Home Сараптама Қазақстанның ІТ-нарығы ең қарқынды дамып келе жатқан экожүйелердің ондығына енді

Қазақстанның ІТ-нарығы ең қарқынды дамып келе жатқан экожүйелердің ондығына енді

10

Қазақстан ресми түрде Rising Stars санатындағы үздік он елдің қатарына кірді. Бұл көрсеткіш еліміздің инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын және өңірдегі технологиялық хаб ретіндегі орнының нығайғанын айғақтайды. Алдыңғы қатарлы ондыққа ену ІТ-кәсіпкерлікті жүйелі түрде дамытуға бағытталған ұзақмерзімді саясат пен кешенді жұмыстың нәтижесі болды.

Қазіргі таңда елімізде технологиялық компанияларды даму кезеңдерінің барлығында қолдауға арналған тұтас экожүйе қалыптасқан. Бұл ретте жасанды интеллект бағытындағы жобалар мен келешегі зор инновациялық әзірлемелерге ерекше назар аударылуда. Акселерация және инкубация бағдарламалары қазақстандық стартаптардың ауқымын кеңейтіп, жаңа серіктестер табуына және халықаралық нарықтарға шығуына мүмкіндік беріп отыр.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атап өткендей, отандық технологиялық экожүйенің осындай жоғары деңгейде мойындалуы Қазақстанның технологиялық секторының жаһандық нарықтағы толыққанды ойыншыға айналып келе жатқанын көрсетеді. Оның айтуынша, еліміз тек сандық өсімді қамтамасыз етіп қана қоймай, технологиялық жобалардың кең ауқымда дамуына қолайлы сапалы орта қалыптастыруда. Бұл өз кезегінде Қазақстан нарығын ірі халықаралық инвесторлар үшін түсінікті әрі тартымды етеді.

Мұндай нәтижелерге қол жеткізу және халықаралық деңгейде танылу Қазақстанның ІТ-нарығының жаһандық инвестициялық қауымдастықпен ықпалдасуға дайын екенін дәлелдейді. Аталған баға Dealroom.co аналитикалық платформасы жариялаған The Global Tech Ecosystem Index 2026 рейтингінде берілген. Кәсіби ортада бұл платформаның деректері Crunchbase және PitchBook сияқты беделді дереккөздермен қатар салалық стандарттардың бірі ретінде қабылданады.

Айта кету керек, Dealroom индексі әлемнің 77 еліндегі 325 қаланы қамтиды және венчурлік капитал көлемі, компаниялардың нарықтық құны, патенттер саны секілді математикалық көрсеткіштер негізінде есептеледі. Осылайша бағалау үдерісінде субъективті пікірлерге орын берілмейді. Ал Rising Stars санатында арнайы әдіснама қолданылады: инновациялық өсім жергілікті жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім мен өмір сүру құны ескеріле отырып бағаланады. Бұл дамушы нарықтардың серпінін барынша объективті түрде анықтауға мүмкіндік береді.

Бүгінде Dealroom платформасының API жүйесі мен аналитикалық бақылау панельдеріне әлемнің жүзден астам еліндегі цифрландыру министрліктері мен мемлекеттік ұйымдар сенім артады. Сонымен қатар оның деректерін жетекші венчурлік қорлар мен ірі технологиялық корпорациялар кеңінен пайдаланады.