Қазақстан Қаржы мониторингі агенттігі қаржы қылмыстары мен терроризмді қаржыландырудың жолын кесу үшін жаңа бақылау тетіктерін әзірлеуде, деп хабарлайды Mobilaser digitalbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, бұдан былай күдікті әрекеттерді бағалауда басты назар жеке операцияға емес, олардың өзара байланысы мен жиынтығына аударылады.
«Мысалы, бір реттік ақша аударымы күдік тудырмауы мүмкін. Бірақ өзара сабақтас бірнеше операция, оның ішінде байланысы бар тұлғалардың әрекеті қаржының күмәнді айналымын көрсетеді. Осындай жағдайда банктер ақпаратты уәкілетті органдарға жіберуге міндетті болады», – деді ол.
Елемесовтің сөзінше, күдікті операцияларды айқындау өлшемдері алдағы уақытта арнайы нормативтік-құқықтық актілерде нақтыланбақ. Құжат әлі жарияланбағанымен, қажет болса, депутаттарға алдын ала ұсынылуы мүмкін.