Астанада БҰҰ-ның геодезия және картография мәселелері бойынша өткен субрегионалдық семинарда Қазақстанның барлық қалалары мен аудан орталықтары цифрлық әуе түсірілімге енгізілгені хабарланды. Бұл туралы ҚР МЦРИАП Геодезия және картография департаментінің директоры Қажмұхан Бекмұқашев айтты.
Дереккөзге сүйенсек, қазіргі таңда жаңартылған 1:25 000 масштабтағы топографиялық карталар ел аумағының 97%-ын қамтиды. Сонымен қатар, 1300-ден астам елді мекеннің заманауи жоспары дайындалып, географиялық атаулардың бірыңғай базасы үнемі жаңартылып отырады.
Бұл жұмыс – Ұлттық кеңістік деректер инфрақұрылымын дамыту бағдарламасының бір бөлігі. Бағдарламаны іске асыру үшін 66 заңнамалық акт бекітілген, геоақпараттық саладағы ISO халықаралық стандарттары үйлестірілген.
2025 жылғы қаңтардан бастап енгізілген QazTRF-23 мемлекеттік координат жүйесі геодеректерді бір форматта өңдеуге, кадастрлық материалдарды қайта есептеуге және дәл координаттарды CORS желісі арқылы пайдалануға мүмкіндік береді.
Қажмұхан Бекмұқашевтың айтуынша, геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілерді жаңарту цифрлық картографияны әрі қарай дамытудың берік негізін қалайды және мемлекеттік органдар, бизнес пен ғылыми қауым үшін ақпаратқа қолжетімділікті арттырады.