Home Аналитика Қазақстандағы интернет: даму қарқыны мен басты мәселелер

Қазақстандағы интернет: даму қарқыны мен басты мәселелер

52

Бүгінде интернет – экономиканың, білімнің, бизнестің және күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Алайда Қазақстанда интернет сапасы мен қолжетімділігі әр өңірде әртүрлі. Кейбір аймақтарда жоғары жылдамдықты оптикалық интернет бар болса, басқа өңірлер әлі күнге дейін тұрақсыз байланысқа тәуелді. Елдегі цифрландыру қарқыны қандай? Қазақстан интернет сапасы бойынша несімен мақтана алады, ал қандай мәселелер шешімін таппай отыр? Digital Business осы және басқа да маңызды сұрақтарға жауап алу үшін Қазақстан байланыс операторлары қауымдастығының президенті Олег Емельяновпен сұхбаттасты.

-Қазақстандағы негізгі интернет провайдерлері кімдер?

-Ресми статистика болмаса да, Байланыс операторлары қауымдастығының бағалауы бойынша нарықтағы көшбасшы – «Қазақтелеком». Оның 1,7 миллион абоненті бар, ал бұл 57% нарықты құрайды. Одан кейін 640 мың абоненті бар Beeline (20%), 140 мың абонентпен Alma+ (5%) және 128 мың абоненті бар Транстелеком (4%) орналасқан. Бұдан бөлек, аймақтық провайдерлер де бар, олардың үлесі шамамен 12-13% немесе 400 мың абонентке тең.

-Аймақтық интернет провайдерлері қалай дамуда?

-Шағын интернет провайдерлері ірі компаниялармен бәсекелесуде қиындықтарға тап болуда. Себебі олар интернет пен мобильді байланысты біріктірген «комплекстік» тарифтерді ұсына алмайды. Ал ірі операторлар осы артықшылығының арқасында тұтынушыларды өзіне көбірек тартады.

Қазақстандағы интернет: даму қарқыны мен басты мәселелер

Дегенмен, аймақтық операторлар көбіне сапалы әрі қолжетімді интернетпен қамтамасыз етеді. Мысалы, Қостанайда жергілікті Uplink провайдері нарықтың 38,5%-ын қамтып, «Қазақтелеком» мен Beeline-ды басып озған. Ал Қарағандыда «Оптинет» компаниясы 100 Мбит/с жылдамдықтағы интернетті 3000 теңгеге ұсынып отыр, ал ірі операторлар мұндай бағамен бәсекеге түсе алмайды. Бұл шағын провайдерлердің икемді тарифтік саясаты мен шығындарының төмендігімен байланысты.

-Қазақстандағы интернет нарығы бәсекеге қабілетті ме?

-Ірі қалаларда интернет нарығы бәсекеге қабілетті деуге болады. Абоненттер бірнеше провайдердің қызметін таңдай алады. Мысалы, Қарағандыдағы кейбір тұрғын үйлерде 8-ге дейін интернет операторы жұмыс істейді.

Ал шағын қалалар мен ауылдық жерлерде жағдай басқаша. Мұнда көбінесе «Қазақтелеком» мен Beeline ғана қызмет көрсетеді. Сол себепті шағын провайдерлерді қолдау маңызды. Бәсеке жоғары болған сайын, интернет сапасы жақсарып, тарифтер де қолжетімді бола түседі.

Байланыс операторлары қауымдастығы жүргізген талдау нәтижелері көрсеткендей, бәсеке жоғары қалаларда орташа интернет жылдамдығы да жоғары. Олардың ішінде ірі операторлар жоқ. Алматыдағы Meganet – 100 Мбит/с-тан жоғары, Қостанайдағы Alma+ – 94,57 Мбит/с, Шымкентте FISH-NET – 92,96 Мбит/с жылдамдық көрсеткен. Қарағандыда – «Оптинет», Қостанайда – Uplink үздік провайдерлер қатарында.

-Көпшілік «Қазақтелеком» шағын провайдерлерге интернетті өзі таратады деп ойлайды. Бұл қаншалықты рас?

