Алматы облысында прокуратура Krisha.kz, Kolesa.kz және OLX.kz сияқты ірі онлайн платформалармен бірлесіп, интернет алаяқтыққа байланысты 5 мыңнан астам парақша анықтады. Тағы 7 мыңға жуық парақша тексерілуде.
Алаяқтар көбіне тәуліктік пәтер жалдау, жылжымайтын мүлік пен көлікті тым арзан бағада сату сынды тәсілдерді қолданған. Сондай-ақ, олар шетелден автокөлік бөлшектерін жеткізуді ұсынған, алайда жарнамаларға бөгде адамдардың суреттерін тіркеп, “Алдын ала тапсырыс жасау үшін” төлем талап еткен.
Прокуратураның мәліметінше, маркетплейстермен үздіксіз ақпарат алмасу интернеттегі құқықбұзушылықтарға жедел әрекет ететін тиімді жүйе құруға жол ашты. Қазір бұл бағытта телекоммуникация және қаржы технологиясы саласындағы компаниялармен де әріптестік орнатылып жатыр.
Мемлекеттік органдар тұрғындарға онлайн сауда жасау кезінде хабарландырудың шынайылығына көз жеткізуді және алдын ала төлем жасауға асықпауды ескертеді, әсіресе ұсыныс тым тиімді болып көрінсе, сақ болған жөн.