Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда телефондарды елге әкелу мен пайдалануға бақылау күшейтілуі мүмкін

Қазақстанда телефондарды елге әкелу мен пайдалануға бақылау күшейтілуі мүмкін

7

Қазақстанда ұялы байланыс құрылғыларына, яғни телефондарға қойылатын талаптарды күшейту жоспарланып отыр, деп хабарлайды LS.

Қолданыстағы тіркеу тәртібінің орнына телефондарды тексеру, тіркеу және қайта тіркеуді қамтитын кешенді жүйе енгізу ұсынылды. Тиісті бұйрық жобасын Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әзірлеген.

Құжатқа сәйкес, мобильді құрылғыларды верификациялау жүйесі енгізіледі. Оның көмегімен телефонның заңды жолмен алынғаны және Қазақстанның байланыс желілерінде пайдаланылуына негіз бар екені анықталады. Сонымен қатар идентификациялық кодтары өзгертілген, қайталанған немесе ұрланған құрылғылардың айналымын шектеу көзделіп отыр.

Ол үшін құрылғылардың идентификациялық кодтары енгізілетін дерекқорда ақ, сұр және қара тізімдер құрылады. Әр тізімге енгізілген құрылғыларға қатысты жеке құқықтық талаптар белгіленеді. Бұдан бөлек, телефондар туралы ақпарат GSMA дерекқоры және мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы тексеріледі.

Жаңа тәртіп құрылғының бүкіл қолданыс кезеңін бақылауды да көздейді. Яғни оның өндірілген немесе Қазақстанға әкелінген сәтінен бастап тіркелуі, иесінің ауысуы, жөнделуі, пайдаланудан шығарылуы немесе бұғатталуына дейінгі кезеңдер есепке алынбақ.

Өтініш берушілер мен байланыс қызметтерін алғаш пайдаланушылардың жеке басын қосымша тексеру биометриялық сәйкестендіру арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар мемлекеттік дерекқорлармен автоматтандырылған ақпарат алмасу жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ сот актілері немесе уәкілетті мемлекеттік органдардың процестік шешімдері негізінде жекелеген телефондардың байланыс желілерінде қолданылуын шектеу ұсынылады. GSMA-ның қара тізіміне енгізілген, сондай-ақ клонданғаны анықталған құрылғыларды пайдалануға жол берілмейді.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен тергеу изоляторларында қолданылатын құрылғылардың байланыс қызметін уақытша тоқтатуға қатысты да жеке тәртіп белгілеу ұсынылып отыр.

Осылайша мемлекет телефонды жай ғана тіркеу тәртібінен бас тартып, құрылғыны пайдалануға дейін тексеріп, кейін оның бүкіл қолданыс кезеңінде бақылауда ұстайтын жүйеге көшуді жоспарлап отыр.

Жаңа талаптар мобильді құрылғылар айналымының ашықтығын арттырып, заңды иелерінің құқықтарын қорғауға және сәйкестендіру коды өзгертілген, клонданған, ұрланған немесе елге заңсыз әкелінген телефондарды пайдалану қаупін азайтуға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Бұған дейін мобильді телефондарды верификациялау қызметін мемлекеттік монополистке беру жоспарланып отырғаны хабарланған.

Айнаш Өндіріс

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.