Қайырлы күн, құрметті ойынсүйер қауым және жоғары технология әуесқойлары!
Дербес компьютерлер индустриясының даму тарихында шағын өлшемді ойын ноутбуктеріне қатысты өзіндік таптаурын түсініктер қалыптасты. Бұл санаттағы құрылғылар эргономикалық сипаттамасы, мобильділігі және тасымалдауға қолайлылығы тұрғысынан жоғары бағаланды. Оларды күнделікті кеңсе жұмысына да, алыс сапарларға да кедергісіз алып жүру мүмкіндігі тұтынушылар үшін басты артықшылық болып саналды.Алайда бұл артықшылықтармен қатар бірқатар техникалық шектеулер де кездесетін. Құрылғы көлемінің кішіреюі оның өнімділігіне әсер етіп, графикалық процессордың мүмкіндігін шектеді. Сонымен бірге жылу тарату жүйесінің жеткілікті дамымауы корпус температурасының көтерілуіне және ішкі бөлшектерге түсетін жүктеменің артуына себеп болды.
Соның салдарынан жоғары өнімді High-End жүйелер тек салмағы үш килограмға жуық, экраны 16–18 дюйм болатын ірі ноутбуктерге тән деген көзқарас орнықты. Алайда микропроцессорлық технологиялардың қарқынды дамуы бұл түсінікті өзгерте бастады. Бұл өзгерісте NVIDIA компаниясының озық әзірлемелері маңызды рөл атқарды. Бүгінде NVIDIA GeForce RTX 50 сериялы графикалық жүйелерімен жабдықталған ноутбуктер тек ойын құралы емес, ғылыми зерттеулерге, кәсіби мультимедиалық контент әзірлеуге және жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін әмбебап платформаға айналды.Осы тұрғыдан алғанда, ASUS ROG Zephyrus G14 (GU405) ноутбугі жоғары өнімділік пен әмбебап мүмкіндіктерді үйлестірген заманауи құрылғылардың жарқын үлгісі саналады.
ROG брендінің философиясы, дизайн ерекшеліктері және мерейтойлық кезеңі

Бүгінгі таңда Republic of Gamers брендінің жиырма жылдық мерейтойы аясында оның қалыптасу және даму тарихын саралау ерекше маңызға ие. Алғашқы кезеңдерде аталған сауда белгісі тек озық технология әуесқойларына арналған тар шеңберлі жоба ретінде танылды. Ол уақытта бренд ауқымды ойын жүйелерін, эксперименттік инженерлік шешімдер мен аса жоғары өнімділікті ұсынып, есептеуіш техниканың шекті мүмкіндіктерін сынаумен айналысты. Десе де, индустрияның қарқынды дамуы мен құрылғыларды пайдалану сипатының өзгеруі ойын ноутбуктерін әзірлеу тұжырымдамасына да айтарлықтай түзетулер енгізді.
Осы орайда ROG Zephyrus желісі әрқашан өзіндік бір қызықты ерекшелігімен оқшауланды. Бұл ноутбуктер қалыптасқан түсініктегі дәстүрлі ойын машиналарына ұқсауға ешқашан ұмтылған емес. Нарықтағы өзге де құрылғылар желдету саңылауларының ауқымдылығымен, түрлі түсті жарықдиодты шамдардың көптігімен және сыртқы пішінінің агрессивтілігімен бәсекелесіп жатқанда, Zephyrus топтамасы біртіндеп мүлдем бөлек эстетика қалыптастырды. Бұл бағыт сыртқы сипаты жағынан қарапайым геймерлік ноутбуктерге қарағанда жоғары технологиялы әрі жоғары санаттағы мобильді жұмыс станцияларына әлдеқайда жақын келді.
Жаңа буын ROG Zephyrus G14 (GU405) бұл философияны ерекше айқын ашады.
RTX 50 сериялы ойын ноутбуктерінің басты айырмашылығы — NVIDIA бейнекарталары тек ойынға арналған құрылғы болудан әлдеқашан қалды. Бүгінде RTX платформасы — кескіндерді генерациялаудан бастап, қолданбалы бағдарламалардағы смарт-құралдардың жұмысына, физикалық процестерді есептеуге, күрделі визуализациялар мен жергілікті жасанды интеллект модельдерін іске қосуға дейінгі шығармашылық пен жұмыстың барлық қырларына қатысатын, кең мүмкіндіктері бар жасанды интеллект үдеткіштері. NVIDIA GeForce RTX 50 жаңа буыны дәл осы мүмкіндікті айқын көрсетеді.
