Хэллоуин әдетте үрей тудыратын мереке ретінде қабылданғанымен, кез келген адам одан өзіне тән қызық пен қуаныш таба алады. Әрине, бұл қуаныштың аздап жұмбақ әрі сұрқай реңкі бар екені жасырын емес…
Luigi’s Mansion

Алдымен, ойын әлемінің классикасына айналған Луиджидің зәулім үйі атты трилогиядан бастаған жөн болар.
Аталған үш бөлімнен тұратын туындының желісі бойынша, Марионың бауыры Луиджи елестермен аяусыз күрес жүргізеді.
Ойын барысында кейіпкердің негізгі қаруы ретінде Полтергаст-3000 деп аталатын арнайы шаңсорғыш қолданылады. Бұл құрылғы ауаны ішке сору және сыртқа үрлеу сияқты екі түрлі режимде жұмыс істейді. Бірінші қызметі үй ішін тазалауға және рухтарды ұстауға арналғаны түсінікті. Бұл ретте Полтергаст құрылғысының қуаттылығы соншалық, оның көмегімен тек еденді ғана емес, төбені де тазалауға, аспашамдарды шайқалтуға және жасырын сырларды табу үшін шкафтардың есігін ашуға болады. Ал ауаны сыртқа үрлеу функциясы сирек жағдайларда, дәлірек айтқанда, шаңсорғыштан жалын, су және мұздай ауа шығаруға мүмкіндік беретін сиқырлы медальдарды иеленгеннен кейін ғана қажет болады.
Five Nights at Freddy’s

Бұл туындыны да өз жанрының классикасы деп толық негізбен айтуға болады. Ойынның дәл осы Фреддидің қасындағы бес түн жобасының алғашқы үш бөлімін ойнап көруге кеңес беремін.
Оқиға бас кейіпкердің газет бетінен қызметкер қажет деген хабарландыруды көзі шалуынан басталады. Онда Фредди Фазбердің пиццаханасына түнгі сағат нөл-нөлден таңғы алтыға дейін жұмыс істейтін түнгі күзетші керек екені айтылады.
Оның міндетіне бейнебақылау камераларындағы кескіндерді қадағалау, сондай-ақ мекеме жабдықтары мен аниматрониктерді қорғау кіреді. Ұсынылатын еңбекақы өте мардымсыз, яғни аптасына жүз жиырма долларды құрайды. Сонымен қатар хабарландыруда компанияның қандай да бір жарақаттар мен дене мүшелерінен айырылу жағдайларына жауапты еместігі ескертілген. Пиццахана күзетшісі үшін өте оғаш әрі күмәнді ескерту екені даусыз…
Costume Quest және Costume Quest 2

Алғашқы бөлімде кейіпкерлер үй-үйді аралап, тәттілер жинап жүргенде, ерекше құбыжықтарға тап болады. Ол мақұлықтар Хэллоуин мерекесінің шырқын бұзып, барлық кәмпиттерді тартып алуға әрекет жасайды.
Ал жаңа бөлімнің басында үйіне аман-есен оралған кейіпкерлер бұл мереке мен оның дәстүрлерін жек көретін басты қаскөй жергілікті тіс дәрігері доктор Вайт екенін анықтайды. Ол балалар кәмпит жемейтін және тістерін құртпайтын өзіндік стоматологиялық жұмақ құруды армандайды. Өзінің зұлым жоспарын жүзеге асыру үшін доктор Вайт уақыт бойынша саяхаттауды үйренеді.
Little Nightmares

Ойынның басты кейіпкері өте оғаш бала кейпінде суреттелген. Ол жүзін бірде күләпараның астына, бірде қорқынышты маскалардың артына жасырады. Ал қалтасында газы ешқашан таусылмайтын оттығы бар. Кейіпкер құбыжықтардың пайда болуын өте сабырлы қабылдайды, оны тек қарнының ашқанын білдіретін құрсақтан шыққан үрейлі дыбыстар ғана тоқтата алады.
Жобаның басты ерекшелігі, әрі сонымен бірге қайшылықты мәселесі – белгілі бір оқиғалардың барысын алдын ала болжаудың мүмкін еместігінде. Кейде тек сәтсіздікке ұшырап, кейіпкер қаза тапқанда ғана белгілі бір кезеңнен қалай өту керектігін түсінесің. Сәйкесінше, ойыншыдан жылдам реакция мен жоғары шеберліктен гөрі, жіберілген қателіктерден қорытынды шығара білу және әзірлеушілердің соңғы секунд пен миллиметрге дейін есептеген жоспарын дәл орындау қабілеті талап етіледі.
Pumpkin Jack