25 жыл бұрын «Қазақтелеком» расымен монополист еді. Себебі тек осы компанияға халықаралық интернет трафигін сатып алуға рұқсат берілді. Қазақстан интернетті тікелей өз бетінше өндірмейді. Ғаламдық желі магистральдық байланыс арналары арқылы таратылады, сондықтан интернетті сырттан сатып алуға тура келеді.Бүгінде Қазақстанда 11 ресми оператор бар, оның төртеуі белсенді жұмыс істейді: «Қазақтелеком», ТНС+, «Транстелеком» және Jusan Mobile. Бұл компаниялардың жеке магистральдық желілері бар, сондықтан аймақтық провайдерлер интернетті тікелей солардан сатып ала алады.

Дегенмен, магистральдық операторлардың саны күрт көбейе қоймайды. Себебі халықаралық магистральдан Қазақстанның ірі қалаларына дейін байланыс желісін тарту өте қымбат. Оның үстіне, елде халық тығыз орналаспаған, ал қашықтықтар алшақ, бұл инфрақұрылымды дамытуды одан әрі қиындатады.

-Қазақстандағы төрт негізгі оператор интернетті шетелден сатып ала ма?

-Интернет- Париж, Нью-Йорк секілді белгілі бір қалада орналасқан алып деректер орталығы емес. Ол – бүкіл әлемге таралған ғаламдық желілер жүйесі.Қазақстан интернетті емес, оған апаратын жолдарды сатып алады. Яғни, провайдер магистральдық операторлардан байланыс арналарының жалға алу құнын төлейді. Бұл арналардың өткізу қабілеті бар, ол секундына гигабиттермен өлшенеді. Егер жүктеме артса, өткізу қабілетін кеңейту қажет болады. Бұл судың қысымын арттыру үшін құбырды кеңейтумен бірдей.

Географиялық жағдайға байланысты Қазақстан интернетке негізінен Ресей арқылы қосылады. Негізгі магистральдық байланыс арналары сол жақтан өтеді, яғни біз бірінші кезекте ресейлік сегментке қосыламыз, содан кейін ғана еуропалық сегмент арқылы ғаламдық желіге шығамыз.Алайда Қазақстан бұл тәуелділіктен арылу үшін Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға тартылатын жаңа байланыс желісін салуды жоспарлап отыр. Бұл – қазіргі геосаяси жағдайда маңызды жоба. Ол Қазақстанға Ресейден тәуелсіз интернет көзіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

— Байланыс арналарын жалға алу ақысы интернет тарифінің құнына кіреді. Бұдан бөлек, тариф бағасына тағы қандай шығындар әсер етеді?

— Провайдерлер желілік жабдықтарға, бағдарламалық қамтамасыз етуге, абоненттік желілерге, роутерлерге және сапаны бақылау жүйелеріне инвестиция салады.

Сонымен қатар, тарифтің қалыптасуына қызметкерлердің жалақысы, салықтар мен инфрақұрылымды күтіп ұстау шығындары да ықпал етеді. Желі үздіксіз әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін білікті мамандар қажет. Олар жүйенің жай-күйін қадағалап, жабдықтарды баптап, жаңа технологияларды енгізумен айналысады.

Қазақстандағы интернет: даму қарқыны мен басты мәселелер

-Көпқабатты тұрғын үйлерде интернет жылдамдығының төмен болуы жиі кездеседі. Қазақстандағы интернет сапасын қалай бағалауға болады?

-Speedtest сараптамалары әр аймақтағы орташа интернет жылдамдығын өлшеп, нәтижесін жариялап отырады. Бір кездері экс-министр Бағдат Мусин Астананың орташа интернет жылдамдығы Токиодан жоғары екенін айтқан. Бұл дерек көпшілікті таңғалдырды. Жақында Қазақстанның интернет жылдамдығы бойынша Жапониядан озып кеткені туралы әзілдер де тарады.

Қоғам мұндай жетістіктерді көбіне теріс қабылдайды. Қазақстандықтардың аз бөлігі ғана Токиода болып көрген, бірақ шетел туралы түсініктері көбіне тым әсіреленген. Көпшілік шетелде бәрі керемет, ал бізде жағдай нашар деп ойлайды. Алайда бұл шындыққа сай келе бермейді. Мысалы, Қазақстандағы интернет кейбір Еуропа аймақтарынан әлдеқайда жақсы. Ол жақта меншік құқығына қатысты қатаң заңдардың салдарынан оптикалық талшық жүргізу қиын, сондықтан әлі күнге дейін ескірген ADSL технологиясын пайдаланады. Ал Қазақстанда инфрақұрылым жылдам дамып жатыр, сол себепті кейбір қызметтер бойынша көптеген елдерден озық тұрмыз.