ROG Zephyrus G14 дизайны

Жабық күйінде ноутбук барынша жинақы әрі ұстамды бітімге ие. Оның сыртқы пішінінен өз қуаттылығын үнемі паш етуге тырысатын құрылғыларға тән сипат байқалмайды. Керісінше, өнімнің тұтас дизайны минимализмге, нақты сызықтарға және жоғары технологиялы қымбат бұйымға тән ерекшеліктерге негеделген. Сонымен қатар бұл — құрылғының жоғары санаты тек көзбен көргенде ғана емес, ұстап көргенде де айқын сезілетін ерекше жағдай.
Корпус сандық бағдарламалық басқаруы бар білдектерде өңделген алюминийден құйылған, бұл құрылымның беріктігінен бірден аңғарылады. Ноутбуктің қақпағы майыспайды, тіпті қатты басқанның өзінде жұмыс беті тұтастығын жоғалтпайды, ал құрылғының өзі қалыңдығы небәрі 1,59 сантиметр болатын бұйым үшін таңғаларлықтай тығыз әрі берік жиналған. Салмағының 1,5 килограмм шамасында болуы және 14 дюймдік корпусы G14 үлгісін күнделікті өзіңмен бірге алып жүруге барынша қолайлы құралға айналдырады.

Құрылғының шағын өлшеміне қарамастан, ASUS инженерлерінің қажетті интерфейс қосқыштарының (порттардың) толық жиынтығын сақтап қалғаны ерекше атап өтуге тұрарлық. Қалыңдығы аз 14 дюймдік бұйым үшін мұнда мобильділік пен функционалдық мүмкіндіктер арасындағы оңтайлы теңгерім түзілген. Корпуста екі USB 3.2 Gen 2 Type-A, DisplayPort, қуат беру және G-SYNC технологияларын қолдайтын бір USB 3.2 Gen 2 Type-C, толыққанды бір Thunderbolt 4, бір HDMI 2.1 FRL қосқыштары және жоғары жылдамдықты microSD UHS-II картридері орналасқан. Бұл ерекшелік Zephyrus G14 үлгісін минимализм үшін пайдаланушыны тек қос USB-C қосқышымен ғана шектейтін көптеген өте жұқа модельдерден айқындап тұрады.
Іс жүзінде бұл интерфейстік жиынтық өзінің тиімділігін толық дәлелдейді. Ноутбук сыртқы мониторлар мен мәліметтер жинақтауыштарға қосылатын мобильді жұмыс станциясына да, үйдегі толыққанды ойын кешеніне де, сапарларға арналған ыңғайлы жұмыс құралына да оңай айнала алады. Ең бастысы, бұл үдерістердің барлығы ешқандай өтпелі қосқыштарсыз, док-станцияларсыз және порттардың жетіспеушілігінен туындайтын шектеулерсіз жүзеге асады.
ROG Zephyrus G14 өнімділігі
ROG Zephyrus G14 аппараттық негізі ретінде 16 ядродан тұратын Intel Core Ultra 9 386H процессорымен жабдықталған. Оның құрылымында 4 өнімді P-ядро, 8 энергия тиімділігі жоғары E-ядро және фондық тапсырмалар мен энергияны үнемдеуге арналған 4 қосымша E-LP ядросы қарастырылған. Сонымен қатар Core Ultra жаңа буыны өнімділігі 50 TOPS көрсеткішіне жететін жасанды интеллектке арналған толыққанды NPU блогына ие. ASUS ROG Zephyrus GU405 ойын ноутбугінің ішкі құрылымы ерекше қызығушылық тудырады, өйткені 14 дюймдік шағын корпустың ішіне заманауи RTX платформасы біріктірілген. Дәл осы тұста мобильді ойын жабдықтарының концептуалды бағыты қаншалықты өзгергенін аңғаруға болады. ROG Zephyrus G14 ноутбуктері 16 ГБ GDDR7 бейнежадымен және TGP қуаты 130 Вт-қа дейін жететін Nvidia GeForce RTX 5080 графикалық жүйесімен жабдықталған.
