И. В. Панфилов атындағы №54 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Әмір Алниязов ARYK.AI атты бірегей жобасын таныстырды. Оның әзірлемесі мегаполистегі өзекті мәселелердің бірі – нөсер жаңбыр кезінде көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарының су астында қалу жағдайын шешуге бағытталған.
Жаңбырдан кейін арықтардағы су деңгейі едәуір көтеріліп, тасып кету жағдайлары жиі байқалады, бұл қала тұрғындарына қолайсыздық тудырады. Сондықтан су басу қаупі бар учаскелерді барынша нақты тіркеп, оларды бірыңғай цифрлық платформаға жинақтау және коммуналдық қызмет диспетчерлеріне интерактивті қолжетімділік ұсыну маңызды, – деп түсіндіреді бұған дейін робототехника командасының мүшесі болған өнертапқыш.
Жобаның негізінде жасанды интеллект пен су деңгейін өлшейтін физикалық датчиктердің үйлесімі жатыр. Жүйе бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Осылайша, ең проблемалы арықтарға орнатылған датчиктер су деңгейінің көтерілуін нақты уақыт режимінде тіркеп отырады.
Сонымен қатар қала тұрғындары арнайы Telegram-бот арқылы бітелген жерлердің фото және видеосын жолдай алады. Жасанды интеллект бұл визуалды деректерді талдап, мәселенің сипатын анықтайды (қоқыс, лай немесе құлаған ағаш) және оның күрделілік деңгейіне қарай басымдық береді. Бағдарлама оқиға орнына жетудің оңтайлы бағытын автоматты түрде есептеп, коммуналдық бригадалардың жұмысын жеңілдетеді.
Бұдан бөлек нейрожелі статистикалық деректерді, соның ішінде алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын талдай отырып, профилактикалық карта жасайды. Онда нөсер жауын басталмай тұрып-ақ тазалауды қажет ететін учаскелер белгіленеді.
Әмір Алниязовтың бұл әзірлемесі авторлық құқық куәлігін алды. ARYK.AI жобасына Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы қызығушылық танытты, ал Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов технологияға жоғары баға берді.
Жас өнертапқыш Алматы қаласы әкімдігіне жүйені қала көшелерінде пилоттық режимде сынақтан өткізу туралы ұсыныс жолдады. Қазіргі уақытта бұл бастаманы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы қарастырып жатыр.
Аталмыш жүйе көптеген процестерді автоматтандырып, әкімдікті қосымша қаржылық шығындардан босатады, жұмыс барысын жеделдетіп, тиімділігін арттырады деп ойлаймын, – дейді Әмір.
Егер жоба іске асса, Алматының арықтары ақылды жүйеге айналып, қала ең қатты нөсер жауынның өзінде де құрғақ күйін сақтай алады.
Елена Коэмец
Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.