— Пәтерлердегі интернет жылдамдығына қатысты шағымдар неге байланысты болуы мүмкін?

— Қысқаша айтқанда, интернеттің баяу болуы көбіне ескірген роутерлерге байланысты. Провайдерлер өз жабдықтарына қолжетімділік сатады, бірақ Wi-Fi роутер қосылғаннан кейінгі барлық процесс пайдаланушының жауапкершілігінде. Wi-Fi арнасының жүктемесі, сапасыз құрылғы немесе дұрыс бапталмаған жабдық – мұның бәрі интернеттің жылдамдығы мен сапасына әсер етеді.

Көпшілік провайдер ұсынған роутер сапалы интернеттің кепілі деп ойлайды. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл әрдайым олай емес. Мысалы, сіздің пәтеріңіздегі темір-бетон қабырғалар немесе көршіңіздің роутерді барынша жоғары жиілікке баптауы желі сапасының әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Ал провайдер сіздің пәтеріңіздің ішінде не болып жатқанын біле алмайды. Мұны су құбырларымен салыстыруға болады: су үйге дейін жеткізіледі, ал одан әрі қандай кран орнатасыз, қай жерде сүзгіні ауыстырасыз – бұл өзіңізге байланысты.

Қазақстандағы интернет: даму қарқыны мен басты мәселелер

-Бірақ кейбір адамдар технологиялардан мүлде хабарсыз болуы мүмкін ғой. Мұндай жағдайда не істеу керек?

-Көпқабатты үйлердегі Wi-Fi-дың басты мәселесі – радиокедергілер. Біздің үйлер алыстан қарағанда нағыз бетон ормандай көрінгенімен, ішінде әркім өз шағын радиотолқын жүйесін орнатып алған. Әр пәтерде жеке роутер бар, ал олардың сигналдары бір-біріне қабаттасып, байланыс сапасын төмендетеді. Бұл бөлмеде бірнеше адам қатар сөйлеп тұрғандай әсер береді: бастапқыда бәрі түсінікті, бірақ адамдар көбейген сайын сөздер араласып, әңгіме шуға айналады. Дәл сол секілді бір жиіліктегі Wi-Fi желілері бір-біріне кедергі келтіріп, интернет тұрақсыз жұмыс істейді.

Мұны түзетудің ең тиімді жолы – сапалы жабдық пайдалану. Қазіргі заманғы роутерлер немесе mesh-жүйелер (бірнеше құрылғы бір-бірімен байланысып, біртұтас желі құратын жүйе) әлдеқайда тұрақты сигнал таратады. Мен, мысалы, кішігірім пәтерде тұрсам да, 120 мың теңгеге заманауи жүйе сатып алдым. Алайда көпшілік мұндай шығынға дайын емес. Өйткені провайдерлер ұсынатын тегін роутерлер көбіне ең қарапайым үлгіде болады және олардың күші көппәтерлі үйлердің талаптарына сәйкес келмейді.

Тағы бір жиі кездесетін қате – роутерді дұрыс орналастырмау. Көпшілік оны есікке жақын жерге қоя салады, бірақ Wi-Fi сигналының бүкіл үйге таралуы үшін, құрылғыны дұрыс орналастыру маңызды. Бұл – бөлменің шетіне әлсіз дыбыспен музыка қосып, екінші бөлмеде оны естімей, шағымданумен бірдей. Бірақ дыбысты шектен тыс қатайту да шешім емес. Өйткені тым күшті сигнал көрші пәтерлердегі құрылғыларға кедергі келтіруі мүмкін.

Сондықтан алдымен интернеттің сапасын дұрыс тексеріп алу керек: компьютерді тікелей сым арқылы қосып, жылдамдықты өлшеп, провайдер уәде еткен көрсеткіштердің шынайы екеніне көз жеткізу қажет. Тек содан кейін ғана Wi-Fi параметрлерін реттеген жөн.

