Home Электроника Ақылды құрылғылар Қазақстанда сот орындаушылардың жұмысын қадағалайтын цифрлық көмекші іске қосылады

Қазақстанда сот орындаушылардың жұмысын қадағалайтын цифрлық көмекші іске қосылады

22

Енді сот орындаушылардың әрекетіне шағымдану оңайлай түспек. Қазақстанда олардың жұмысын бақылауға мүмкіндік беретін арнайы цифрлық көмекші жүйе енгізіледі. Бұл туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды LS.

Министрдің сөзінше, соңғы жылдары сот орындаушыларына қатысты шағымдардың саны күрт артқан. Мәселен, былтырғы жылы ғана осындай өтініштердің саны екі есе көбейген. Тұрғындар атқару істерінің созбалаңға салынуына, үдерістің жабықтығына және алиментке қатысты шешімдердің орындалмауына жиі наразы.

«Осыған байланысты, атқару өндірісін цифрландыру арқылы оңтайландыру қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі уақытта біз сот орындаушысының әрекетіне баға беріп, олардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық көмекшіні енгізу жолдарын қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар, борышкер мен талап қоюшыға іс материалдарына тең қолжетімділік беріледі. Бұл – атқару өндірісінің заңдылығына қоғамдық бақылау жасауға жол ашады», – деді Ерлан Сәрсембаев.

Министрдің айтуынша, e-Otinish және атқару өндірісінің ақпараттық жүйесін біріктіру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Бұл өзгеріс арқылы азаматтар өтініштерін тікелей сот орындаушыға жолдай алады. Нәтижесінде, құзырлы органға жүгінудің қажеті болмайды.

«Азаматтар сот орындаушының жұмысы барысында кеткен заңбұзушылықтарды өздері анықтап, жедел әрекет ете алады. Мұндай өтініштер нақты деректермен негізделуі керек. Яғни, азаматтар жүйеде тіркелген мәліметтер арқылы өз уәждерін дәлелдей алады. Бұл тәсіл шағымдарды қарау мерзімін қысқартып, халықпен байланыс орнату сапасын арттырады. Принцип айқын: ашықтық, әділдік және мүдделі тараптардың бақылауы», – деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар, цифрлық көмекшінің әлеуеті кеңейтіледі. Жүйе азаматтардың көңіл-күйін автоматты түрде анықтап қана қоймай, сот орындаушылардың халық өтініштеріне беретін жауаптарын да үлгі ретінде ұсына алады.

Министрліктің мәліметінше, былтыр атқару өндірісі бойынша әділет органдарына 89 мыңға жуық өтініш пен шағым түскен. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп (сол жылы – 37 мың).

Джамиля КАРИМОВА