Home Сараптама Қазақстанда телекоммуникация саласындағы заң бұзушылықтар мен айыппұл көлемі артып келеді

Қазақстанда телекоммуникация саласындағы заң бұзушылықтар мен айыппұл көлемі артып келеді

12

Қазақстанда сапа стандарттары мен техникалық талаптарға сай келмейтін байланыс қызметтерін ұсынуға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар жиілеген.

Байланыс қызметтерінің белгіленген стандарттар мен талаптарға сай болуын қамтамасыз ету міндеті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 637-бабының 14 және 15-бөліктерінде бекітілген. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, биыл қаңтар–шілде айларында елде осы сипаттағы 98 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 63 жағдайдан 1,6 есе көп. Тіркелген заң бұзушылықтардың басым бөлігі қайталанған жағдайларға тиесілі. Негізгі талап-арыздар ірі компанияларға қатысты қойылған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Байланыс саласындағы заңнаманы бұзу» деп аталатын 637-бабының 14 және 15-бөліктері 2022 жылғы шілдеде енгізілді. Осы нормалар қолданысқа енгеннен кейінгі алғашқы толық жылда уәкілетті органдар аталған бапқа жататын 497 әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеген. Көрсеткіштің жоғары болуын нарық қатысушыларының жаңа заң талаптарына бейімделуімен және техникалық жаңғырту үдерісінің баяу жүруімен түсіндіруге болады. Ал 2024 және 2025 жылдары осы бап бойынша тіркелген әкімшілік құқық бұзушылықтар саны біртіндеп азайған.

Қазақстанда телекоммуникация саласындағы заң бұзушылықтар мен айыппұл көлемі артып келеді

Осы өзгерістермен қатар байланыс операторларына салынатын айыппұл көлемі де құбылып отырған. Құқық бұзушылықтар ең көп тіркелген жылы айыппұлдың жалпы сомасы да рекордтық көрсеткішке жетіп, шамамен 1,5 млрд теңгені құрады. Кейінгі екі жылда бұл сома төмендеген. Алайда 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында мұндай айыппұлдардың жалпы көлемі 314,6 млн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 64,1 пайызға жоғары. Айыппұл көлемінің өсуіне құқық бұзушылықтар санының артуымен қатар, өндіріп алу мөлшері есептелетін айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) ұлғаюы да әсер еткен.

Дереккөз: Ranking.kz

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.