Home Технологиялар Инновациялар Қазақстан мен әлемдегі басты технологиялық оқиғалар: жасанды интеллект, жаңа құрылғылар және цифрлық...

Қазақстан мен әлемдегі басты технологиялық оқиғалар: жасанды интеллект, жаңа құрылғылар және цифрлық бастамалар

31

Жасанды интеллект бүгінде тек технология саласының ғана емес, білім беру жүйесінің, мемлекеттік қызметтердің және күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Соңғы күндері Қазақстанда цифрлық трансформацияға қатысты бірқатар жаңа бастама қолға алынса, халықаралық компаниялар таяу уақытта нарықтың даму бағытына ықпал етуі мүмкін тың әзірлемелері мен өнімдерін таныстырды. Назарларыңызға осы аптаның ең маңызды оқиғаларға шолу ұсынамыз.

Қазақстан мен әлемдегі басты технологиялық оқиғалар: жасанды интеллект, жаңа құрылғылар және цифрлық бастамалар

Шілде айындағы ең көп күтілген технологиялық оқиғалардың бірі – Samsung компаниясының жаңа құрылғыларының таныстырылымы. Samsung Electronics компаниясы 22 шілде күні Астана уақытымен сағат 18:00-де Galaxy Unpacked іс-шарасын өткізеді. Онда Galaxy жиналмалы смартфондарының жаңа буыны көпшілік назарына ұсынылады. Компания жасанды интеллект негізіндегі кеңейтілген мүмкіндіктерді, әр пайдаланушының сұранысына бейімделетін жаңа қызметтерді және құрылғыларды пайдаланудың тың тәсілдерін таныстыруды жоспарлап отыр. Таныстырылым басталғанға дейін Samsung Kazakhstan ресми сайты арқылы тіркелген пайдаланушылар жаңа флагмандық смартфонды сатып алуға арналған құны 120 мың теңгеге дейінгі промокодқа ие болып, Galaxy смарт-сағаттары мен сымсыз құлаққаптарының ұтыс ойынына қатыса алады.

Қазақстан мен әлемдегі басты технологиялық оқиғалар: жасанды интеллект, жаңа құрылғылар және цифрлық бастамалар

Ал Қазақстанда алғашқы жасанды интеллект зерттеу университетін ашуға дайындық жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айында Qazaq AI Research University өз жұмысын бастайды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Оның айтуынша, алғашқы қабылдау барысында 500-ге дейін студент оқуға қабылданады. Бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша білім алу толықтай мемлекеттік гранттар есебінен қаржыландырылады. Университет Carnegie Mellon University, Шанхай инновациялық институты және Мұхаммед бин Заид университетімен әріптестік негізінде құрылады. Алғашқы кезеңде ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және киберқауіпсіздік бағыттары үшін қолданбалы мамандар даярлайтын екі немесе үш білім беру бағдарламасы іске қосылады.

Қазақстан мен әлемдегі басты технологиялық оқиғалар: жасанды интеллект, жаңа құрылғылар және цифрлық бастамалар

Жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту де басым бағыттардың бірі болып отыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік ынтымақтастық ұйымын құру туралы келісім жобасын әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 15 шілдеге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды. Жобаға сәйкес жаңа үкіметаралық ұйымның штаб-пәтері Шанхай қаласында орналасады. Ұйымның негізгі міндеттері халықаралық өзара ықпалдастықты нығайтуға, мемлекеттер арасындағы технологиялық алшақтықты азайтуға және азаматтық мақсатта қолданылатын жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану мен құқықтық реттеудің ортақ қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған.

Қазақстан мен әлемдегі басты технологиялық оқиғалар: жасанды интеллект, жаңа құрылғылар және цифрлық бастамалар

Цифрлық қызметтер мемлекеттік басқару жүйесінде де кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Қазақстанда балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарын лицензиялау рәсімі толықтай электрондық форматқа көшірілді. Енді өтінімді мемлекеттік органдарға бармай-ақ elicense.kz порталы арқылы жолдауға болады. Лицензия бес жыл мерзімге беріледі, ал өтінімді қарау 30 жұмыс күніне дейін созылады. Жаңа талаптар балаларға білім беру және сауықтыру қызметін көрсететін мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың барлығына қолданылады. Бұл қызмет түрін міндетті лицензиялау тәртібі 2026 жылдан бастап енгізілген.

