Home Технологиялар Инновациялар Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?

Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?

3

Жасанды интеллект (ЖИ) күнделікті өмірімізге етене еніп, жұмыс, оқу, шығармашылық пен бизнесті жеңілдететін пайдалы құралға айналып келеді. Ал жаңа мүмкіндіктерді ең алдымен жастар қолданатыны белгілі. Ендеше, ЖИ кімге және қалай көмектесіп жүр? Ол болашақтағы мансапқа қалай әсер етеді? Бірге қарастырайық.

Зерттеулерге сүйенсек, ЖИ-ді ең белсенді қолданатындар – 18 бен 34 жас аралығындағы жастар. Олар көбіне аталмыш нейрожелілерге оқу немесе жұмыс мақсатында жүгінеді. Ал жасы үлкенірек буын ЖИ-ді көбіне-көп көңіл көтеру, жеке істер мен шығармашылық үшін пайдаланады.

«Жастар арасында контент жоспарларын құру, код жазу және әлеуметтік желіге жазба дайындау секілді функциялар ерекше сұранысқа ие. Ал ересектер нейрожелілерді өлең жазу, музыка шығару, фото өңдеу үшін қолданады», – делінген Ресейдегі Яндекс платформасы ұсынған “Нейростат” зерттеуінде.

Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?

18 бен 24 жас аралығындағы жастардың 77 пайызы нейрожелілер туралы естісе, 59 пайызы оларды іс жүзінде қолданып көрген. Ал кескін генерациялауға арналған жүйелер туралы халықтың 83 пайызы хабардар болғанымен, соның тек 57 пайызы ғана оларды пайдаланған.

Сауалнама нәтижесі ЖИ-мен жиі жұмыс істейтіндердің – ер адамдар екенін көрсетті. Мәтін жазуға арналған жүйелерді ерлердің 29 пайызы, ал әйелдердің 23 пайызы қолданады. Ал бейне құрастыру қызметтерін ерлердің 36 пайызы, әйелдердің 31 пайызы пайдаланады.

Ер адамдар мұндай технологияларды маңызды құрал ретінде қабылдаса, әйелдер көбіне оны қызығушылық пен көңіл көтеру үшін қолданады. Жасы үлкендер нейрожелілерді көбіне сурет дайындау, көңіл көтеру үшін пайдаланса, жастар оны оқу мен жұмыс барысына көбірек енгізген.

Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?

Ал Қазақстанда нейрожелілерді пайдалану деңгейі қандай? Өкінішке қарай, бұл тақырыпта елімізде нақты, кең ауқымды зерттеулер әлі жүргізілмеген тәрізді. Сондықтан біз қарапайым, бірақ көбіне нақты нәтиже беретін жолды таңдадық — жастардың өзінен сұрап көрдік. Мысалы, қазақстандық студенттер ЖИ-ді күнделікті өмірде қалай қолданады?

Түрлі себептерге байланысты респонденттердің басым бөлігі аты-жөнін немесе оқитын оқу орнын көрсетпеуді сұрады.

Айнұр (аты өзгертілген), оңтүстік астанадағы университет студенті:
– Әзірге тек оқу үшін ғана қолданамын. Көбісі де солай. Қызық үшін пайдаланып жатқандарды көрмеппін.
Тілші: – Ал шығармашылыққа ше? Мысалы, біреулер нейрожелі арқылы музыка жазуы мүмкін ғой?
Айнұр: – Мен ондайларды кездестірмедім. Бізде көбіне оқу мақсатында пайдаланады.
Тілші: – ЖИ арқылы қандай тапсырмаларды орындауға болады?
Айнұр: – Мысалы, графика керек болғанда, әсіресе бірнешеуін қатар жасау қажет болса, жақсы көмектеседі.

Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?

Гаухар (аты өзгертілген), Алматы қаласындағы студент:
– Біз ЖИ-ді көбіне оқуда қолданамыз. Бірде бизнес-жоба жасау керек болды. Сонда ЖИ бізге қызық бір идея ұсынды. Ештеңе өндірмей, сатпай-ақ, тек жалға беру арқылы аз шығынмен тез пайда табуға болатынын көрсетті.

– Үй жұмысын орындауға көмектеседі, – дейді Гаухардың інісі Дәулет (аты өзгертілген). – Өзім жиі пайдаланамын. Кейде кескін құрастыруға, кейде код жазуға да қолданамын.

