Алматы – еліміздегі сейсмикалық тұрғыдан ең белсенді өңірлердің бірі. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа технологиялардың көмегі ауадай қажет. Сондықтан бүгінгі материалымызда жер сілкінісі сынды төтенше жағдайлар жайлы алдын ала ескерту жасап, қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік беретін мобильді қосымшалар жайлы сөз қозғаймыз.
Мысалы, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті, Алматы даму орталығы және отандық I2NIK компаниясы бірлесіп әзірлеген арнаулы қосымша бар. Бұл қызмет өңірде орын алуы мүмкін түрлі қауіптер туралы хабарлап отырады. Сонымен қатар, автожолдардың жабылуы, мектептердегі сабақтардың тоқтатылуы, су мен электр энергиясының уақытша өшірілуі сынды ескертулерді де жіберіп тұрады.
Earthquake
Жер бетіндегі барлық зілзала туралы мәліметтерді нақты карта арқылы көрсетіп, үнемі жаңарып отыратын қызмет. Қолданушылар жер сілкінісінің уақыты, орны, тереңдігі мен магнитудасы жөнінде толық ақпарат ала алады. Бұған қоса, бұған дейін болған су тасқындары жайлы да деректер ұсынылады. 2 490 теңге төлеген жағдайда жарнамасыз, жекелендірілген ескертулер мен жер сілкінісі туралы толық ақпаратты қамтитын кеңейтілген нұсқаны пайдалануға болады. Қазір бұл мүмкіндік тек iOS құрылғыларында қолжетімді.
Earthquake+ Alerts, Map & Info
Алдыңғы қосымшаға ұқсас бұл сервисте де әлем бойынша тіркелген жер сілкіністері жөнінде жедел ақпарат беріледі. Пайдаланушы өзіне қажет ескертулерді ыңғайлап, су тасқыны мен жанартау атқылауына қатысты деректерді де көре алады. Қосымшаны алғаш рет жүктегендерге 14 күн бойы қызметті тегін пайдалану мүмкіндігі беріледі, одан кейін ай сайынғы жазылым бағасы – 1 290 теңге. Бағдарлама App Store мен Google Play дүкендерінде қолжетімді. Алайда Android 12 нұсқасы орнатылған құрылғыларда қосымшаны жүктеу кезінде, оның ескі жүйелерге бейімделгені туралы ескерту пайда болып, орнату мүмкін болмай қалады.
My Earthquake Alerts & Feed
Бұл қосымша алдыңғы екеуімен мазмұндас қызметтер ұсынады: нақты уақыттағы жер сілкіністері картасы, дүмпу тереңдігі, магнитудасы және сіздің орналасқан жеріңізге дейінгі арақашықтық туралы толық ақпарат беріледі. Ең басты ерекшелігі — қосымша барлық операциялық жүйелерге бейімделген. Артықшылықтарының бірі — жаңа жер сілкіністері туралы ескертулерді тегін қосуға болады. Сонымен қатар, 1970 жылдан бастап тіркелген зілзалалар тарихын да шолуға мүмкіндік бар. Алайда кейбір пайдаланушылар үшін қосымшаның төменгі бөлігінде көрінетін жарнамалық баннерлер қолайсыздық туғызуы мүмкін.

LastQuake
Бұл қосымшаны Еуропа–Жерорта теңізі сейсмология орталығы (EMSC) әзірлеген. Қызмет нақты уақыт режимінде жер сілкіністері жайлы ақпарат беріп қана қоймай, қолданушыларға өз тәжірибелерін бөлісуге мүмкіндік береді. Қосымша толығымен тегін. Android және iOS құрылғыларына жүктеп алуға болады.
MyShake
Бұл – Канаданың Беркли университетінде жасалған жер сілкінісін анықтайтын арнаулы қосымша. MyShake қызметінің негізінде АҚШ Геология қызметі әзірлеген ShakeAlert жүйесі жатыр. Жер сілкінісінен бірнеше секунд бұрын қатты дыбыстық белгі беріледі. Бұл белгі сізге “жерге жатыңыз, басыңызды жабыңыз, қозғалыссыз күтіңіз” деген ескерту жасайды. Қызығы – бағдарлама телефон үнсіз режимде болса да хабарлама жібереді. Қосымша Android пен iPhone құрылғыларында қолжетімді, алайда тек ағылшын тілінде ұсынылған.
Елизавета Филоненко, Digital Business
Жер сілкінісінен қорғану: екі оқушы қыз қаланы қалай сақтап қалмақ
Мария Утарбаева мен Дариға Нұрқаш – химия-биология бағытындағы НЗМ мектебінің оқушылары. Олар 2024 жылдың басында «Tecto» деп аталатын қосымшаны іске қосты. Жобаның ұраны: «Күшті жер сілкіністері тосыннан болатын апат емес, алдын ала ескертуге болатын құбылысқа айналуы керек».
«Digital Business» басылымы жас кәсіпкер қыздармен сұхбат құрып, «Tecto» жобасының қалай жұмыс істейтінін және оның жер сілкінісін алдын ала болжауға қабілетті ме екенін анықтады. Сондай-ақ жасанды интеллект пен ғарыштық SpaceLab стартабымен серіктестік бұл бастаманың әлеуетін қалай арттырып жатқанын талдады.

