Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Алаяқтар өздерін енді ғана жұмысын бастаған мобильді контент жасаушылар ретінде таныстырады

Алаяқтар өздерін енді ғана жұмысын бастаған мобильді контент жасаушылар ретінде таныстырады

11

Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарды алаяқтардың жаңа айла-тәсілдері туралы ескертті. Олар ұялы телефондарға қол жеткізіп, азаматтардың биометриялық деректерін заңсыз иемденуге әрекеттеніп жатыр. Бұл туралы Informburo.kz хабарлады.

Алаяқтар әлеуметтік психологияға негізделген алдау тәсілдерін кеңінен қолдануда. Олар көбіне әуежайларда, теміржол вокзалдары мен автовокзалдарда жүрген азаматтарға жақындайды. Мұндай орындарда адамдардың асығыс жүруі мен сақтықты әлсіретуі қаскөйлердің әрекетін жеңілдетеді.

Ұлттық банктің мәліметінше, кең таралған алаяқтық тәсілдерінің бірі – бейтаныс адамның шұғыл қоңырау шалу қажет екенін айтып, ұялы телефонды уақытша сұрауы. Осы қысқа уақыттың ішінде алаяқтар банк қосымшалары арқылы ақша аударып үлгеруі немесе құрылғыға HopToDesk, RustDesk, RuDesktop, AnyDesk және TeamViewer сияқты қашықтан басқаруға арналған бағдарламаларды жасырын орнатуы мүмкін.

Алаяқтардың тағы бір айласы – тегін фото немесе бейнетүсірілім өткізу сылтауымен азаматтардың биометриялық деректерін жинау. Олар өздерін тәжірибе жинақтап жүрген мобильді контент жасаушылар ретінде таныстырып, жеке қорын толықтыру үшін тегін түсірілімге қатысуды ұсынады. Осындай жолмен алынған фото және бейнематериалдар кейін дипфейк жасауға, сондай-ақ ақша аударуды сұрайтын жалған хабарламаларды таратуға пайдаланылуы ықтимал.

Осыған байланысты Ұлттық банк азаматтарды қырағылық танытуға шақырды. Сондай-ақ бейтаныс адамдарға ұялы телефонды бермеуге, SMS арқылы келетін растау кодтарын, банк картасының деректемелерін және өзге де құпия ақпаратты ешкімге жарияламауға кеңес берді.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.