Бала тілі – шындықтың айнасы деген рас. Кейде ең ашық пікір – солардан шығады.

Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?

ЖИ-ді тек студенттер ғана емес, түрлі маман иелері де қолдана бастады. Мәселен, ірі компанияда жұмыс істейтін бухгалтер Елена (аты өзгертілген) өз тәжірибесін бөлісті:

– Бізге күн сайын түрлі хаттар келеді. Арасында түсініксіз жазылғандары да бар. Ондайда не деп жауап береріңді білмейсің. Бір әріптесіміз сондай хатты суретке түсіріп, ChatGPT-ке жүктеді. Ол нақты, сыпайы, әрі мазмұнды жауап жазып берді. Тіпті кәсіби тілмен де дұрыс жеткізді. Жұмыста көп көмегі тиді.
Бұл әңгімелерден байқайтынымыз – ЖИ күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуда. Біреулер үшін – ол жай көмекші құрал, ал енді біреулер үшін – болашақтың жаңа мүмкіндігі.

Жасанды интеллект (ЖИ) бүгінде стартаптар мен бизнестің маңызды құралына айналды. Оны қолданатын кәсіпкерлердің 66 пайызы маркетинг пен сатылымда, 54 пайызы клиенттермен жұмыс істегенде, ал 49 пайызы зерттеу мен өнімді әзірлеу барысында тиімді пайдаланады.

ЖИ-дің бизнестегі мүмкіндіктері күннен-күнге кеңейіп, жаңа жобалар мен стартаптарда оны қолданып жүргендер саны артып келеді. Әсіресе, денсаулық сақтау мен білім беру саласында осы технологияның әлеуеті зор.

Осы орайда, біз екі ерекше стартапты таныстырмақпыз, оларда жасанды интеллект қолданылып, адамдардың өмірін жеңілдетуге бағытталған тың шешімдер әзірленуде.

InLab жобасының үйлестірушісі Асхат Манапов өзінің компаниясы iDala туралы баяндап, жасанды интеллектінің денсаулық сақтау саласында қалай қолданыла бастағанын бөлісті.

«Біз денсаулық сақтау саласына арналған IT-стартаптарды 5 жылдан астам уақыт бойы жасап келеміз. Өткен жылдың наурыз айында біз жасанды интеллектіні пайдаланып, зертханалық талдауларды автоматты түрде талдауды бастадық. Бұл технология адамдардың жыл сайынғы медициналық тексеру кезінде алған зертханалық нәтижелерін тиімді талдауға мүмкіндік береді»,-деп жауап берді Асхат Манапов.

Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?

Шамамен, жыл сайын 100-150 адам емханамызда тексерулерден өтіп, зертханалық талдауды тапсырады. Дәрігерлер үшін мұндай талдауларды толықтай сараптау көп уақыт алады: көрсеткіштердің қайсысы нормаға сәйкес, қайсысы төмен немесе жоғары екенін анықтап, содан кейін қорытынды жасау керек. Ал Жасанды Интеллект бұл жұмысты айтарлықтай жылдам әрі тиімді орындап, дәрігерлерге уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл үнемделген уақыт олардың жұмысын жеңілдетіп, диагноз қою процесін едәуір жеңілдетеді.

Асхат Манаповтың айтуынша, 2024 жылдың маусым айында InLab жобасының алғашқы нұсқасы Шымкент қаласындағы №6 емханада сынақтан өткен. Жобаның бастапқы нәтижелері дәрігерлер мен науқастардың пікірлеріне сүйене отырып, жақсартылып, жүйеге кейбір жаңа мүмкіндіктер енгізілген.

«Жобаның бастапқы кезеңі әрдайым қиын болады. Біз әлі де өнімді жетілдіріп, тестілеуден өткізіп отырмыз. Бірақ басты мақсат – дәрігерлердің жұмысын жеңілдететін, уақытты үнемдейтін тиімді жүйе жасау», – дейді Асхат.

Тілші: «Жобаға жастар көп қатыса ма?»

Асхат Манапов: «Біздің жобамызға негізінен Назарбаев Университетінің студенттері белсенді қатысады. Себебі, iDala компаниясы университетіміздің технопаркіне тіркелген.

