Мәжіліс депутаттары жасанды интеллектті (ЖИ) құқықтық реттеуге бағытталған заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. Құжат түпкілікті қабылданса, елімізде алғаш рет жасанды интеллектті қолданудың қандай жолдарына рұқсат етілетіні және қандай жағдайларға тыйым салынатыны нақты айқындалмақ.
Заң жобасында көзделген маңызды тыйымдардың бірі — дипфейктерді (бөгде адамдардың бейнесі мен дауысын қолдана отырып жасалған жалған фото, видео немесе аудио) жасау және тарату. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, бұл жағдайда тек контентті жасаушылар ғана емес, оны әзірлеуге мүмкіндік берген сервистердің иелері де жауапқа тартылуы мүмкін. Мұндай құқықбұзушылық үшін салынатын айыппұл көлемі – 15-тен 100 АЕК-ке дейін (2025 жылы шамамен 58 мыңнан 393 мың теңгеге дейін).
Сонымен қатар, заң жобасында жасанды интеллектті мына мақсаттарда пайдалануға тыйым салу ұсынылған:
- адамның мінез-құлқына оның нақты келісімінсіз ықпал ету;
- жасы, мүгедектігі немесе әлеуметтік жағдайы бойынша әлсіз тұстарын пайдалану;
- адамның әлеуметтік бейнесін бағалау (әлеуметтік скоринг) — заңмен нақты бекітілген жағдайлардан тыс;
- азаматтардың эмоциясын олардың келісімінсіз талдау;
- қоғамдық орындарда адамның түрін нақты уақытта тану — арнайы рұқсат етілген жағдайларды қоспағанда.
Бұдан бөлек, егер жасанды интеллект адамға зиян келтірсе, жауапкершілік сол жүйенің иесіне немесе оны іске қосқан операторға жүктелмек. Мұндай жауапкершілікті сақтандыру әзірге ерікті түрде қарастырылады, алайда депутаттардың пікірінше, бұл болашақта азаматтардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқаруы мүмкін.