Қазақстан өңірдегі алғашқы мемлекет ретінде халықаралық Pax Silica бастамасына ресми түрде қосылды. Қазақстан Республикасының Pax Silica бастамасына қосылуы туралы декларацияға, сондай-ақ AI Opportunity Partnership жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қазақстандық тарап атынан Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қол қойды.
Аталған құжаттарға қол қойылуы нәтижесінде Қазақстан халықаралық технологиялық альянстың толыққанды мүшесіне айналды. Бұл бірлестікке Австралия, Финляндия, Грекия, Үндістан, Израиль, Жапония, Норвегия, Катар, Корея Республикасы, Сингапур, Швеция, Филиппин, Біріккен Араб Әмірліктері және Ұлыбритания сияқты 15 мемлекет кіреді.
Pax Silica – жасанды интеллектке негізделген жаңа экономиканы дамыту үшін сенімді жеткізу тізбектерін қалыптастыруға бағытталған халықаралық технологиялық ынтымақтастық бастамасы. Ол серіктес елдерді жасанды интеллект, стратегиялық маңызы бар минералдар, жартылай өткізгіштер, деректерді өңдеу орталықтары, энергетикалық инфрақұрылым, жоғары технологиялық өндірістер, ғылыми зерттеулер және білікті мамандар даярлау бағыттарында өзара ықпалдастырады.
Қазақстан үшін Pax Silica бастамасына қосылу инвестиция тарту мүмкіндігін кеңейтіп, технологиялық әріптестікті нығайтуға, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және елдің жаһандық жеткізу тізбектеріндегі орнын күшейтуге жол ашады.
Қазақстан бұл бастамаға бірқатар стратегиялық артықшылықпен қатысады. Олардың қатарында стратегиялық маңызы бар минералдардың мол қоры, қуатты энергетикалық ресурстар, Еуропа мен Азияны байланыстыратын тиімді географиялық орналасуы, қарқынды дамып келе жатқан цифрлық инфрақұрылым, ІТ экожүйесінің өсуі және жасанды интеллектті дамытуға бағытталған ұлттық саясат бар.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі стратегиялық маңызы бар минералдарды өңдеу және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту болуы мүмкін. Қазақстан шикізат экспорттаумен ғана шектелмей, технологиялық өндіріс тізбегінің неғұрлым күрделі кезеңдерін дамытуға басымдық береді. Бұл бағытқа аккумуляторларға арналған құрамдас бөлшектер, жартылай өткізгіштер, энергия жинақтау жүйелері, жасанды интеллект инфрақұрылымына қажетті жабдықтар және өзге де жоғары технологиялық өнімдер өндіру кіреді.
Сонымен қатар Америка Құрама Штаттарының Үкіметі Стэнфорд университетімен бастамаға қатысушы елдерде Foundry Schools желісін құруды көздейтін меморандумға қол қойды. Бағдарлама жоғары технологиялық салалар үшін біліктілігі жоғары мамандар даярлауға бағытталған. Оның аясында есептеу материалтануы, өнеркәсіп пен жер қойнауын пайдалану саласында жасанды интеллектті қолдану, сондай-ақ инженерия мен цифрлық технологиялардың өзге де озық бағыттары бойынша кадрлар даярлау көзделген.