Жалпы, жастардың ЖИ-ді қолдануына келетін болсақ, мен оны 20 жыл бұрын интернеттің пайда болуына ұқсатамын. Сол уақытта жастар интернетті алғаш рет белсенді түрде пайдалана бастағанда, бірқатар адамдар оған күдікпен қараса, енді бірі дереу қабылдап, қолдана бастады. Қазіргі кезде Жасанды Интеллект – IT саласындағы жаңа қадам. Бұл технология өміріміздің әртүрлі салаларында өз орнын тауып, адамдардың өмірін жеңілдетіп, көп уақытты қажет ететін, бірақ ақыл-ойды талап етпейтін тапсырмаларды шешуге көмектеседі. Мысалы, кестелерді толтыру, формаларды жасауда немесе графиктер құруда ЖИ біздің көмекшімізге айналады.»

Тағы бір маңызды жоба – «CYBERPACK», оның негізін қалаушы және CEO-сы Сабыржан Мустафин біздің сұрақтарымызға жауап беріп, жобаның ерекшеліктерін баяндап берді:

Тіші: «CYBERPACK дегеніміз не?»

Сабыржан Мустафин: «CYBERPACK – бұл ғылыми-инженерлік STEAM жобаларын жасауға үйрететін білім беру экожүйесі», – деп түсіндіреді Сабыржан Мустафин.

«Біз STEAM бағыттары бойынша білім беру жиынтығын әзірлеп жатырмыз. Бұл робототехника саласы мен математика, физика, биология, химия, информатика пәндерін қамтиды.Біз осындай түрлі бағыттарды біртұтас жинақта біріктіріп, оларды өзара байланыстырдық.»

«Біз балаларды ғылыми-инженерлік STEAM жобаларын жасауды үйрететін платформаны әзірлеп жатырмыз. Бұл жобада робототехника, математика, физика, биология және химия сияқты пәндер біріктіріліп, балаларға ғылыми жобалар жасауды үйретеміз. Олардың әрқайсысы өз бетімен жобаларды құрастыруға және ғылыми жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады».

Сабыржанның айтуынша, STEAM жобаларының оқу жиынтығы баланың ғылыми ойлауын дамытуға бағытталған. Ал платформаның жасанды интеллекті балаларды әр қадамда қолдайды, олардың ғылыми жобаларын дайындауға көмектеседі.

Сабыржан Мустафин жобаның негізгі мақсатын былай түсіндірді: «Біздің алдымызға қойған міндетіміз – балаларға ғылыми жобаларды қысқа уақыт ішінде жасап шығуға үйрету.

Осы мақсатпен біз STEAM бағытында жинақталған құралдармен жұмыс істейміз. Сонымен қатар, біз білім беру платформасын құру қажеттілігіне келдік, өйткені балаларымызға осы жинақтармен жүйелі түрде оқу өте ыңғайлы болар еді. Мысалы, біздің жинағымызда ақылды шаңсорғыш немесе өрт сөндіру жүйесі бар. Оны толық жинап шығу керек – электрондық құрамдас бөліктерін, бағдарламалау және барлық қажетті қадамдарды орындау. Осы себепті біз өз платформамызды жасап, оған жасанды интеллект қостық, ол балаларға ғылыми жобаларды жасау барысында көмекші болар еді. Бұл жүйе балаларға республикалық, халықаралық робототехника немесе биология мен химия бойынша ғылыми байқауларға дайындалуға көмектеседі. Иә, біз балаларымыздың жобаларын әрқашан бақылап, олардың оқу процесінде 24/7 қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін жүйе жасадық».

Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?

«Біз дайын модельді қолданбаймыз, біздің GPT-Wrapper – бұл OpenAI GPT моделінің негізінде жасалған программалық қабықша. Оны біз ғылыми жобаларды басқару үшін қосымша түрде оқыттық. Осы модельді біздің жобамызға енгізіп, қолданушыларға нақты ақпарат беру үшін интеграция жасадық. Мысалы, бала қандай байқауларға қатысқысы келетінін айтып, сол арқылы платформа қажетті құжаттамаларды дұрыс толтыру туралы нақты кеңес бере алады. Жасанды интеллект баланы мұғалімнің орнына консалтингтік қызмет көрсетіп, кез келген уақытта көмектесуге дайын болады», – деп сөзін жалғастырды Сабыржан.

