Home Ақша Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек

Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек

23

Қазіргі таңда телефон арқылы жасалатын алаяқтық оқиғалары күн санап артып келеді. Бұл мәселе Қазақстан азаматтарының басым бөлігін айналып өтпегені анық. Өткен жылдың қаңтарынан қараша айына дейін елдегі әрбір төртінші адамға спам-қоңыраулар түскен, ал олардың жартысынан көбі тікелей алаяқтардың арбауына түскен. Бұл – алаңдататын көрсеткіш.

Әлеуметтік желілерде алаяқтардың жаңа айлалары туралы ескертулер жиі кездеседі. Бірақ, соған қарамастан, адамдар ескі және жаңа әдістерге алдануын доғарар емес. Олардың басты нысанасы – сенгіштік пен үрей сезімі.

Мысалы, қалалық телефондарды қолданатын қарт кісілерге «Мен ауруханадамын», «Мен полициядамын», «Мен жол апатына түстім» деген мазмұндағы жалған хабарламалар айтылып, ақша талап етіледі. Алаяқтар нақты есімдер атамай, өзін ұлы, қызы немесе немересі ретінде таныстырады. Өкінішке қарай, бұл қулықтар әлі де жұмыс істейді, әйтпесе мұндай қоңыраулар тоқтаған болар еді.

Ал мобильді нөмірлерге қоңырау шалатын алаяқтар әлдеқайда мұқият дайындалады. Олар сіздің толық аты-жөніңізді, телефон нөміріңізді, тіпті тұрғылықты мекенжайыңызды да білуі мүмкін.

Көп таралған әдістердің бірі – банк қызметкері ретінде қоңырау шалу. Олар «Сіздің шотыңыздан күмәнді ақша аударымы жасалғалы тұр» немесе «Құқық қорғау органдарына көмектесу үшін ақшаңызды қауіпсіз есепшотқа жіберуіңіз қажет» деп сендіруге тырысады. Кейде олар AnyDesk, TeamViewer секілді қосымшаларды жүктеуді сұрап, құрылғыға қашықтан қосылу арқылы толық бақылауды қолға алады. Осылайша, жәбірленушінің жеке деректерін пайдаланып, барлық қаражатын шешіп алуы немесе оның атына несие рәсімдеуі мүмкін.

Бұл – алаяқтардың тек кейбір қитұрқы әдістері ғана. Олар күн сайын жаңа амал ойлап тауып, алдаудың тың тәсілдерін әзірлеуде. Демек, сақтық шараларын күшейтіп, өзіміз бен жақындарымызды қорғау үшін мұндай қулықтарды алдын ала біліп жүрген жөн.

Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек

Алаяқтар күн өткен сайын айла-тәсілдерін жетілдіріп, халықты алдаудың жаңа жолдарын ойлап табуда. Олар өздерін «Қазпоштаның» қызметкері немесе көрші елдің пошта қызметінен деп таныстырып, сізге «сәлемдеме келгенін» хабарлайды. Код жіберуіңізді сұрап, оны алған соң ақшаңызды немесе деректеріңізді пайдаланып кетеді.

Кейде олар пошта қызметкері ретінде хабарласып, сізге тапсырыс жеткізу керек екенін айтады. Бірақ «жолданған зат» ашылған кезде ішінде тек мыжылған қағаз болатыны анықталады. Оған қоса, олар код сұрап, сіздің қаражатыңызға қол сұғуы мүмкін. Мұндай алаяқтық тіпті пицца, гүл, немесе тұрмыстық қызмет көрсету аясында да жүзеге асады. Газ қызметінің өкілі не су арнасының маманы ретінде танысып, «есептегіш құрылғыңыздың кепілдік мерзімі аяқталды» деп, кезекке тіркеу үшін код айтуды өтінуі де мүмкін.

Сақ болу қажет тағы бір жағдай – белгісіз сілтемелер. Олар тіпті сізге таныс адамның атынан келуі мүмкін. «Мына фотода өзіңізді таныдыңыз ба?», «Суреттегі кім?», «Туысым сайысқа қатысып жатыр, дауыс берші!» секілді жазбалармен келген сілтемелерге басу – парақшаңыздың бұзылуына әкелуі мүмкін.

Алаяқтардың ескі, бірақ әлі де тиімді әдісі – жалған ұтыстар. Олар сіздің автокөлік немесе құнды сыйлық ұтып алғаныңызды хабарлап, арнайы сайтқа кіруді сұрайды. Ол сайтта жеке мәліметтеріңізді енгізгенде, олар алаяқтардың қолына түседі. Кейде «сыйлықты алу үшін кішігірім комиссия төлеу керек» деген сылтаумен ақшаңызды алдап иемденеді.

