Home Сараптама Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 40 пайызы жасанды интеллект негізінде жаңғыртылады

Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 40 пайызы жасанды интеллект негізінде жаңғыртылады

33

Қазақстан ауқымды цифрландыру үдерісін жаңа белеске көтеріп, мемлекеттік қызметтер жүйесіне жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын орнықтыруға білек түре кірісті. Ел билігі бұл бастамалар экономиканы құрылымдық тұрғыдан жаңғыртып, жалпы ішкі өнімнің өсім қарқынына серпін береді деп болжайды. Бүгінде цифрлық трансформация — мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, елдің инвестициялық тартымдылығын еселейтін стратегиялық пәрменді құрал ретінде қарастырылып отыр.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жүйелі цифрландыру қазына шығындарын оңтайландыруға, мемлекеттік аппараттың еңбек өнімділігін еселеуге және әкімшілік үдерістердің ашықтығын қамтамасыз ету арқылы салық түсімдерін едәуір еселеуге жол ашпақ. Ал жасанды интеллектіні мемлекеттік инфрақұрылым мен қызмет көрсету архитектоникасына тереңірек кіріктіру бұл жасампаз өзгерістерді одан әрі жеделдетпек.

Қазірдің өзінде жасанды интеллект мемлекеттік секторда шешім қабылдау үдерісіне елеулі ықпал ете бастады. Ол әлеуметтік өтініштерді автоматты түрде өңдеуден бастап, ауқымды деректерді (Big Data) талдау негізінде қалалық инфрақұрылым мен бюджет ресурстарын ұтымды бөлуге дейінгі күрделі міндеттерді атқарып келеді.

Қазақстанның электрондық үкімет архитектоникасын дамытуға жауапты «Цифрлық үкіметті қолдау орталығының» мәліметінше, GovTech жобаларына салынған мемлекеттік инвестицияның қайтарымы 2 миллиард еуродан асқан. Сарапшылар мұндай жоғары экономикалық тиімділікті операциялық шығындардың айтарлықтай қысқаруымен және көлеңкелі экономика үлесінің бәсеңдеуімен байланыстырады.

Жасанды интеллект дәуірі

Қазақстан ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллектіні өмірдің барлық саласына енгізуді көздейтін жаңа ұлттық стратегияны жүзеге асыруға көшті. Осы стратегия аясында қолданыстағы цифрлық қызметтердің функционалы жасанды интеллект негізінде қайта жасақталып жатыр.

«Мемлекеттік қызметтердің 40 пайызы жасанды интеллект құралдарын қолдану арқылы мүлде жаңа сипат алады. Оған қоса, мемлекеттік органдар арасындағы деректер алмасудың бірыңғай жүйесі оңтайландырылады», – деп атап өтті Цифрлық даму және жасанды интеллект бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.

Биыл Қазақстанда алғаш рет мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға арналған AI-шешімдердің ұлттық байқауы ұйымдастырылды. AI Governance Cup додасына нарық қатысушыларынан 180-нен астам өтінім түскен. Бүгінде отандық мамандар құқықтық және салықтық кеңесші-боттардан бастап, энергетика саласын оңтайландыруға арналған сан алуан жасанды интеллект құралдарын әзірлеу үстінде.

Елдің электрондық үкімет платформасы да сапалық тұрғыдан жаңарып жатыр. Алдағы уақытта ол жасанды интеллектінің көмегімен азаматтарға проактивті (алдын ала болжау) форматта қызмет көрсетпек.

Цифрлық трансформацияның экономикалық тиімділігі де айқын. 2025 жылы IT-қызметтер экспорты 65 пайызға артып, шамамен 1 миллиард еуроға жуықтады. Ресми болжамдарға сүйенсек, 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 4 миллиард еуродан аспақ. Бұл ретте GovTech бағыты Қазақстанның IT-экспортын алға сүйрейтін басты қозғаушы күшке айналады деп күтілуде.

Қазақстанның цифрлық саладағы жетістіктері халықаралық қоғамдастық тарапынан да жоғары бағаланды. 2024 жылы ел Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкіметті дамыту индексінде (EGDI) 193 мемлекеттің ішінде 24-орынға табан тіреді. Ал онлайн-қызметтер көрсету көрсеткіші бойынша Оңтүстік Корея, Дания және Эстония секілді технологиялық алпауыттармен бірге әлемдік үздік ондықтың қатарынан көрінді.

Негізгі фактор – сервистердің сұранысқа ие болуы

Мемлекеттік орган өкілдерінің пайымдауынша, онлайн және қағазсыз қызмет көрсету форматына көшу әкімшілік шығындарды азайтып, уақытты үнемдейді. Сонымен қатар, бұл қадам азаматтар мен бизнес қауымдастық үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыра түспек.