Белгісіз бір патшалықта шайтанның іші пысқандықтан, ол аталған аймаққа қарғыс айтып, ессіз құбыжықтарды шақырады және елді мекендерді қирата бастайды. Бұл жағдай жергілікті тұрғындарға ұнамай, олар ұлы сиқыршыдан көмек сұрайды. Шайтан өзінің қолын былғағысы келмей, сиқыршының көзін жою үшін Жек есімді кейіпкерді көмекке шақырады. Ол өткен өмірінде ең үлкен алаяқ болған, ал қазір оның тыным таппаған рухы о дүниеге өте алмай жүр.
Мұндағы қалыпты платформалық жүйе түрлі механикалармен ұштасқан: төбелестер де, қарапайым басқатырғыштар да, жылдамдыққа, есте сақтау мен қырағылыққа арналған сынақтар да, сондай-ақ түрлі қуғын-сүргін көріністері де бар. Осының арқасында ойын кезеңдерінің тым созылып кеткендей көрінуі өте сирек кездеседі.
Phasmophobia

Phasmophobia ойынында төрт адамнан құралған топ паранормальды құбылыстарды зерттеушілер ретінде әрекет етеді. Олар куәгерлердің айтуы бойынша елестер мен беймәлім күштер байқалған әртүрлі қараусыз қалған орындарға аттанып, тылсым дүниенің ізіне түседі. Аруақ аулаушылар бейнекамералар, ультракүлгін шамдар, рациялар және басқа да арнайы құрылғылардың көмегімен рухтың тұрағын тауып, оның түрін, мәселен, полтергейст, көлеңке, жын, они немесе баньши екенін анықтауға тырысады. Сонымен қатар мүмкіндігінше оны таспаға тартып, бұлтартпас айғақ ретінде өткізу арқылы қосымша табыс табуды көздейді.
Creepy Tale 2

Ертегілер әлеміне тән ну орманның ішінде Ларс есімді бала әкесі және қарындасымен бірге тұратын. Әкесі аңшылықпен айналысатын. Күздің сондай бір күндерінің бірінде Ларс үйреншікті шаруалармен шұғылданып, қарындасының жоғалған қонжық ойыншығын тауып береді, сондай-ақ әкесінің өтініші бойынша отын жарады. Күнделікті күйбең тірлікті тәмамдаған соң, ол демалу үшін өз бөлмесіне бет алады. Алайда оның тәтті ұйқысын астыңғы қабаттан шыққан қатты шу бұзады. Төменге түскен ол әкесіне беймәлім құбыжықтың шабуыл жасап жатқанына куә болады. Аңшы қаншалықты қарсылық көрсетуге тырысқанымен, ақыр соңында құбыжық оны еңсереді. Осы сәтте белгісіз бір қыз қулыққа басып, Ларстың қарындасына сиқырлы тәж кигізеді. Бұл бас киім қыздың мінез-құлқын мүлдем өзгертіп жібереді. Ендігі уақытта бойындағы қорқыныш сезімінен арылған ол өзін әлемнің әміршісі ретінде сезіне бастайды. Бірақ бұл қауіптің соңы емес еді, олар кенет Ларсты еске алады. Басты кейіпкер еш кідірместен терезеден секіріп, қалың орманға қарай қаша жөнеледі.
Darkwood

Мұндағы әдіс-тәсілдер классикалық үлгіге негізделген. Күндіз зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қолға түскен және қоржынға сиятын дүниенің барлығын жинау қажет. Сол аралықта сирек кездесетін кейіпкерлермен тілдесіп, олармен сауда-саттық жасауға болады. Ал қас қарая бастағанда, жақын маңдағы баспанаға қарай барынша тез жүгіріп, есік-терезені қымтап, өту жолдарын шкафтармен бекіту керек. Осыдан кейін тек таңның атуын тілеп, аман қалудың қамын жасау ғана қалады. Себебі ымырт үйірілісімен, күндіздің өзінде кейіпкерді түрлі жолдармен, мәселен, бұландар, иттер немесе басып кетсең уландыратын саңырауқұлақтар арқылы құртуға тырысатын жүйелі түрде өзгеретін орман мүлдем бақылаудан шығады. Дәл осы уақытта түнектен жаралғандай әртүрлі құбыжықтар, жабайылар, елестер, баньшилер мен өзге де сұмдық тіршілік иелері пайда бола бастайды.
Silent Hill f

Алдымен айта кетерлігі, мұның барлығы Silent Hill әлеміне ешқандай қатысы жоқ дүниелер.
Мұнда тар көшелер, ауылшаруашылық алқаптары, тау етектеріндегі елді мекендер мен мезгіл-мезгіл қорқынышты, қан-қызыл түсті гүлді-етті өсінділермен қапталатын ғимараттар сипатталады.
Аталған топтаманың алдыңғы нұсқаларындағыдай, ойын барысы үш негізгі тірекке сүйенеді: орындарды зерттеу, жұмбақтарды шешу және шайқастар.
No, I’m not a Human

No, Iʼm not a Human ойынының негізгі мазмұны күн мен түннің алмасуына құрылған. Күндізгі уақытта ойыншы келушілермен қарым-қатынас орнатып, баспананың ресурстарын бөледі және әртүрлі аяқталу нұсқаларына жетелейтін қосымша тапсырмаларды орындайды. Түнде болса, ол шақырусыз келген қонақтармен бетпе-бет келіп, бүкіл баспананың болашағын айқындайтын маңызды шешімдер қабылдауға мәжбүр болады.
Қысқасы, мерекелеріңізбен!












