Қазақстанда құрылыс саласын цифрландыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы Индустрия және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, құрылыс саласының барлық кезеңін, яғни жоспарлаудан бастап құрылыс жұмыстарына дейін толық қамтитын Бірыңғай портал әзірленуде. Бұл жүйе «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді және қажетті қызметтерге еш кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Қазірдің өзінде жүйе 89 қаланың бас жоспарларын және инженерлік инфрақұрылымның 92,4 пайызын қамтиды. Қала құрылысы жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз ету және жобалау мен жүзеге асыру кезеңдерінің сәйкестігін бақылау мақсатында әрбір нысанға бірегей нөмір енгізіледі. Бұл құжаттардың мақсатына сай әзірленіп, нақты іске асырылып жатқанын бастан-аяқ бақылауға жол ашады», – деді Қуандық Қажкенов.
Министрліктің мәліметінше, бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының жүзеге асуын бақылау үшін жасанды интеллектіге негізделген пилоттық технология да сынақтан өткізілуде. Бұл жүйе дрон арқылы елді-мекендердің аумағын шолу кезінде алынған суреттерді цифрлық жоспарлармен салыстырып, сәйкессіздік анықталса, автоматты түрде мемлекеттік бақылау органдарына хабарлама жібереді.
Құрылыс кезеңі де цифрлық жүйеге көшеді
Құрылыс барысын қадағалау үшін барлық мердігер мен мүдделі тараптарды біріктіретін E-Qurylys атты ортақ платформа іске қосылады. Бұл жүйе келесі міндеттерді қамтиды:
-Техникалық құжаттарды жүргізу;
-Техникалық қадағалау есебі;
-Алдын алу бақылауы;
-Біліктілік талаптарына сәйкестікті тексеру;
-Инженер-техник, сарапшы және рұқсат беру реестрін жүргізу.
Бұл жүйені мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік сектор қаржысы есебінен салынып жатқан барлық нысандарда қолдану міндетті болады.
Қуандық Қажкеновтің айтуынша, елімізде нүктелік құрылысқа жол бермеу үшін қала құрылысы жобаларына бірыңғай сараптама енгізілді. Бұл тетік егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының бас жоспарға сай болуын бастапқы кезеңде-ақ тексеруге мүмкіндік береді.
«Жобалар сараптамадан өткеннен кейін олардың эталондық нұсқасы автоматты түрде қала құрылысы кадастрына енгізіледі. Осылайша, жоспарлау үдерісінің ашықтығы қамтамасыз етіледі», – деді ол.
Сонымен қатар, былтыр қараша айында 89 қалада бастапқы рұқсат беру құжаттарын, эскиз жобаларды келісу және техникалық шарттар беру қызметтері цифрлық форматқа көшіріліп, пилоттық режимде іске қосылған. Қазіргі таңда бұл қызметтер жүйе арқылы тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Платформа іске қосылғаннан бері өтініштердің 91 пайызы осы жүйе арқылы өңделген.
Дереккөз: Primeminister.kz