Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда науқастардың деректері цифрлық форматқа көшіріледі

Қазақстанда науқастардың деректері цифрлық форматқа көшіріледі

13

Биыл елімізде қант диабеті, артериялық гипертония және жүрек ауруларына шалдыққан науқастардың жағдайын бақылауға арналған автоматтандырылған жүйе іске қосылады. Енді емханалардан келіп түсетін мәліметтер арнайы бақылау карталарына автоматты түрде енгізіледі. Бұрын мұндай ақпарат қолмен толтырылатын.

Науқастардың цифрлық сәйкестендіру жүйесі де кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл тәсіл жалған медициналық қызметтер туралы жазбаларды жоюға мүмкіндік береді. Бүгінде 1800-ден астам медицина мекемесі осы жүйемен жұмыс істейді. Жалпы 66 миллион қабылдау тіркелсе, соның 26 миллионы, яғни 39 пайызы – цифрлық сәйкестендіру арқылы жүзеге асқан.

Жаңа технологиялар медицина қызметкерлерінің әкімшілік жүктемесін едәуір азайтуға көмектесіп отыр. Бұған дейін дәрігерлер бірнеше жүйеге кіріп, бір ақпаратты бірнеше рет қайталап енгізуге мәжбүр болатын. Ақпараттық жүйелердің біріктірілуі мен жетілдірілуінің арқасында бұл жүктеме 40 пайызға қысқарды. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы анықтамаларды цифрландыру жұмысы да дамып келеді. Мысалы, жүргізуші куәлігі үшін қажет 073/у формасы, медициналық тексеруден өткені туралы 075/у анықтамасы, баланың денсаулығы туралы төлқұжат пен дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысының барлығы электронды форматта қолжетімді. Енді бұл анықтамалар үшін емханаға барудың қажеті жоқ.