Home Ақша «12 миллиард теңге интернет арқылы ұрланды»: Цифрлық қауіпсіздік неге осал?

«12 миллиард теңге интернет арқылы ұрланды»: Цифрлық қауіпсіздік неге осал?

13

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов еліміздегі цифрлық қауіпсіздік мәселесін қатаң сынға алды. Ол әсіресе электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), SIM-карталар мен биометрия жүйесіне қатысты заңнаманың шикілігін айтып, Ішкі істер министрлігі мен Цифрландыру министрлігінің жұмысын сынға алды.

Мен бұған дейін де комитет отырысында заңның ақпараттық және ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан жеткілікті дәрежеде пысықталмағанын айтқанмын. Министрге нақты сұрақ қойдым, бірақ мардымды жауап ала алмадым — дейді депутат.

Қауіпсіздік кейінге ысырылған

Әбеновтың айтуынша, ІТ-бизнесті қолдау бағытында қадамдар жасалғанымен, киберқауіпсіздік мәселесі әлі де ескерусіз қалып отыр. Оның дерегінше, былтыр елімізде тіркелген алаяқтық оқиғаларының 99 пайызы интернет арқылы жасалған. Зиян көлемі 12 миллиард теңгеге жеткен . Бұл 2023 жылмен салыстырғанда үш есе көп.

-Ақшасынан айырылғандардың басым бөлігі сол күйі ақшасын қайтара алмай жүр. Бұл – елдің алаңдауына негіз бар деген сөз, — деп мәлімдеді депутат

ЭЦҚ қолдан жасалып жатыр

Депутат банктердің азаматтардан рұқсат сұрамай-ақ электронды қолтаңба жасап, келісімшарттарға қол қоюын ерекше атап өтті.

— Банктер ЭЦҚ-ны өздері жасап, клиенттің орнына құжаттарға қол қояды. Азаматтар бұл туралы тек сотта ғана біледі. Бұл — банк тарапынан заңсыз әрекет, және сол үшін жауапкершілік алуы тиіс, — деді ол.

Қауіпсіздігі әлсіз қосымшалар

Депутат ел ішінде қолданылатын мобильді қосымшалардың қауіпсіздігіне де күмән келтірді.

— Аталмыш қосымшалар арқылы алаяқтар азаматтардың атына несие рәсімдейді. Бұл үшін халықты кінәлауға болмайды. Мұны Цифрлық даму министрлігі бақылауы керек — деді ол.

SIM-карталар еркін сатылымда

Депутат мобильді байланыс операторларының бірнеше SIM-картаны бірден сатуы мәселесін көтерді, бұл алаяқтар үшін қосымша мүмкіндіктер туғызатынын айтты.Сондай-ақ кредиттерге байланысты телефон нөмірлерін тексерудің маңыздылығын да көтерді.

— Байланыс туралы заң бойынша әр азаматтың электрондық үкіметте тек бір ғана нөмірі болуы керек және кредиттер тек осы нөмірге тіркеліп рәсімделеді. Ал банктер «сенім телефоны» деген терминді енгізіп, ешкім ешқашан көрмеген телефон нөмірлеріне кредит рәсімдейді, — деді депутат.

Биометрия әлі жоқ

Мұрат Әбенов биометриялық жүйенің әлі күнге дейін енгізілмегенін де сынға алды.

— SIM-карталарды беру кезінде биометриялық сәйкестендіруді ұсынасыздар, бірақ бұл жүйе әлі заңды түрде реттелмеген. Ал банктер болса, биометрияны қолдана бастады, — деді Абенов. .

ЖСН-ді шетелде таратып жатыр

Депутат шетелдіктерге елімізге келмей-ақ ЖСН берілуін де сынға алды. Оның айтуынша, бұған дейін бұл процеске тыйым салынғанымен, министрлік заңды айналып өтіп, елшілік арқылы ЖСН беруді жалғастырған.

— Олар Қазақстанға келместен-ақ ЖСН алып, сол арқылы алаяқтық әрекеттерге барады. Бұл өте қауіпті үрдіс, — деді ол.

«Дропперлерге» қатысты жауапкершілікті күшейту

Сонымен қатар , депутат алаяқтарға көмектесетін адамдар – яғни «дропперлерге» қатысты заңнаманы күшейту қажет екенін айтты. Оның айтуынша, олар қылмыстың жай куәгері емес, керісінше тікелей сыбайлас саналады.

Онымен қоса, ол Цифрлық даму министрлігінің цифрлық сервистердің қауіпсіздігіне жауапкершілігін арттыру керектігін атап өтті. Депутат азаматтардың жеке деректерімен жұмыс істейтін барлық үдерістерді қатаң бақылауға алуды ұсынды.

— Тек бизнестің мүддесін емес, ең алдымен халықтың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – сіздердің басты міндеттеріңіз, — деді ол министрлік өкілдеріне.

ІІМ-ге қатысты ұсыныс

Сөз соңында депутат Ішкі істер министрлігі мен басқа да жауапты органдардың цифрлық қылмыстармен күрес жүйесін қайта қарап, жетілдіру қажет екенін жеткізді.

— Мұндай алаяқтықтың барлық түрлерін осы салада кәсіби деңгейде жұмыс істейтін ведомствоға тапсыруды ұсынамын, — деп түйіндеді ол.