Қазақстанда Наурыз мерекесін атап өтудің жаңа үлгісі – цифрлық технологияларға негізделген Digital Nauryz жобасының нәтижелері таныстырылды. Бұл туралы Check-point.kz тілшісі хабарлайды.
Биыл «Наурызнама» онкүндігі аясында ел көлемінде жеті мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оның мыңнан астамы цифрлық форматта өтті. Бұл көрсеткіш дәстүрлі мерекені жаңа мазмұнмен толықтыруға бағытталған үрдістің нақты көрінісіне айналды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жалпы онлайн қамту 14 миллион адамға жеткен. Сонымен қатар eGov экожүйесі арқылы қазақстандықтар бес миллионнан астам мерекелік құттықтау жолдаған. «Наурызнама» Telegram-арнасының жазуынша, Digital Nauryz платформасын енгізу ұлттық дәстүрлерді заманауи форматпен ұштастырып, бір алаңда 80 мыңнан астам белсенді қолданушыны біріктіруге мүмкіндік берген.
Аталған бастама цифрландыру үдерісінің мәдени-әлеуметтік кеңістікке де терең еніп жатқанын көрсетеді. Нәтижесінде Наурыз мерекесі тек тарихи-рухани құндылық ретінде ғана емес, жаңа технологиялар арқылы жаңаша сипат алып, кең аудиторияны қамтитын заманауи коммуникациялық форматқа айналып отыр.