Blackwell архитектурасына негізделген NVIDIA GeForce RTX 50 жүйесі туралы
Blackwell архитектурасы — бұл тек жиілігі жоғарылатылған кезекті графикалық процессор (GPU) ғана емес. NVIDIA компаниясы графиканы өңдеу мен жасанды интеллект жүктемелерін есептеу әдіснамасын түбегейлі қайта өңдеді. Бесінші буынның жаңа тензорлық ядролары FP4 есептеулерін қолдау мүмкіндігіне ие болды, бұл бейнекартаның жад пен энергияны аз тұтына отырып, күрделі жасанды интеллект модельдерімен жұмыс істеуіне жол ашады. Ал төртінші буынның жаңа RT ядролары заманауи ойындардағы сәулелерді қадағалау мен сәуле жолдарын есептеу (path tracing) мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады.
Сол себепті RTX 50 сериялы карталары бүгінде тек кадр жиілігін (FPS) сәл ғана арттыратын құрал ретінде емес, фирмалық ойын технологиялары біртұтас мақсатқа — виртуалды әлемге барынша шынайы енуге қызмет ететін дамыған экожүйе ретінде қабылданады. Бұл құбылыс жаңа буын RTX жүйесінің ең маңызды технологияларының бірі — DLSS 4.5 үлгісінен айқын көрінеді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын DLSS технологиясы негізінен жасанды интеллект арқылы кескінді үлкейту есебінен өнімділікті арттыру құралы ретінде қарастырылатын. Алайда DLSS 4.5 функциясының жұмыс істеу тетігі әлдеқайда тереңірек. NVIDIA екінші буынның Transformer архитектурасына негізделген жаңа жасанды интеллект модельдерін қолданады. Бұл модельдер кадр жиілігін арттырып қана қоймай, сонымен бірге кескіннің егжей-тегжейлі айқындалуын, қозғалыс кезіндегі суреттің тұрақтылығын, жарықтандыру сапасын және кадрлардың бірқалыпты шығуын қамтамасыз етеді.
Бұл ерекшелік сәулелерді қадағалау жүйесі мен күрделі HDR жарықтандыруы бар ауыр AAA деңгейіндегі жобаларда анық байқалады. Бұған қоса, NVIDIA компаниясы кадрларды генерациялау жүйесін бөлек жетілдірді. Жаңа Multi Frame Generation технологиясы графикалық процессор (GPU) салған әрбір кадрға жасанды интеллект көмегімен бес қосымша кадрға дейін жасауға қабілетті. Нәтижесінде, сәулелерді қадағалау функциялары белсенді қосылған өте күрделі сахналарда да кадр жиілігі жоғары көрсеткіштерге дейін өсе алады. Ең бастысы — бұл үдерістің барлығы кадр генерациясының алғашқы буындарымен салыстырғанда әлдеқайда табиғи әрі шынайы қабылданады.
Dynamic Multi Frame Generation технологиясының жұмыс істеу принципі ерекше қызығушылық тудырады. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде кадрларды генерациялау үдерісін ағымдағы сахнаның күрделілігіне, есептеуіш жүктемеге және дисплейдің жаңару жиілігіне сәйкес реттеп отырады. Яғни, ноутбук кескіннің бірқалыптылығы, сурет сапасы және басқару тетіктерінің сезімталдығы арасындағы теңгерімді сақтау үшін жасанды интеллект арқылы кескінді үлгілеу үдерісін тікелей іс үстінде бейімдейді.

Дәл осы тұста Zephyrus G14 өнімділігі пайдаланушыға мүлдем бөлек әсер сыйлайды. Себебі жиілігі 120 Гц болатын OLED дисплейдің, DLSS 4.5 технологиясының және RTX 5070 Ti Laptop бейнекартасының өзара үйлесімі бұл жүйенің визуалды мүмкіндіктерін осыдан екі-үш жыл бұрынғы ноутбуктермен салыстырғанда сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтереді. Сәуле жолдарын есептеу (path tracing) функциясы біріктірілген Resident Evil Requiem, сондай-ақ Pragmata, 007 First Light ойындары мен Unreal Engine 5 қозғалтқышында әзірленген жаңа AAA жобалары бұдан былай тек сынақ үшін ғана жасалған технологиялық көрсетілім сияқты қабылданбайды. Ноутбук бұрынғы мобильді жүйелердің қауқары жетпей, есептеу қуаты тарылатын күрделі сахналардың өзінде өте жоғары кадр жиілігін (FPS) тұрақты қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар соңғы жылдары RTX технологиясы 800-ден астам ойынға енгізілгенін және жүйелік талаптары жоғары барлық жаңа туындылардың бірден DLSS қолдауымен шығатынын атап өткен жөн. Осы себепті бұл ноутбукте кез келген заманауи ойын жобаларын ешқандай шектеусіз, толық жайлылықпен ойнауға болады.