Ең қауіпті жүйелердің бірі – қаржылық алаяқтық. Бұл тәсілге көбіне ауқатты азаматтар, зейнеткерлер мен қаржыдан алыс адамдар түсіп жатады. Оларға «брокерлік арқылы оңай ақша табу» ұсынылады. Бастапқыда аздаған пайда көрсетіп, адамның сеніміне кіреді. Кейін «тағы да ақша салсаңыз, кірісіңіз еселенеді» деп қызықтырып, одан да көп қаражат құюға итермелейді. Соңында адам қарызға батып, банктен несие алып немесе таныстарынан қарыз сұрауға мәжбүр болады. Кейбір жағдайда алаяқтар қорқыту, бопсалау әдістерін қолданады, тіпті адамның мүлкінен айырылу қаупін тудырады. Мұндай жағдайда адамдар ұзақ уақыт бойы жақындарына тіс жармай, мәселе тым ушығып кеткенде ғана көмек сұрайды.

Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек

Алаяқтардың айласы таусылмайды. Олар әрдайым жаңа схемаларды ойлап тауып, адамдарды алдаудың түрлі жолдарын іздейді. Сондықтан әрбір ақпаратқа күмәнмен қарап, бейтаныс адамдардың сұраныстарына сақ болу қажет.

Алаяқтар жаңа технологияларды белсенді түрде қолданады. Соңғы уақытта олар дауыс боттарын жиі пайдаланып, құрбандармен белгілі бір сценарий бойынша сөйлеседі. Мұндай боттар өзін полиция департаментінен хабарласып тұрғандай таныстырып, айыппұл бар екенін айтып, толық ақпарат алу үшін белгілі бір санды басуды ұсынады. Сол сәтте басқа «көмекші» қосылып, құпия ақпаратты растау қажеттігін айтады. Ол жеке деректерді, соның ішінде төлем мәліметтерін сұрауы мүмкін.

Алаяқтардың басты мақсаты – адамның жеке мәліметтерін алу. Оларға жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), жеке куәлік нөмірі, банк картасының толық деректері және SMS-код керек. Бұдан бөлек, олар «Иә», «Растаймын» деген жауаптарды жазып алу үшін келесідей сұрақтар қояды:

«Сіз Алматыда тұрасыз ба?»

«Соңғы тәулікте төлем жасадыңыз ба?»

«Біздің дүкендер желісінен сауда жасадыңыз ба?»

«Жүлдеңізді алғыңыз келе ме?»

«Мені жақсы естіп тұрсыз ба?»

«Бұл ақпаратты растайсыз ба?»

Егер адам алданса, ақша дропперлерге жіберіледі. Дроппер – алаяқтардың серігі, оның шотына жәбірленуші қаражат аударады. Кейін дроппер бұл ақшаны басқа адамға жібереді немесе қолма-қол шешіп алады. Осылай бірнеше рет аударылған соң, ақша негізгі алаяқтардың қолына түседі. Ақша түскеннен кейін алаяқтар құрбанмен байланысты үзіп, телефон нөмірлерін бұғаттап, жоғалып кетеді.

Өмірден алынған оқиға

Facebook қолданушысы Айвар Тазиев өзінің оқиғасымен бөлісті:

«Казпоштадан қоңырау шалды. “Сізге сәлемдеме келген, неге алып кетпейсіз?” – дейді. Кімнен, не екенін сұрамаппын. “Қазір SMS-код жібереміз, оны айтып, келіп алыңыз” – деді. Код келді, айттым. Кейін сәлемдемені қай жерден алу керектігін сұрадым. Бір алыс жерде екен. “Маған керек емес, кері жіберіңіздер” – дедім.

Келесі күні Ұлттық банктен қоңырау шалды. “Сіз үш банктен несие алдыңыз ба? Жалпы сомасы – 4 миллион теңге”. Басым айналып кетті. Шұғыл полицияға жүгіну керек болды, әйтпесе алаяқтар ақшаны жұмсап үлгереді.

Қысқасы, 27 ақпанды есте сақтау керек, осындайға енді түспеу үшін!»

Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек
Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек
Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек
Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек
Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек
Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек
Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек
Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек

Көпшіліктің көкейінде заңды сұрақтар туындайды: Алаяқтар адамдардың жеке мәліметтерін қайдан алады? Құқық қорғау органдары неге бұған тосқауыл қоймайды? Қанша адам алданса да, алаяқтардың нөмірлері неге әлі күнге бұғатталмайды? Жәбірленушілердің жоғалтқан қаражатын қайтаруға мүмкіндігі бар ма? Банк жүйесі мұндай қитұрқы әрекеттерді неге дер кезінде анықтап, алдын алмайды? Ең бастысы – өзімізді мұндай қақпаннан қалай қорғай аламыз?

Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек
Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек

Дегенмен, полиция ештеңе істемей отыр деп айтуға болмайды. Алаяқтардың көпшілігі Қазақстанда емес, шетелде әрекет етеді, бұл олардың ізіне түсу мен жауапкершілікке тартуды қиындатады. Оған қоса, қылмыстық топтар ұйымдасқан түрде жұмыс істейді. Көрші елдерде арнайы дайындықтан өткен жүздеген адамнан тұратын жасырын колл-орталықтар бар. Олар біздің құқық қорғау органдарының қолы жете бермейтін аумақтарда орналасқан, тек халықаралық арнайы операциялар арқылы ғана оларды әшкерелеу мүмкін.