Басылым қосымшаның жазылым құны, болашақта кеңейту мүмкіндіктері, әзірлеуге жұмсалған қаражат және бүгінде қанша алматылық қолданушы бұл қызметті пайдаланып жүргені жайлы да нақты мәліметтер алды.
«Қаңтардағы жер сілкінісі кезінде көп адам ескерту алған жоқ»
— Стартап идеясы 2023 жылдың ақпанында Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен кейін пайда болды. Сол кезде біз технологиялар төтенше жағдайларда адамдарға көмектесу керек деп ойладық. Бірақ нақты іске тек биыл қаңтарда Алматы қаласында жер сілкінісі болған соң кірістік. Сол оқиға кезінде көп адам ескерту алған жоқ, не істеу керектігін білмеді. Содан кейін сейсмикалық белсенділік жайлы алдын ала – 10 секундтан 3 минутқа дейін бұрын хабар беретін қосымша құруды ұйғардық. Оған Tecto деген атау бердік.
Осы идеямен ақпанда NURIS ұйымдастырған студенттерге арналған «ABC Weekend » байқауына қатысып, үшінші орын алдық. Сөйтіп инкубациялық бағдарламаға жолдама алдық. Кейін тағы басқа байқаулар мен бағдарламалар болды. Қосымша жайлы естіген адамдар бізден «Қайда ақша аударамыз?» деп сұрап, мүмкіндігінше тезірек қолданғылары келді.
Нарықта жер сілкінісі жайлы ескерту жасайтын қосымшалар бар – мысалы, Earthquake+, My Earthquake Alerts, EarthQuake Alert. Бірақ біздің артықшылығымыз – ерте хабарлауда. Бұл мүмкіндік біз Төтенше жағдай министрлігіне қарасты Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу орталығымен тікелей жұмыс істейтініміздің арқасында мүмкін болды. Алдымен хат жаздық, кейін кездестік. Идеямызды айтып, қолдау таптық. Қазақстан мен Еуразия аумағындағы сейсмикалық станциялардан деректер алуға келісім жасадық.
Сейсмикплық станциялар жер сілкінісінің толқындарын тіркеп, магнитудасын арнаулы формулалармен есептейді де, деректі бізге бірден жібереді. Егер сейсмикалық белсенділіктің эпицентрі қаладан 200 шақырым қашықтықта болса, біз қолданушыға дүмпулер сезілерден 40 секунд бұрын хабарлама жібереміз. Уақыт тым аз көрінуі мүмкін, алайда біз оны жасанды интеллект көмегімен ұлғайтуды көздеп отырмыз.
Жер сілкіністерінің тарихи деректері мен сейсмикалық станциялардан алынған мәліметтерге сүйене отырып үйретілген нейрожелі жерасты дүмпулерін бірнеше минуттан бірнеше сағатқа дейін бұрын 70 пайыз дәлдікпен болжай алады. Бұл бағытта біз SpaceLab стартапымен әріптестік орнаттық. Олар спутниктер, заттар интернетіне арналған модемдер мен 3D-принтерлер әзірлейді. Стартап негізін қалаушы Арман Бекембаев нейрожеліге қажет архивтік деректермен бөлісті. Сондай-ақ Халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) арқылы жер сілкіністерін болжауға арналған жасанды интеллект бойынша жұмыс істейтін жапондық ғалымдармен білім мен технология алмасуға уағдаластық.

– Қосымша тек ескерту жіберіп қана қоймайды, басқа да мүмкіндіктерге ие.
Мысалы, жер сілкінісі кезінде қауіпсіздікті сақтау ережелері бойынша бейнематериалдар, интернетсіз де жұмыс істейтін (Bluetooth немесе Wi-Fi Direct арқылы) қолданушыларға арналған чат бар. Сонымен қатар, магнитудасы 5,5-тен асқанда дабыл жүйесі қосылады. Өйткені дәл осы межеден бастап жер сілкінісі ғимараттарға елеулі зақым келтіріп, адамдар үшін қауіпті бола бастайды.
Tecto-ның ең құнды тұстарының бірі – бұл отандық қосымша әрі қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Біз қазақстандық спутниктер мен сейсмикалық станциялардың деректерін пайдаланамыз, елдегі ахуалды жақсы білеміз. Сондықтан қосымшадағы оқу материалдары да қолданушыға түсінікті, өміріне жақын.
Қосымшаны негізінен өзіміз жасадық. Мектептегі біліміміз жеткілікті болды.
C++, C#, Python, HTML, SQL тілдерін оқыдық. Қазір Flutter фреймворкін қолданамыз. Кейде күрделі техникалық мәселелер туындағанда, тәжірибелі бағдарламашылардан көмек сұраймыз.
Қазір Tecto тесттік режимде 50 адамның құрылғысында жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін қосымша App Store мен Google Play платформаларына шығарылады деп жоспарлап отырмыз.
Жобаға тек өз уақытымыз бен қаражатымызды жұмсадық. Үлкен шығындар болмады. Хостингке төлем жасаған жоқпыз – тегін нұсқаларын пайдаландық. МЧС видеоматериалдарды тегін берді. Алдағы уақытта мемлекеттен инвестиция тартуды көздеп отырмыз – Qazinnovation грантына өтініш бермекпіз. Сондай-ақ, Қытай мен Жапониядағы технопарктерге шығу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Қаражатты нейрожеліні оқыту, қосымшаның серверлік бөлігін жетілдіру және киберқауіпсіздігін күшейтуге жұмсағымыз келеді.

Tecto-дан бөлек, бір алматылық мектепке дейінгі ұйыммен бірлесіп, қосымша ішінен оқыту бөлімін әзірлейміз. Балаларға арналған ойын түрінде табиғи апаттар, соның ішінде жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ету керектігі түсіндіріледі. Алдын ала келісім бойынша, бұл жұмысқа 2 миллион теңге бөлінеді.