аз бөліссеңіз, алаяқтардың арбауына түсу ықтималдығы соғұрлым төмен. «Кейде бір ғана бейқам жауап алаяқтық әрекеттердің тұтас тізбегіне жол ашуы мүмкін», — дейді сарапшылар.
Мамандар ешқашан жариялауға болмайтын маңызды деректер тізімін келтірді:
Қаржылық ақпарат:
— Банктік карта нөмірі, жарамдылық мерзімі, CVC/CVV-кодтары, интернет-банкинг логиндері мен құпиясөздері, SMS арқылы келген кодтар мен растау push-хабарламалары.
«Тапсырысыңызды растау үшін келген SMS-кодты жіберіңіз» деген сыпайы өтініш алаяқтардың айла-тәсілі болуы мүмкін. Мұндай хабарламаларға жауап бермеңіз — өз деректеріңізді өзіңізден басқа ешкім қорғай алмайды.
Жеке құжаттар:
— ЖСН, төлқұжат деректері, әлеуметтік жеке код (СЖК), құжаттардың фотосуреттері.
Мысал: “Жеткізу үшін жеке басыңызды растаңыз, төлқұжатыңызды жіберіңіз” деген өтінішке сенбеңіз.Бұл алаяқтардың жиі қолданатын әдісі. Ешқашан құжатыңыздың суретін бейтаныс нөмірге жолдамаңыз.
Растау кодтары:
— SMS- құпиясөздер, push-кодтар, QR арқылы растау кодтары. Бұл деректер еш уақытта, ешкімге берілмеуі керек.
Жеке өмірге қатысты ақпарат:
— Үйіңіздің мекенжайын, отбасы мүшелеріңіздің нөмірлерін немесе қайда, қай уақытта бара жатқаныңызды ашық желіге жазу — өз қауіпсіздігіңізді өзіңізге қарсы қолдануға жол ашу. Мұндай деректер — киберқылмыскерлер үшін таптырмас ақпарат.
Деректер комбинациясы:
— Аты-жөніңіз, туған күніңіз және телефон нөміріңіз сияқты қарапайым мәліметтердің өзі құпиясөзді табуға, поштаны ашуға немесе сіздің атыңыздан несие рәсімдеуге жеткілікті болуы мүмкін.
“Есіңізде болсын: ешбір ресми ұйым — банк те, мемлекеттік қызметтер де, полиция да — сізден телефон арқылы немесе чатта құпия кодтар мен құжаттарды сұрамайды. Жеке деректер — өз қауіпсіздігіңіздің кілті. Оларды қорғау — жақындарыңыз бен өзіңіздің амандығыңыз үшін маңызды қадам”, — дейді киберқауіпсіздік мамандары.