Алаяқтар қазақстандық нөмірлерден хабарласқандай әсер қалдыру үшін SIP-телефония секілді арнайы бағдарламаларды пайдаланады. Бұл технология арқылы олар банк нөмірлерін немесе қарапайым азаматтардың телефон нөмірлерін көшіріп, сенімділікті күшейтеді.

Соған қарамастан, құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарға қарсы күрес жүргізіп келеді.”2022 жылдың желтоқсанында қазақстандық және украиналық киберполицияның бірлескен арнайы операциясы барысында Днепр қаласында алаяқтық әрекетпен айналысқан колл-орталық жойылды”, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айта кету керек, Днепр қаласы мұндай қылмыстық орталықтардың шоғырланған нүктесі ретінде танылған.

Бұл топ жоғарыда аталған әдістерді қолданып, өздерін қазақстандық банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған. Олар адамдарды сендіру үшін шоттарынан күдікті ақша аударымдары анықталғанын айтып, жеке қаржылық мәліметтерін сұраған.

Кейін жәбірленушілердің ақшасын арнайы есепшоттарға аударып, олардың атына онлайн-несиелер рәсімдеген. Сондай-ақ, қазақстандық банктерде арнайы есепшоттар ашып, криптовалюта әмияндары мен офшорлық шоттарды пайдаланған “дропперлер” — делдалдар арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұл қылмыстық жүйе Қазақстанда ғана емес, әлемнің түрлі елдерінде кең таралған.

Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек

Арнайы операция барысында 45 компьютер, 24 ұялы телефон, SIM-карталар мен өзге де айғақты заттар тәркіленді. Тексеру кезінде бұл құрылғыларда алаяқтар пайдаланған бағдарламалық жасақтаманың орнатылғаны анықталды. Ол Қазақстандағы байланыс операторларының нөмірлерін қолдан жасап, қоңырау шалуға мүмкіндік берген.Лог-файлдарды талдау кезінде қазақстандық абоненттерге жасалған фрод-қоңыраулардың тарихы табылды. Сонымен қатар, қазақстандық азаматтардың жеке деректері сақталған базалар мен Ұлттық банктің эмблемасы анықталды. Жалпы, бұл қылмыстық топтың құрамында болған 32 Украина азаматы ұсталды.

Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек

Бұл – Қазақстан азаматтарын алдауға бағытталған осындай көптеген қылмыстық орталықтардың бірі ғана. Мұндай схемалармен қанша ұйым айналысып отырғаны белгісіз: ондаған ба, жүздеген бе, тіпті мыңдаған ба – тек болжам жасауға болады. Бұрын мұндай орталықтарды әшкерелеу үшін халықаралық бірлескен операциялар ұйымдастыру оңайырақ болса, 2024 жылдың ақпанынан кейін жағдай күрделене түсті.

Дегенмен, барлық алаяқтар шетелден хабарласады деп ойлау қате. Қазақстанда да осындай қылмыстық топтар бар. Polisia.kz мәліметінше, өткен демалыс күндері елордадағы бизнес-орталықтардың бірінде орналасқан алаяқтық колл-орталық жойылды.

Бұл топ интернет-дүкендердің “Техносмарт”, “Байзон”, “Like me shop” атынан хабарласып, тұрғындарға қымбат жүлделер – автокөліктер мен пәтерлер ұтып алғанын айтқан. Алаяқтар жүлдені алу үшін азаматтардан “салық” төлеуді талап еткен.

Қауіп қайдан келеді? Телефон алаяқтары туралы не білуіміз керек

Операция барысында кеңседе жұмыс істеген алты қазақстандық азамат ұсталды. Полицейлер жеті ноутбук, маршрутизатор және Wi-Fi роутерді тәркіледі.

Сонымен қатар, Жетісу облысында полиция қызметкерлері мен ҰҚК өкілдері интернет-алаяқтық жасау үшін sim-box құрылғылары қолданылғанын анықтады. Тінту кезінде жеті sim-box құрылғысы (әрқайсысы 96 слоттан), қазақстандық ұялы байланыс операторларының 50 мыңнан астам SIM-картасы, жеті ұялы телефон, екі ноутбук, сондай-ақ екі ИЖ-53 маркалы пневматикалық тапанша мен төрт әскери каска тәркіленді. Соңғы заттар қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған болуы мүмкін.

Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Polisia.kz дерегінше, биыл киберқылмыспен күрес бөлімдерінің қызметкерлері 64 sim-box құрылғысын анықтап, алаяқтардың пайдалануына тосқауыл қойған. Сонымен қатар, қазақстандық операторлардың 90 мыңға жуық SIM-картасы тәркіленген.

Яғни, алаяқтарды ұстау мүмкіндігі бар. Егер сіз осындай қылмыстың құрбаны болсаңыз, 102 нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласқан жөн. Алаяқтарды табу – әрдайым мүмкін бола бермейді. Бірақ мүмкін болса ше?

Бұл тақырып өте ауқымды әрі өзекті. Банктердің ақпараттық қауіпсіздік жүйелері қаншалықты тиімді? Деректердің “сыртқа кетуі” үшін кім жауапты? Жеке мәліметтеріңізді қалай қорғауға болады?