Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда 16 миллионнан астам адамның жеке дерегі желіге тарады

Қазақстанда 16 миллионнан астам адамның жеке дерегі желіге тарады

11

Қазақстанда жеке мәліметтердің қауіпсіздігіне қатысты тағы бір даулы жағдай тіркелді. Әлеуметтік желілерде 16,3 миллионнан астам адамның жеке ақпараты жазылған база тарап кеткені туралы хабар тарады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл мәліметтер мемлекеттік дерекқорлардан алынбаған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Telegram-дағы SecuriXy_kz арнасы жариялаған дерекке сүйенсек, CSV форматындағы файлда азаматтардың ЖСН, байланыс нөмірлері мен тұрғылықты мекенжайлары көрсетілген. Сонымен қатар азаматтығы, ұлты, тіркелген мекемелері (емханалар, салық органдары, жоғары оқу орындары) туралы ақпараттар да қамтылған.

Ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандары бұл деректерді алаяқтық, фишинг шабуылдары немесе жалған құжат жасау үшін пайдалану қаупі жоғары екенін ескертеді. Әсіресе, ЖСН мен мекенжайдың ашық таралуы аса алаңдатарлық.

Цифрлық даму министрлігі қазіргі уақытта жағдайды жіті бақылауға алғанын хабарлады. Құзырлы органдармен бірлесіп, ақпараттың қайдан және қалай тарағаны зерттеліп жатыр. Алдын ала жүргізілген сараптамаға сүйенсек, мәліметтер мемлекеттік емес, жекеменшік ақпараттық жүйелерден тараған болуы ықтимал.