Қазақстан экономиканың негізгі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы цифрлық трансформация үдерісін жеделдетіп келеді. Елде AI-First қағидатына негізделген жаңа архитектураға кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылуда.
Бұл тәсіл жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесі мен бизнеспен өзара іс-қимылдың негізгі тетігі ретінде қарастырады. Қазіргі уақытта цифрлық трансформацияға арналған 20 жол картасы бекітілді. Олар өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау және білім беру салаларын қоса алғанда, жалпы саны 72 бағытты қамтиды. Бұл бастамалар әкімшілік рәсімдерді едәуір жеңілдетуге және кәсіпкерлердің шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде қоғам игілігі үшін 50-ден астам жасанды интеллект агенті әзірленіп, кезең-кезеңімен қолданысқа енгізілуде. Денсаулық сақтау саласында инсультті ерте анықтауға арналған Cerebra AI жүйесі енгізілген өңірлерде өлім-жітім көрсеткішін 40 пайызға төмендетуге ықпал етті. Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі цифрлық терапевт ондаған медициналық мекемеде дәрігерлердің жұмысына тиімді қолдау көрсетіп келеді.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытына да ерекше назар аударылған. Бизнесті іске қосуға арналған жасанды интеллект көмекшісі нарықтағы бәсекелестік ортаны талдап, кәсіптің бастапқы кезеңіндегі операциялық шығындарды екі есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін салық саласына арналған жасанды интеллект көмекшісі пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингімен бірлесіп қаржыландыруға өтінімдерді сүйемелдеуге арналған арнайы цифрлық көмекші әзірленген.
Алдағы кезеңде ақпараттық қауіпсіздік бағытындағы технологияларды кеңінен енгізу жоспарланып отыр. Соның ішінде абонент телефон тұтқасын көтермей тұрып-ақ алаяқтардың қоңырауларын анықтап, бұғаттайтын антифрод жүйелерін енгізу көзделген.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерді оқыту үдерісіне Vibe Coding тәсілі енгізілуде. Бұл әдіс қызметкерлерге күнделікті қайталанатын жұмыстарды автоматтандыру үшін жасанды интеллект агенттерін өздігінен әзірлеуге мүмкіндік береді.
Аталған экожүйені іске асыру мемлекеттің ұлттық даму стратегиясының басым бағыттарының бірі саналады. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсетудің проактивті моделіне көшу. Осылайша цифрлық шешімдер экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ететін және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың сапасын жаңа деңгейге көтеретін сенімді құралға айналмақ.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












