2024 жылы Қазақстанда мобильді байланыс пен интернет сапасында айтарлықтай ілгерілеу байқалды. Елдің ірі қалалары — Алматы, Астана және Шымкентте интернет жылдамдығы айтарлықтай өсті. Бұған қоса, байланыс операторлары 5G технологияларын белсенді түрде дамытып жатыр, деп хабарлайды digitalbusiness.kz ookla.com деректеріне сілтеме жасап.
Speedtest Intelligence деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың бірінші жартысында Алматы интернет жылдамдығы бойынша үздік нәтиже көрсетті. Мұнда жүктеу жылдамдығы орта есеппен 71,67 Мбит/с болды. Бұл көрсеткіш Шымкен (56,25 Мбит/с) және Астана қалаларымен (52,31 Мбит/с) салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Сондай-ақ, Алматыда ең жылдам жауап беру уақыты тіркелді — 33 мс.
Мобильді операторлардың өнімділігі әр қалада әртүрлі нәтиже көрсетті. 5G желісін дамыту қарқынына байланысты Kcell және Tele2 көшбасшы болып тұр. Ал Beeline көрсеткіштері ірі қалаларда айтарлықтай төмен.
Шымкент қаласы: Kcell 133,57 Мбит/с жылдамдықпен көш бастады. Tele2 бұл қалада 83,94 Мбит/с көрсетсе, Beeline небәрі 25,62 Мбит/с жылдамдықпен шектелді.
Алматы қаласы: Kcell мен Tele2 байланыс жылдамдықтары бір деңгейде: 104,38 Мбит/с және 102,99 Мбит/с. Beeline көрсеткіші 38,26 Мбит/с болып, үшінші орынға ие болды.
Астана қаласы: Елордада Tele2 78,55 Мбит/с жылдамдықпен көш бастады. Kcell 64,69 Мбит/с жылдамдықпен екінші орында, ал Beeline 26,57 Мбит/с көрсеткішпен төменгі сатыда қалды.
Kcell мен Tele2 Қазақстанда 5G технологиясын енгізу бойынша жетекші операторлар қатарында. 2022 жылы олар 5G желісін дамыту үшін қажетті жиілік спектрлерін алған болатын. 2024 жылдың алғашқы жартысында Kcell 5G желісінде ең жоғары жылдамдықты — 347,80 Мбит/с көрсетті. Ал Tele2 323,26 Мбит/с нәтижемен артта қалды. Сонымен қатар, 4G желісінде Tele2 бұрынғыша үздік нәтиже көрсетті — 38,44 Мбит/с.
Айталық, Tele2 барлық технологиялар бойынша, соның ішінде 4G желісінде ең жоғары нәтижелер көрсетті, ал Kcell 5G жүктеу жылдамдығында көш бастап тұр.
Сергей Никитин