Home Кәсіби маман Қазақстан DEC40 халықаралық альянсымен Smart City бағытында ынтымақтастық орнатты

Қазақстан DEC40 халықаралық альянсымен Smart City бағытында ынтымақтастық орнатты

10

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен DEC40 (Global Digital Economy Cities Alliance) ұйымы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат өңірлерді цифрлық тұрғыдан дамыту, Smart Region және Smart City тұжырымдамаларын ілгерілету, жасанды интеллект технологияларын енгізу, цифрлық экономиканы дамыту және инновациялық бастамаларды қолдау бағытындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалайды.

DEC40 – ақылды қалаларды дамытуға арналған озық цифрлық шешімдерді кеңінен қолдануға ықпал ететін, әлемдік тәжірибені насихаттайтын әрі халықаралық бірлескен бастамаларды қолдайтын ұйым. Оның құрамына әлемнің әр өңіріндегі қалалар, технологиялық компаниялар, ғылыми-зерттеу ұйымдары және халықаралық серіктестер енген.

Меморандум Қазақстан өңірлерінің Smart City халықаралық бастамаларына кеңірек қатысуына мүмкіндік беріп, цифрлық технологиялар саласындағы жетекші әлемдік компаниялармен өзара ынтымақтастықты нығайтуға негіз қалайды.

Ынтымақтастық мынадай негізгі бағыттарды қамтиды:

  • Smart City, жасанды интеллект және цифрлық басқару саласында озық технологияларды енгізуге ықпал ету;
  • Қазақстан өңірлерінде жүзеге асырылатын жобаларға халықаралық технологиялық компаниялар мен инвесторлардың қатысуын кеңейту;
  • қалаларды цифрлық дамытудағы озық әлемдік тәжірибені зерделеп, өзара бөлісу;
  • қазақстандық мамандардың халықаралық білім беру және кәсіби біліктілігін арттыру бағдарламаларына қатысуына мүмкіндік жасау;
  • бірлескен форумдар, сарапшылар кездесулері және іскерлік миссиялар ұйымдастыру;
  • инновациялар мен цифрлық экономика саласындағы халықаралық әріптестікті дамыту.

Ынтымақтастықтың алғашқы нәтижелерінің бірі ретінде Қазақстандағы Smart Region және Smart City бағытындағы басым жобалардың тізбесі әзірленеді. Кейін бұл жобалар жаңа технологиялық шешімдерді енгізу, халықаралық серіктестер мен әлеуетті инвесторларды тарту мақсатында DEC40 халықаралық қауымдастығының қарауына ұсынылады.

Сонымен қатар тараптар биыл Астана қаласында DEC40 ұйымына мүше елдердің өкілдері, Қазақстан өңірлерінің делегациялары, жетекші халықаралық технологиялық компаниялар мен инвестициялық қауымдастық қатысатын халықаралық Smart City форумын өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Форум аясында өңірлік жобалар таныстырылып, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің кездесулері ұйымдастырылады, сондай-ақ жобаларды қаржыландыру тетіктері мен заманауи цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланады.

DEC40 ұйымымен әріптестік Қазақстанның өңірлерді цифрлық жаңғырту, жасанды интеллект технологияларын дамыту және Smart City қағидаттарын енгізу жөніндегі мемлекеттік саясатын іске асырудағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ. Сонымен қатар бұл ынтымақтастық халықаралық сараптаманы, озық технологиялар мен инвестицияларды тартуға, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және еліміз қалаларының орнықты дамуына ықпал етеді.

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев келісімнің маңызына тоқталып, оның Қазақстан өңірлеріне халықаралық технологиялық компаниялар желісімен, озық әлемдік тәжірибемен және инвестициялық мүмкіндіктермен тікелей байланыс орнатуға жол ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, негізгі мақсат – заманауи технологияларды енгізумен ғана шектелмей, халықаралық серіктестердің қатысуымен әрбір өңірдің өзіне тән AI Native City жобаларын іске асыруына қолайлы жағдай қалыптастыру.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.