Сонымен қатар NVIDIA компаниясы тек кадр жиілігін (FPS) арттырумен ғана шектелмей, кескіннің сапасын жақсарту бағытында да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жаңа DLSS Super Resolution L және M модельдері әлдеқайда күрделі жасанды интеллект үлгілерін қолданады және қозғалыс кезіндегі суреттің тұрақтылығы мен егжей-тегжейлі айқындалуын арттыру үшін бірнеше есе көп есептеулер орындайды. Бұл ерекшелік ұсақ нысандар өте көп шоғырланған, камера жиі қозғалатын немесе жарық түсуі күрделі динамикалық сахналарда ерекше анық байқалады.
Бұған қоса, RTX жүйесінің ойын ішіндегі графикалық технологиялардың өзін қаншалықты терең өзгерте бастағаны үлкен қызығушылық тудырады. Мәселен, Blackwell архитектурасы графикалық конвейердің дәл ішінде жасанды интеллектті тікелей қолдануға мүмкіндік беретін толыққанды RTX Neural Shaders — нейрондық шейдерлерді алғаш рет енгізіп отыр. Іс жүзінде бұл жасанды интеллект материалдарды, жарықтандыруды, текстураларды және тіпті кейіпкерлердің бет-әлпетін жасауға қатысатын нейрондық визуализацияның жаңа дәуірі басталғанын білдіреді.
Мәселен, RTX Neural Texture Compression технологиясы кескін сапасын айтарлықтай жоғалтпай, текстураларды жеті есеге дейін қысуға мүмкіндік береді, RTX Neural Materials күрделі материалдардың өңделуін жылдамдатады, ал RTX Neural Faces нақты уақыт режимінде кейіпкерлердің барынша шынайы бет-әлпетін қалыптастырады. Және бұл тек болашақтың еншісіндегі тәжірибелік технологиялар емес — NVIDIA олардың бір бөлігін дәл қазіргі уақытта белсенді түрде енгізіп жатыр.
NVIDIA Reflex технологиясы да RTX экожүйесінің маңызды бөлігі болып қала береді. Егер DLSS ең алдымен өнімділік пен кескін сапасына жауап берсе, Reflex безендіру жүйесі басқару тетіктерінің сезімталдығына тікелей әсер етеді. Бұл технология орталық процессор мен графикалық процессордың жұмысын өзара үйлестіре отырып, ойыншының жасаған әрекеті мен оның нәтижесінің экранда бейнеленуі арасындағы кідірісті барынша азайтады.
Дегенмен, ноутбуктерге арналған RTX 50 графикалық жүйесінің ең қызықты тұсы — бұл бейнекартаның тек ойынға арналған құрамдас бөлік болудан толықтай қалғандығында. Бүгінгі таңда RTX платформасы генеративті жасанды интеллект, жергілікті тілдік модельдер, кескінді үлгілеу, өңдеу, бейнежазбалармен жұмыс істеу және шығармашылық контент жасау үдерістерінде белсенді қолданылады. NVIDIA Studio бағдарламалық жасақтамасы Adobe Premiere Pro мен DaVinci Resolve-дан бастап Blender және OBS Studio-ға дейінгі 125-тен астам танымал қолданбалардағы жұмыс жылдамдығы мен жасанды интеллект құралдарының өнімділігін бірнеше есе арттырады.

Мұнда FP4 есептеулеріне көшу үдерісі ерекше маңызға ие болып отыр. Жаңа архитектураның арқасында жасанды интеллект модельдері кескін сапасын айтарлықтай жоғалтпай, бейнежадты әлдеқайда аз тұтынады. Мәселен, бұған дейін жұмыс істеуі үшін 20 ГБ-тан астам VRAM қажет еткен кейбір генеративті модельдер енді 10 ГБ-тан да аз жад көлемімен кедергісіз қызмет көрсете алады. Дәл осы себепті RTX 50 жүйесімен жабдықталған ноутбуктер толыққанды дербес жасанды интеллект станцияларына айнала бастады.
Бұл технологиялық жетістіктер күнделікті атқарылатын міндеттердің сапасына да тікелей әсер етеді. Тоғызыншы буынның жаңа NVENC кодегі бейнежазбаларды кодтау үдерісін айтарлықтай жылдамдатып, AV1 және HEVC форматтарының сапасын арттырады. Ал 4:2:2 кәсіби форматтарын қолдау мүмкіндігі HDR форматындағы бейнелерді өңдеуде таптырмас көмекші болып табылады.