Қазақстан мен әлемдегі басты технологиялық оқиғалар: жасанды интеллект, жаңа құрылғылар және цифрлық бастамалар

Сонымен қатар мемлекеттік органдар азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырып отыр. Қазақстан Ұлттық банкі алаяқтардың жаңа әрекет ету тәсілдері туралы ескерту жариялады. Қаскөйлер әуежайларда, теміржол вокзалдары мен автовокзалдарда адамдардан шұғыл қоңырау шалу сылтауымен ұялы телефондарын уақытша сұрайды. Осы аралықта олар банк қосымшалары арқылы ақша аударуы немесе HopToDesk, RustDesk, RuDesktop, AnyDesk және TeamViewer сияқты қашықтан басқару бағдарламаларын орнатуы мүмкін. Бұдан бөлек, алаяқтар өздерін жаңадан жұмысын бастаған мобилограф ретінде таныстырып, тегін фото немесе бейнетүсірілім жасауды ұсынады. Кейін алынған бейнематериалдар мен фотосуреттер дипфейк әзірлеуге және өзге де заңсыз әрекеттерге пайдаланылуы ықтимал.

Қазақстан мен әлемдегі басты технологиялық оқиғалар: жасанды интеллект, жаңа құрылғылар және цифрлық бастамалар

Осы арада әлемдік технологиялық қауымдастықтың назарын Қытайдың Photon Matrix Lab стартапының ерекше жобасы аударды. Компания Indiegogo краудфандинг платформасы арқылы жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, масаларды жоятын ықшам лазерлік құрылғыны әзірлеуге шамамен 2,7 миллион АҚШ долларын жинады. Әзірлеушілер бастапқыда небәрі 20 мың доллар тартуды жоспарлағанымен, жобаға 50 елден төрт мыңға жуық инвестор қолдау көрсетті. Құрылғы компьютерлік көру технологиясын, лидар жүйесін және лазерді біріктіріп, ұшып жүрген масаларды анықтап, жоюға мүмкіндік береді. Жабдықты қосымша баптау және халықаралық сертификаттау рәсімдерінің жүргізілуіне байланысты жаппай өндірісті бастау мерзімі тамыз айына ауыстырылды.

Қазақстан мен әлемдегі басты технологиялық оқиғалар: жасанды интеллект, жаңа құрылғылар және цифрлық бастамалар

Әлемдік цифрлық платформалар нарығында да кадрлық өзгерістер орын алды. WhatsApp компаниясының жаңа басшысы болып үндістандық Cred финтех-стартапының негізін қалаушы Кунал Шах тағайындалды. Оның жетекшілігімен Meta төлем қызметтерін, бизнеске арналған құралдарды және жасанды интеллектке негізделген жаңа шешімдерді дамытуға басымдық беруді көздеп отыр. Қазіргі уақытта WhatsApp мессенджерінің пайдаланушылар саны үш миллиардтан асады. Ал Кунал Шах қаржылық технологиялар саласында жұмыс істейтін FreeCharge және Cred компанияларының негізін қалаушы ретінде танымал.

Қазақстан мен әлемдегі басты технологиялық оқиғалар: жасанды интеллект, жаңа құрылғылар және цифрлық бастамалар

Аптаның тағы бір маңызды жаңалығы Илон Масктың жасанды интеллект бағытындағы жоспарларымен байланысты болды. Кәсіпкердің мәлімдеуінше, Grok 4.5 моделі платформа тарихындағы ең ауқымды жаңартуға айналады. Оның айтуынша, жаңа модель 1,5 триллион параметрі бар V9 архитектурасы негізінде әзірленген және жетілдірілген құрылымы мен әзірлеу үдерісінің жеделдеуі нәтижесінде алдыңғы нұсқалардан едәуір жоғары нәтиже көрсетеді. Сонымен қатар Илон Маск компания жыл соңына дейін ай сайын жасанды интеллектінің жаңа моделін таныстыруды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Жасанды интеллект, цифрлық қызметтер мен жаңа технологиялар қарқынды дамуын жалғастырып, мемлекетке, бизнеске және қоғамға жаңа мүмкіндіктер ұсынып келеді. Біз осы саладағы маңызды жаңалықтарды назарда ұстап, алдағы апталық шолуларда ең өзекті оқиғаларды тұрақты түрде ұсынып отырамыз.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.