Қазіргі таңда мемлекеттік маңызы бар деректердің 57 пайызы толық цифрландырылды. Бұл үдеріс, ең алдымен, білім беру, денсаулық сақтау, қаржы және әлеуметтік қолдау салаларын қамтып отыр. Жиналған мәліметтер жүйеленіп, мемлекеттік ақпараттық құрылымдар мен цифрлық сервистердің бірыңғай арнасына біріктірілуде.

Осы салаға жауапты тұлғалар қалыптасқан база жасанды интеллектіні ауқымды деңгейде енгізуге толық қауқарлы деп есептейді.

«Бұл көрсеткіш аса маңызды деректер қорының жартысынан астамы жүйеленіп, автоматты талдау жүргізуге дайын екенін айғақтайды», – дейді «Цифрлық үкіметті қолдау орталығының» мамандары.

Жалпы алғанда, цифрландыру әкімшілік шығындарды қысқарту, ведомствоаралық үдерістерді автоматтандыру және бюджет қаражатын тиімді игеру арқылы өзінің тікелей экономикалық жемісін беруде.

«Мемлекеттік деректерді орталықтандыру және қайталанатын функцияларды жою қағазсыз форматқа көшуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде мемлекеттік аппараттың өнімділігі артып, қызмет көрсету жылдамдығы едәуір жеделдеді», – деп атап өтті билік өкілдері.

Мемлекеттік қызметтердің жиырма жылдық трансформациясы

Қазақстан соңғы жиырма жылға жуық уақыт ішінде электрондық үкімет жүйесі арқылы мемлекеттік қызмет көрсету үлгісін түбегейлі өзгертті. Күні бүгін мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып, қолмен қызмет алу үрдісі біртіндеп тарих қойнауына еніп барады. Алғашында қарапайым ақпараттық портал ретінде жұмысын бастаған eGov.kz уақыт өте келе мемлекет пен қоғамның өзара байланысын қамтамасыз ететін негізгі платформаға айналды. Бүгінде ол маңызды мемлекеттік қызметтерді қашықтан әрі үзіліссіз алуға мүмкіндік беріп отыр.

Елдің цифрлық инфрақұрылымы мемлекеттік деректер қорын, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін, eLicense.kz порталын, Ұлттық куәландырушы орталықты және электрондық үкіметтің өзара ықпалдасу жүйесін біріктіретін кешенді экожүйеге айналды.

2020 жылы биометриялық сәйкестендіру технологиясының енгізілуі мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін жеңілдетіп, әкімшілік кедергілерді айтарлықтай қысқартты. Пандемия жылдары платформаны пайдалану көрсеткіші күрт өсіп, осы кезеңде цифрлық құжаттар жүйесі кеңінен дамыды. Сонымен қатар Smart Bridge, Smart Data Ukimet және eGov Business жобалары іске қосылды

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметіне сүйенсек, бүгінде ел халқының 70 пайыздан астамы eGov немесе SuperApp платформаларын белсенді пайдаланады. Жыл сайын жүйе арқылы шамамен 5,5 миллион азаматтық өтінім өңделеді. Қазіргі таңда пайдаланушылар заңды тұлғаны тіркеуді немесе баланың тууын онлайн режимде небәрі 15 минуттың ішінде рәсімдей алады. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерге өтініш беру мен балабақша кезегіне тұру да толықтай автоматтандырылған.

Бүгінде 1300-ден астам мемлекеттік қызметтің 93 пайызы электронды форматқа көшірілген. Мұнымен қоса, азаматтардың 39 цифрлық құжатты заңды түрде пайдалануға құқығы бар. Келер жылы Қазақстан цифрлық қолжетімділік деңгейін 98 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл мемлекеттік басқарудың адамға бағдарланған (антропоцентрлік) жаңа моделіне көшуге даңғыл жол ашады.

Таяу жылдары ұлттық үлкен тілдік модель (LLM) негізінде әзірленетін жаңа AI-шешімдері бюрократиялық шырғалаңдарды мүлдем жояды деп күтілуде.

Күнделікті мәселелерді ChatGPT үлгісіндегі интерфейс арқылы басқару

Қазақстан AlemGPT атты отандық чат-ботты іске қосты. Бұл жүйе азаматтарға ChatGPT үлгісіндегі диалогтық интерфейс арқылы мемлекеттік қызметтерді еш қиындықсыз пайдалануға мүмкіндік береді. Ендігі жерде күрделі үлгілер мен бланкілерді толтырудың қажеті жоқ; пайдаланушылар тек қарапайым мәтіндік сұраныс жолдаса жеткілікті.
ЖИ-көмекші азаматтардың жеке және отбасылық деректер базасына сүйене отырып, өтініштерді жедел өңдейді және бір мезгілде бірнеше мемлекеттік жүйенің қызметін үйлестіреді.