Оның айтуынша, мұндай жүйе мыңдаған оқушыларға ғылыми жобаларға қатысуға және өздерінің ғылыми портфолиосын құруға көмектеседі. «Өкінішке қарай, көптеген мектептерде балалардың ғылыми портфолиосы жоқ. Біздің мақсатымыз – балаларды осындай маңызды салада тәрбиелеу және олардың шығармашылық қабілеттерін қолдау.

Біз өз платформамыз арқылы осы мәселені шешуді көздейміз», – деп атап өтті Сабыржан.
Біз өз өнімімізді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевке ұсынғанда, ол бізді мұқият тыңдап, қолдау білдірді. Бұл жобамыз үшін маңызды сәт болды, себебі мұндай жоғары лауазымды тұлғалардың қолдауы біздің жұмысты алға жылжытатыны сөзсіз.

Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?

Тілші: «Қазіргі уақытта жас буын жасанды интеллектіні (ИИ) қалай қолданады?»

Сабыржан Мустафин: «Негізінен, жастар оны емтихандарға дайындалу немесе үй тапсырмаларын орындау үшін пайдаланады. Бірақ, меніңше, балалар ЖИ-ді әрдайым дұрыс форматта қолданбайды. Олардың көбі оны тапсырмаларды жылдам орындау үшін ғана пайдаланады, ал бұл, өкінішке қарай, білімді терең меңгеруге кері әсер етеді. Осы мәселе бойынша әзірге ештеңе істей алмай отырмыз. Біз академиялық адалдықты қолдауды күшейтуіміз қажет. Мұғалімдер балалардың тапсырмаларды өздері орындағанын немесе оның орнын ЖИ орындағанын анықтай алатын жүйелер болуы керек. Мысалы, Қытайда балаларды ерте жастан бастап ЖИ-ді дұрыс қолдануға үйретеді. Біз де солардан үлгі алып, балаларға жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен шектеулерін түсіндіруіміз қажет.»

Сабыржан осылайша жас буынға ЖИ-ді дұрыс пайдалану керектігін және оны дұрыс қолданғанда пайдалы болатынын атап өтті.

Әрі қарай, біз жасанды интеллектінің жастарға әсері туралы сұрақты ChatGPT-ге қойдық. Оның берген жауаптары біз үшін өте қызықты болды. Алайда, бәрі де оңай емес. ЖИ қолданудың да теріс жақтары бар, және бұл мәселелерді ChatGPТ- дің өзі де айтты.

Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?
Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?
Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?
Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?

Мәселелердің бірі — жастардың әлеуметтік дағдыларының төмендеуі мен сыни ойлау қабілетінің дамуына кері әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Цюрих бизнес мектебінің ғалымдары да пікір білдірді. Олар жасанды интеллект технологияларына тәуелділіктің ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау қабілетін нашарлататынын анықтаған. Бұл процесс когнитивтік жүктемелердің төмендеуімен байланысты екендігі туралы Phys.org ақпарат көзінде айтылған.

Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?

Біз өз порталымызда осы мәселе туралы бірнеше рет жазған болатынбыз: жасанды интеллект мен адам арасындағы ынтымақтастыққа өте объективті әрі сын көзбен қарау керек. Өйткені, ЖИ берген жауаптарға толық сенуге болмайды.

Мысалы, бұл туралы https://mobilaser.kz/uchenye-preduprezhdajut-chto-ii-uzhe-stal-masterom-lzhi-i-obmana-i-eto-ne-pervoaprelskaya-shutka/technologies/programs-and-applications/ мақаламызда айтылған.

Қазақ жастары жасанды интеллектіні қалай пайдаланады?

Сондықтан, жастардың көптеген тапсырмаларды жасанды интеллект көмегімен шешуге әдеттенуі олардың болашақта маңызды шешімдер қабылдауда қиындықтарға ұшырауына әкелуі мүмкін. Бұл тек жастар үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін де қауіпті болуы мүмкін.

Қорытындылай келе, білім беру мен бизнестегі жасанды интеллектіні қолданудан көп пайда алу үшін нейрондық желілерді пайдалануда және адамдарды қатыстыратын процестерде теңгерім сақтап, осы бірлескен әрекеттердің нәтижелеріне объективті көзқараспен қарау өте маңызды. Бұл бізге мүмкіндіктерден толыққанды пайда алуымызға мүмкіндік береді.