Home Және басқа ақпараттар Балаларға арналған Австралияда балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салу ұсынылды

Австралияда балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салу ұсынылды

28

Австралия үкіметі 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді қолдануына тыйым салуды көздейтін жаңа заң жобасын ұсынды. Бұл бастама қоғамда қызу талқылауға себеп болды

Заң жобасы TikTok, Instagram, Snapchat сияқты платформалардың балалар психологиясына кері әсерін азайтуға бағытталған. Премьер-министр Энтони Альбанезенің айтуынша, бұл қадам балаларды кибербуллингтен және әлеуметтік желілердегі қысымнан қорғаудың тиімді жолы болуы мүмкін.

Бұл ұсыныс кибербуллинг пен психологиялық қысымға ұшыраған балаларға көмек көрсету қажеттілігінен туындаған. Мысалы, 12 жастағы Джеймс (есімі өзгертілген) Snapchat желісінде қорқытуға тап болғаннан кейін парақшасын өшіргенін айтты. Оның анасы бұл бастаманы қолдап, балалардың цифрлық кеңістіктен тыс дамуына мүмкіндік беру қажет екенін жеткізді.

Заңға сәйкес, әлеуметтік желілер 16 жасқа толмаған балалардың платформаға кіруін ата-ананың рұқсатына қарамастан шектеуі тиіс. Ережелерді бұзған компанияларға 50 миллион австралиялық долларға дейін айыппұл салу қарастырылған.

Заңды қолдаушылар, соның ішінде Wait Mate қозғалысы, әлеуметтік желілер балалардың бойында тәуелділік қалыптастырып, олардың дамуына кедергі келтіреді деп санайды. Ата-аналардың бірі, Фридлендер ханым, бұл заң баланы әлеуметтік оқшаулану мен зиянды платформаларға рұқсат беру арасындағы қиын таңдаудан құтқарады деп есептейді.

Дегенмен жаңа бастаманың тиімділігіне қатысты сұрақтар туындауда. Сонымен қатар, жүздеген ғалым заңды «асығыс шешім» деп атап, оның балаларды білім алу мен қоғаммен байланыс орнату кезінде аса кедергі болатынын ескертті.

Әлеуметтік желілерді шектеу әрекеттері Австралиядан бөлек өзге елдерде де байқалады. Франция мен Оңтүстік Кореяда осындай бастамалар техникалық қиындықтар мен құқықтық кедергілерге байланысты сынға ұшырады. Ал АҚШ-тың Юта штатында ұқсас заң Конституцияға қайшы деп танылып, федералдық сотта тоқтатылған еді.