-Бірақ провайдерлер бұл мәселені өздері шешіп, Wi-Fi баптау қызметін ұсынбай ма?

-Бұл – қосымша шығын. Көптеген абоненттерге қымбат жабдықтың артықшылығын түсіндіру оңай емес. Оларға бірдеңе сатып алуды ұсынсаң, кейде оны алдау деп қабылдайды. Сондықтан «Wi-Fi орнату мен техникалық қолдауға қосымша төлеуге дайынсыз ба?» деген сұрақ туындайды. Ақыр соңында бәрі қаржыға келіп тіреледі.

Тағы бір маңызды мәселе – халықтың сауатын арттыру. Көптеген адамдар интернет қалай жұмыс істейтінін, оның сапасына қандай факторлар әсер ететінін білмейді. Бұл тұрғыда «Қазақтелеком» қолға алған Sapa+ бастамасын атап өтуге болады. Компания ескі роутерлерді заманауи үлгілерге ауыстырып жатыр. Әрине, бұл өзгерістер бірден жүзеге аспайды, қиындықтар да кездеседі. Бірақ уақыт өте келе Қазақстандағы интернет жылдамдығының орташа көрсеткіші жақсарады деп ойлаймын.

— Ал тағы бір мәселе – жаңа үйге көшкенде интернеттің болмауы. Мұндай жағдай неге жиі кездеседі?

— Бұл көбіне нарықтағы бәсекелестікке байланысты. Егер қалада бірнеше оператор жұмыс істесе, олар бірінші болып жаңа тұрғын үй кешеніне интернет орнатуға тырысады. Шағын провайдерлер ірі компанияларға қарағанда икемдірек, тіпті кейде инфрақұрылым шығындарын өз мойнына алады. Ал «Қазақтелеком» сияқты ауқымды ұйымдар белгілі бір тәртіппен жұмыс істейді: олар алдымен жобаны мұқият зерттеп, оның қаржылық тұрғыдан тиімді екеніне көз жеткізген соң ғана іске кіріседі. Сондықтан кішігірім провайдерлер жылдамырақ әрекет етеді.

Жалпы, заң бойынша құрылыс салушылар жаңа үйлерді интернетке қосуға міндетті. Бірақ іс жүзінде бұл талап жиі орындала бермейді. Кейбір девелоперлер белгілі бір операторлармен ғана келісім жасап, бәсекелестердің кіруіне жол бермейді. Мұндай жағдайда оларды тез жауапқа тартатын нақты механизмдер жоқ. Тіпті цифрлық даму министрлігі немесе Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (АЗРК) сияқты органдар да араласа алмайды, себебі олардың қажетті өкілеттіктері шектеулі.

-Бұл мәселені қалай шешуге болады?

-Барлық операторлар үшін тең мүмкіндіктер қарастырылуы керек. Сонымен қатар әкімшілік бақылау тетіктерін күшейту қажет, сонда заң бұзушылықтар дер кезінде түзетіледі. Бұл өзгерістер операторлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, нәтижесінде тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасының жақсаруына ықпал етеді.

Қазақстандағы интернет: даму қарқыны мен басты мәселелер

Алайда, кейбір аймақтарда интернет желісін орнату экономикалық тұрғыда тиімсіз. Қашықтағы ауылдарға немесе сирек қоныстанған елді мекендерге кабель тарту үлкен шығынды талап етеді, ал оны тұрғындар төлей алмауы мүмкін.

Баламалы шешім ретінде оптикалық кабельді бағаналар арқылы жүргізу қарастырылады. Бірақ бағана иелері жоғары ақы талап ететіндіктен, бұл да оңай шешім емес.

-Ауылдық жерлерде интернет неліктен жоқ?

