Home Кәсіби маман Қазақстандық кәсіпкерлер 135-Кантон жәрмеңкесіне қатысады

Қазақстандық кәсіпкерлер 135-Кантон жәрмеңкесіне қатысады

35

2023 жылдың қарашасында Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енгені белгілі. Бұл бастама екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынасты жандандырып, қазақстандық кәсіпкерлердің Қытайда өтетін халықаралық көрмелерге деген қызығушылығын арттыра түсті. Соның ішінде биылғы жылдың ең маңызды сауда-экономикалық оқиғасы – 135-Кантон жәрмеңкесі.

Canton Fair – 1957 жылдан бері Гуанчжоу қаласында ұйымдастырылып келе жатқан Қытайдың ең ірі және ең көне халықаралық көрмесі. Ауқымы мен аясын, қатысушы елдер мен келушілердің санын ескерсек, бұл – Қытай Халық Республикасындағы ең ауқымды шаралардың бірі.

Биылғы көрме ауқымы 1,55 миллион шаршы метрді қамтып отыр. 55 түрлі салаға бөлінген павильондарда әлемнің 100-ден астам елінен келген 30 мыңнан аса компания өз өнімдері мен жаңалықтарын ұсынады. Мұнда өндірістік құрал-жабдықтар мен шикізаттан бастап, заманауи техника, смартфондар мен байланыс құрылғыларына дейінгі сан алуан тауар бар. Яғни, бизнеске жан бітіріп, жаңа тыныс беретін мүмкіндік осы жерден табылады.

Қазақстандық кәсіпкерлер 135-Кантон жәрмеңкесіне қатысады

Іс-шараны Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі мен Гуандун провинциясының халық үкіметіне қарасты Қытайдың Сыртқы сауда орталығы бірлесіп ұйымдастыруда.

2024 жылдың 31 қаңтарында Алматыда Кантон жәрмеңкесіне арналған арнайы семинар-презентация өтті. Шараны Алматыдағы Сауда және инвестиция палатасы Қытайдың Сыртқы сауда орталығымен бірлесе отырып, Қытайдың Алматыдағы Бас консулдығының қолдауымен өткізді. Семинар барысында жаһандық әріптестік бағдарламасы аясында Сауда-инвестиция палатасы мен Қытай Сыртқы сауда орталығы арасында ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылды.

Қазақстандық кәсіпкерлер 135-Кантон жәрмеңкесіне қатысады

2024 жылдың көктемінде Алматы Сауда және инвестиция палатасы қазақстандық кәсіпкерлерден құралған ресми делегацияны 135-Кантон жәрмеңкесіне бастап апарады.

Көрменің салтанатты ашылуы 15 сәуірге жоспарланған. Экспозиция үш кезеңге бөлінеді.

Бірінші кезең 15–19 сәуір аралығында өтеді.

Бұл кезеңнің негізгі тақырыбы – инновациялық өндіріс. Көрме аясында келесідей өнімдер таныстырылады: мобильді және тұрмыстық электроника, ақпараттық технологиялар өнімдері, ақылды өндіріс жүйелері, жарықтандыру жабдықтары, баламалы энергия көздері, жаңа материалдар мен химиялық өнімдер, түрлі құрылғылар мен құралдар, өндірістік және электр құрылғылары, электр жабдықтары, автомобильдер мен қосалқы бөлшектер, құрылыс және ауыл шаруашылығы техникасы, баламалы қуат көздеріндегі көліктер, мотоциклдер, велосипедтер және тағы басқа тауарлар.

Екінші кезең 23–27 сәуір аралығында өтеді.

Бұл кезеңнің басты тақырыбы – үйге арналған сапалы тауарлар.

Көрмеде сағаттар мен оптикалық құрылғылар, құрылыс және әрлеу материалдары, сантехника мен ақылды жуынатын бөлме жабдықтары, жиһаз бен ыдыс-аяқ, керамика, тұрмыстық бұйымдар, әйнек өнімдері мен бақшаға арналған тауарлар ұсынылады.

Үшінші кезең 1–5 мамыр аралығында өтеді.

Қорытынды кезеңнің тақырыбы – ыңғайлы өмір салты.

Келушілерге дәрі-дәрмектер, заманауи медициналық құрал-жабдықтар, кеңсе тауарлары, спорт пен туризмге арналған тауарлар, мата мен шикізат, спорттық және күнделікті киімдер, аяқ киімдер, ойыншықтар, үй жануарларына арналған өнімдер, сөмкелер мен чемодандар, азық-түлік өнімдері және тағы басқа заттар ұсынылады.

Кантон жәрмеңкесіне кіру арнайы рұқсатпен жүзеге асырылады.

Шетелдік келушілерге көрме кешеніне кіру және барлық сессияларға қатысу құқығын беретін, фотосуреті бар жеке бейдж (Overseas Buyer Card) алу қажет.

Бейдж алу үшін міндетті түрде алдын ала тіркеуден өту керек. Бұл істі жәрмеңке ашылатын күнге қалдыру ұсынылмайды, себебі алғашқы күндері келушілер саны көп болып, ұзын-сонар кезек болуы мүмкін. Сондықтан бейджді мүмкіндігінше ертерек рәсімдеген дұрыс.

Алдын ала тіркеуден өтіп, бейджге QR-код арқылы өтініш беруге болады.

Қазақстандық кәсіпкерлер 135-Кантон жәрмеңкесіне қатысады
Шетелдік сатып алушыларға алдын ала тіркелу үшін QR-код ұсынылады.

Кантон жәрмеңкесіне қатысушылар уақытын үнемдеп, кезек күтпей бейдж алу үшін алдын ала тіркеліп қоюына мүмкіндік бар. Қонақтар қатысушы куәлігін көрме кешеніне жетпей-ақ алып үлгере алады. Мәселен, бейджді Гуанчжоу Байюнь әуежайынан немесе арнайы белгіленген қонақ үйлерден алуға болады. Мұндай орындардың толық тізімі көрменің ресми сайтында жарияланған.

Ал көрмеге бара алмағандар үшін Кантон жәрмеңкесінің онлайн нұсқасы қолжетімді: www.cantonfair.org.cn

Толық ақпарат пен тіркелу тәртібі туралы мына сілтеме арқылы танысуға болады:
https://cief.cantonfair.org.cn/cn/international/index.aspx