Home Техника Автокөліктер Жаңа сынақ: робот такси қыстың қаһарына төтеп бере ала ма?

Жаңа сынақ: робот такси қыстың қаһарына төтеп бере ала ма?

9

Volkswagen компаниясының жүргізушісіз көлік технологиясына жауапты Moia компаниясы ID Buzz электрлі көліктеріне негізделген робот таксиін қыста сынақтан өткізе бастады. Осло қаласында өтіп жатқан бұл сынақтар автономды жүйелердің аяз бен мұзды жолда қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін тексеруге бағытталған.

Жүргізушісіз көліктер үшін ауа райының қолайсыздығы – негізгі қиындықтардың бірі. Бұған дейін робот такси қызметтері тек жылы және құрғақ аймақтарда сынақтан өткізілген. Мысалы, Uber және басқа да компаниялар өз жобаларын Финикс (Аризона) сияқты шуақты өңірлерде тексерді. Бірақ тек мінсіз жол жағдайына тәуелді технологияны коммерциялық тұрғыда кеңінен енгізу тиімсіз.

Соңғы жылдары автономды көлік саласында үлкен өзгерістер болды. Бірқатар ірі жобалар жабылып, технологиялық компаниялар өз стратегиясын қайта қарауға мәжбүр болды. Uber жүргізушісіз көлік бөлімшесін Aurora компаниясына тапсырды, ал Volkswagen мен Ford бірлесіп құрған Argo AI жобасын жапты. General Motors та Сан-Францискодағы Cruise AV робот такси жобасынан бас тартты.

Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Tesla Остинде жүргізушісіз такси қызметін іске қоспақ, ал Waymo Вашингтонда тестілеуін жалғастыруда. Бірақ мамандар бұл жобалардың табысты боларына күмәнмен қарайды, себебі бұған дейін олар қауіпсіздік талаптары мен мерзімдерді сақтауда қиындықтарға тап болған.

Moia Осло қаласымен қатар, Гамбург, Мюнхен және Остинде де деректер жинауда.
“Пайдаланушылар ауа райына қарамастан сенімді, ыңғайлы және қауіпсіз қызмет күтеді. Сол себепті жүргізушісіз көліктердің кез келген климаттық жағдайда тұрақты жұмыс істеуі – Еуропа мен Солтүстік Америка нарығына шығудың басты шарты”,- деп компанияның бас директоры Саша Майер бұл технологияның маңыздылығын атап өтті.

Мамандардың пікірінше, автономды жүйелер үшін басты қиындық – әр қаладағы ерекше жағдайларға бейімделу. Қар, жаңбыр, тұман сияқты табиғи құбылыстар камералар мен сенсорлардың жұмысын қиындатады.

Осло қаласындағы қысқы сынақтар Volkswagen роботаксиінің -10°C аязда және мұзды жолда қаншалықты сенімді екенін көрсетеді. Егер бұл сынақтар сәтті өтсе, Volkswagen әлемде алғашқылардың бірі болып жүргізушісіз такси қызметін қатал климат жағдайындағы елдерге ұсынуы мүмкін.