Home Аналитика Қарағанды облысында 500 МВт-тық жел электр станциясы салынады

Қарағанды облысында 500 МВт-тық жел электр станциясы салынады

16

Қарағанды облысында баламалы энергетиканы дамытуға бағытталған ірі жоба жүзеге аспақ. Облыс әкімдігі мен China Energy компаниясы Осакаров ауданында қуаты 500 МВт болатын 65 жел генераторын орнату туралы меморандумға қол қойды.

Бұл – аймақта шетелдік инвестиция тартумен іске асатын екінші ірі жоба. Жаңа жел электр станциясы Сарыөзек ауылында бой көтереді.

China Energy Overseas Investment Co. Ltd. компаниясы құрылысқа арналған аумақты алдын ала зерттеп, жел жылдамдығын өлшеу жұмыстарын жүргізді. Компания басшысы Сяодан Линь жобаның экономикалық негіздемесі дайындалып жатқанын айтты.

– Алдыңғы кездесуімізден бері қыруар жұмыс атқарылды. Жобаны жүзеге асыруға қажетті жел қуаты жеткілікті екенін анықтадық. Сондықтан болашағы зор деп сенеміз, – деді Сяодан Линь.

Жел электр станциясын салу үшін Осакаров ауданы кездейсоқ таңдалмаған. Бұл өңірде жыл бойы тұрақты соғатын жел бар. Әсіресе Осакаровка – Сарыөзек – Тельмана аймағы станция құрылысына қолайлы саналады.

«Біз ауданда инвестор тарту жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатырмыз. Қазір 500 МВт қуат беретін үшінші жоба бойынша келіссөздер жүруде. Үш жобаның іске асуы ауданымыздың “жасыл энергетикадағы” орнын нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындары мен қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етеді», – деп пайымдады Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов.