Бүгінде Қазақстанның сақтандыру нарығында толыққанды цифрлық инфрақұрылым қалыптасты. Бірыңғай сақтандыру дерекқоры құрылып, сақтандыру саласына қатысты сенімді статистикалық мәліметтерді жинақтайтын орталықтандырылған ақпарат көзіне айналды. Міндетті сақтандыру түрлері бойынша қызмет көрсету үдерісі шарт жасасудан бастап сақтандыру төлемін алуға дейін толық цифрландырылды.
2024 жылдан бері «Еуропротокол» цифрлық сервисі жұмыс істеп келеді. Ол жол-көлік оқиғасы жеңіл болған жағдайда жол полициясын шақырмай және сотқа жүгінбей, сақтандыру төлемін оңайлатылған тәртіппен алуға мүмкіндік береді. Бұл сақтандыру жағдайларын реттеуге кететін уақытты қысқартып, тұтынушылардың әкімшілік шығындарын азайтты. Алайда ерікті сақтандыру саласында полистерді онлайн рәсімдеу және сақтандыру жағдайларын цифрлық жолмен реттеу әзірге кең қолданысқа ие болған жоқ.
Цифрландырудың келесі кезеңінде сақтандыруды сатып алудан бастап төлемді алуға дейінгі барлық үдерісті біртұтас цифрлық жүйеге біріктіру көзделіп отыр. Бұл бастамалар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарық қатысушылары мен сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірлеген «2030 жылға дейінгі сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасы» жобасында қамтылған.
Электрондық құжаттарға қойылатын бірыңғай талаптар белгіленеді. Сақтандыру шартын электрондық форматта рәсімдеу сақтандырудың жаппай таралған түрлері үшін негізгі тәсілге айналмақ. Бұл тұтынушыға сақтандыру ұйымының кеңсесіне бармай-ақ, көптеген мәселені онлайн шешуге мүмкіндік береді. Қағаз құжаттарды жинаудың да қажеті азаяды. Полисті сатып алу, сақтандыру жағдайы туралы хабарлау, қажетті құжаттарды ұсыну және төлемді алу үдерісі жеңілдеп, жеделдей түседі.
Сонымен қатар Бірыңғай сақтандыру дерекқорының қызметі кеңейтіледі. Ол енді тек ақпарат сақтайтын база ретінде емес, сақтандыру саласындағы мәліметтерді қауіпсіз алмасуға мүмкіндік беретін бірыңғай инфрақұрылым ретінде жұмыс істейді. Дерекқор міндетті сақтандыру шарттарының барлығына бірегей нөмір береді. Бұл сақтандыру жағдайларын реттеу үдерісінің ашықтығын арттырады. Ортақ стандарттар мен API тетіктерін пайдалану деректердің сапасын жақсартып, нарық қатысушылары арасындағы ақпарат алмасуды жеңілдетеді. Осы негізде күмәнді сақтандыру жағдайлары мен әдеттен тыс әрекеттерді автоматты түрде анықтайтын құралдарды енгізу жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта клиенттің келісімімен сақтандыру ұйымдары, банктер, делдалдар мен цифрлық платформалар өзара әрекеттесе алатын ашық цифрлық сақтандыру экожүйесін құру көзделеді. Сақтандыру маркетплейстері мен цифрлық платформалардың жұмысына ортақ талаптар енгізіледі. Олардың көмегімен тұтынушы сақтандыру шарттары мен бағаларын салыстырып, өз қажеттілігіне барынша сәйкес келетін ұсынысты таңдай алады.
Цифрлық өзгерістер сақтандыру өнімдерін сатып алуды жеңілдетуге бағытталған. Тұтынушылар полисті таңдаудан және рәсімдеуден бастап сақтандыру жағдайын реттеуге әрі төлем алуға дейінгі қызметтердің барлығын біртұтас әрі түсінікті цифрлық үдеріс арқылы ала алады. Бұл қызмет көрсету уақытын және шығындарды қысқартуға, үдерістің ашықтығын арттыруға және жаңа цифрлық сақтандыру өнімдерін енгізуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар басқармасы- press@finreg.kz
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












