Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді шектеу ұсынылды

Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді шектеу ұсынылды

11

Қазақстанда кәмелетке толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу мәселесі күн тәртібіне шықты. 16 жасқа дейінгі балаларға арналған шектеулерді көздейтін заң жобалары сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға ұсынылды.

Бастаманы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров көтерді. Оның айтуынша, бала тәрбиесіне мемлекет пен қоғам жеткілікті көңіл бөлмеген жағдайда, бұл орынды басқа орта басады. Қазіргі заманда ондай орта — әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар.

Депутат цифрлық кеңістікте агрессия, әдепсіздік пен беделді құндылықтарды жоққа шығаратын мазмұнның көбейіп кеткеніне назар аударды. Мұндай ақпараттың үздіксіз таралуы жасөспірімдердің көзқарасы мен мінез-құлқына тікелей әсер етеді дейді ол.

Ерлан Саировтың пікірінше, цифрлық орта бүгінде тек ақпарат алмасу алаңы емес. Ол қоғамның дүниетанымын қалыптастыратын маңызды құралға айналды. Сондықтан бұл мәселе мәдениетпен ғана шектелмей, идеология мен ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қаралуы тиіс.

Қазіргі таңда ұсыныс қоғамда түрлі пікір туғызуы мүмкін. Әсіресе, бұл бастамаға ата-аналар мен шектеу тікелей қатысты болатын балалар мен жасөспірімдердің көзқарасы қандай болары әзірге белгісіз. Заң жобасының болашағы қоғамдық талқылау нәтижесіне қарай айқындалады.