«AlemGPT бюрократиялық рәсімдерді барынша жеңілдетіп, үдерістерді оңтайландырады. Қазіргі уақытта азаматтар 20 түрлі ақпараттық жүйе арқылы 400-ден астам қызмет түрін алу үшін ұзақ сонар рәсімдерден өтуге мәжбүр.

Ал бизнес өкілдері 10-нан астам жүйедегі 600 қызметпен жұмыс істейді», – дейді NITEC компаниясының маркетинг және стратегия жөніндегі басқарушы директоры Азамат Баймен.

Қазірдің өзінде бұл платформа бала туу, отбасылық жағдайдың өзгеруі және әлеуметтік жәрдемақыларды рәсімдеу сияқты адам өміріндегі негізгі маңызды кезеңдерді қамтып отыр. Болашақта ол азаматтар мен бизнестің бүкіл өмірлік циклін толық сүйемелдейтін терең интеграцияланған әмбебап ЖИ-көмекшіге айналмақ.
Сала мамандары «бірыңғай ЖИ-терезе» тұжырымдамасының әлемдік тәжірибеде жаңалық емес екенін айтады. Осыған ұқсас жүйелер Сингапур мен Эстонияда бұрыннан сәтті қолданылып келеді.

«Қазақстандағы технологияны енгізу қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. AlemGPT елді Орталық Азия аясынан шығарып, егемен цифрлық инфрақұрылымының ауқымы бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосты», – деп толықтырды А. Баймен.

Қазіргі уақытта платформа тек мемлекеттік қызмет аясымен шектелмей, бизнес сектор мен екінші деңгейлі банктерді де өз арнасына біріктіруде. Бұл ЖИ-жүйені мемлекеттік, қаржылық және коммерциялық қызметтерді біртұтас қамтитын әмбебап цифрлық көмекшіге айналдырады.

Жасанды интеллектінің әлеуметтік-экономикалық пәрмені

«Цифрлық үкіметті қолдау орталығының» бас директоры Әлия Оспанованың айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономикалық үлгіні қалыптастырудың іргетасы берік.
Ол елдің цифрлық инфрақұрылымдық әлеуетін, соның ішінде әлемдік рейтингте 86-орынға тұрақтаған егемен суперкомпьютерді және жасанды интеллект пен цифрлық индустрияны дамытудың құқықтық тетігіне айналатын жаңа Цифрлық кодексті айрықша атап өтті.

Кадрлық әлеуетті дамыту да басты басымдықтардың біріне айналды. Соңғы бір жылдың ішінде Қазақстанда миллионнан астам адам жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын меңгерді. Олардың қатарында мектеп оқушылары мен студенттерден бастап, саясаткерлер мен ұлттық компаниялардың басшыларына дейін бар.

«Жасанды интеллект түрлі салалардағы жүйелі олқылықтардың орнын толтырып, бюрократиялық кедергілерді жояды, сондай-ақ операциялық тәуекелдерді барынша азайтады. Ең бастысы, интеллектуалды жүйе тәуекелдерді басқару тетіктерін күшейтіп, өндірістік шығындарды қысқартуға септігін тигізеді», – дейді Әлия Оспанова.

Цифрландырудың нақты нәтижелері

Бүгінде бірқатар мемлекеттік платформалар мемлекет пен азаматтардың деректерін біріктірудің нақты цифрлық шешімдерге қалай айналып жатқанын көрсетуде.

«Отбасының цифрлық картасы» жүйесі біріктірілген мемлекеттік деректер негізінде отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатын бағалайды. Ол қолдауға мұқтаж отбасыларды анықтап, азаматтардың өтінішінсіз-ақ әлеуметтік қызметтер мен жәрдемақыларды проактивті түрде ұсынуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Қаржы министрлігі әзірлеген Smart Data Finance платформасы қаржылық, салықтық және кедендік деректерді біріктіріп, салық төлеушінің бірыңғай цифрлық бейінін қалыптастырады. Жүйе бюджеттік үдерістердің ашықтығын арттырып, салықтық әкімшілендіруді автоматтандырады, көлеңкелі экономикалық қызметті анықтайды және қаржылық талдау мен бюджет түсімдерін болжауда AI-құралдарын пайдаланады.

Медициналық деректерді сақтаудың бірыңғай жүйесі Қазақстанның орталықтандырылған цифрлық денсаулық сақтау платформасы ретінде электрондық медициналық карталарды жүргізіп, медициналық ұйымдар мен мемлекеттік жүйелер арасындағы деректер алмасуды қамтамасыз етеді. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл қадам медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, денсаулық сақтау саласындағы цифрлық талдаудың дамуына жаңа серпін бермек.

​Қазақстан мемлекеттік басқару жүйесін жасанды интеллект негізінде жаңғырту үдерісін жеделдеткен сайын, цифрлық үкімет жай ғана қолайлы сервистік құрал емес, елдің ұзақмерзімді экономикалық стратегиясының басты діңгегіне айналып келеді.