-Бұл мәселе бір ғана себепке байланысты емес. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында мектептер, ауруханалар мен әкімдіктерге интернет жүргізілгенімен, жеке үйлер қосылмай қалып жатады. Тіпті кабельді бағаналар арқылы тартқанның өзінде, оны күтіп-ұстау қиын. Кез келген ақау шықса, маман шақыру үшін жүздеген шақырым жол жүруге тура келеді, бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

Қазақстан – әлемдегі ең үлкен мемлекеттердің бірі. Жер көлемі бойынша 9-орында, бірақ халық тығыздығы өте төмен – бір шаршы шақырымға шамамен 7,5 адамнан келеді. Кейбір өңірлерде халық сирек орналасса, ал басқаларында халық саны күрт шоғырланған. Бұл телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуда айтарлықтай қиындықтар тудырады.

-Провайдерді қалай тартуға болады?

-Егер белгілі бір үйде немесе ауданда интернет провайдерлері болмаса, тұрғындар олармен тікелей байланысқа шығып, қызмет көрсету мүмкіндігін анықтауы керек. Сонымен қатар, жергілікті билік органдарына және “eOtinish” порталына өтініш беруге болады. Алайда, мемлекет операторларды қаржылай тиімсіз аймақтарда жұмыс істеуге мәжбүрлей алмайды.

-Бұл жағдайда мемлекеттік бағдарлама көмектесе ала ма?

-“Қолжетімді интернет” бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін Қазақстанның барлық өңірін 100 Мбит/с жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған.

Бірақ, бұл мақсатқа жету үшін бірқатар кедергілер бар. Үлкен және кіші операторлар арасында өзара байланыс жоқ, ал инфрақұрылымға қомақты инвестиция қажет. Ресейде, мысалы, операторлар үшін инфрақұрылымға тең қолжетімділік қарастырылған, ал Қазақстанда бұл мәселе әлі толық реттелмеген.

-Қандай шаралар қолға алынуда?


-Бірқатар оң өзгерістер байқалады. Мысалы, Дүниежүзілік банк бағдарламасы ауылдық жерлерде жұмыс істейтін операторларға инвестицияның 50%-ын қайтаруды қарастырады. Сонымен қатар, мемлекеттік электр бағаналарын тегін пайдалануға рұқсат беріліп, тұрғын үйлерде жабдықты орналастырудың шекті тарифтері бекітілді. Алайда, бюрократиялық кедергілер бұл процесті баяулатып отыр.

-Спутниктік интернет шешім бола ала ма?

-Бұл – әсіресе алыс аудандар үшін пайдалы технология. Бірақ ол толыққанды балама бола алмайды. Себебі, спутниктік байланыс – радиоарна, ал оның өткізу қабілеті шектеулі. Егер желіге тым көп адам қосылса, жылдамдық төмендейді.Спутниктік интернет шалғай аймақтар үшін шешім бола алады, мысалы, кейбір мектептерде Starlink орнатылып жатыр. Алайда оның құны жоғары, сондықтан сымды интернетті толық алмастыра алмайды.

Қазақстандағы интернет: даму қарқыны мен басты мәселелер

Қазіргі таңда Starlink Қазақстанда пилоттық режимде іске қосылған, бірақ ол заңнама талаптарына толық сәйкес келмейді. Бұл уақытша шешім, өйткені технологиялар заңдарға бейімделуі немесе керісінше, заңдар технологияларға икемделуі мүмкін. Алайда қызметтің жоғары құнына байланысты оның кеңінен таралуы екіталай.

Спутниктік интернет – түбегейлі шешім емес. Бізге оптикалық талшықты желіні дамыту қажет, және жыл сайын жағдай жақсарады деп сенемін. Инфрақұрылымды жаңғыртуға инвестиция құюды жалғастырып, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер үшін тиімді шешімдерді табу маңызды. Осылайша, интернет барлығына қолжетімді әрі сапалы болады.Осылайша, интернет барлығына қолжетімді әрі сапалы болады.

— Жалпы, елдегі сымды интернет сапасын қалай бағалайсыз?

— Жағдай жаман емес. Көпшілік мобильді интернет пен үйдегі интернеттің айырмашылығын түсіне бермейді. Ал бұл – мүлде басқа технологиялар. Егер мобильді интернет туралы айтсақ, онда, иә, белгілі бір қиындықтар бар. Ал сымды интернет Қазақстанда негізінен тұрақты байланыспен қамтамасыз етеді. Оның дамуын тежейтін екі негізгі фактор бар: ескірген роутерлер мен абонентке дейін оптикалық талшықты желінің болмауы.