Міне, сондықтан да Zephyrus G14 бүгінде ішінде қуатты бейнекартасы бар қарапайым ойын ноутбугі ретінде ғана қабылданбайды. Бұл құрылғы – виртуалды ойындар, жасанды интеллект, монтаж, генеративті құралдар, стриминг және кәсіби қызмет түрлері біртұтас экожүйе ретінде өзара кіріккен жаңа буынның әмбебап RTX платформасы.
Дисплей сипаттамасы

Заманауи ноутбуктердің ерекшелігін айқындайтын басты өлшемдердің бірі — экран сапасы. Қаншалықты қуатты ішкі жүйе орнатылып, корпус жоғары сапалы материалдардан құрастырылып, сыртқы дизайны барынша жинақы жасалғанымен, дисплей деңгейі төмен болса, құрылғының премиум сипаты бірден әлсірейді. Сондықтан ROG Zephyrus G14 GU405 моделіндегі экран тек техникалық компонент қана емес, алғашқы әсерден-ақ назарды өзіне бұрып, құрылғының негізгі мәнін айқындайтын өзек ретінде қабылданады.
Бұл ерекшелік ноутбук іске қосылған сәттен-ақ айқын сезіледі. 3K ажыратымдылықтағы 14 дюймдік ROG Nebula HDR OLED панелі кескіннің қанықтығын ерекше жоғары деңгейде жеткізеді. Қарапайым IPS дисплейлерден кейін мұндағы бейне жарықтығы мен тереңдігі әлдеқайда әсерлі көрініп, визуалдық сапаның жаңа өлшемін байқатады.Бұл әсер тек құрғақ техникалық Бұл тек техникалық сипаттамалардағы сандарға ғана байланысты емес, әйтсе де панельдің көрсеткіштері шынымен де таңғаларлық: 2880×1800 ажыратымдылық, 120 Гц жиілік, 0,2 мс жауап беру уақыты, Dolby Vision және G-SYNC технологияларын қолдау мүмкіндігі, сондай-ақ 1100 нитке дейінгі ең жоғары жарықтық деңгейі. Ең бастысы — осы көрсеткіштердің барлығы біртұтас жүйеде өте үйлесімді жұмыс істейді.
Аталған экранның мүмкіндігі әсіресе ойын барысында ерекше айқындалады. Жарық түсу сипаты күрделі, неонды шамдары, қараңғы сахналары мен күрделі HDR контенті мол Cyberpunk 2077 және Battlefield секілді жобалар Zephyrus G14 экранында бейне бір кинотеатрдағыдай әсер береді. Жарқыраған маңдайшалар, жарық шағылысулары, терең көлеңкелер мен қарама-қарсылыққа толы көріністер — OLED технологиясы суретті қабылдау деңгейін түбегейлі өзгертеді. Бұл нәтиже тек жоғары контрастылықтың арқасында ғана емес, сонымен бірге Nebula HDR Engine жүйесінің көмегімен жүзеге асады. ASUS компаниясы тым жарық сахналардағы шамадан тыс ағаруды азайтып, кескінді барынша табиғи қалыпқа келтіру үшін мыңдаған фото және бейнематериалдар негізінде оқытылған арнайы HDR өңдеу алгоритмдерін қолданады.
Zephyrus үлгісінде бұл экранның ойынға ғана емес, күнделікті кәсіби жұмысқа да бірдей бейімделуі айрықша маңызды рөл атқарады. 16:10 арақатынасы бар дисплей тік бағытта көбірек жұмыс кеңістігін ұсынып, бейнемонтаж, браузермен жұмыс, мәтін дайындау және фотосурет өңдеу сияқты міндеттер кезінде өз артықшылығын бірден байқатады. Ал DCI-P3 түс кеңістігін толық қамтуы құрылғыны шығармашылық жұмысқа арналған сенімді құрал деңгейіне көтереді. Мұнда түстер жасанды әсер тудырмай, табиғи әрі қанық реңкте беріледі, ал жоғары дәлдік G14 моделін графикамен және бейнематериалмен кәсіби деңгейде жұмыс істеуге толық мүмкіндік береді.
Салқындату жүйесі туралы
ROG Zephyrus G14 (GU405) моделінің техникалық сипаттамаларына көз жүгірткенде, осындай қуатты конфигурация шағын корпустың ішінде қарапайым ультрабуктерге тән қызып кету мен тұрақсыздыққа ұрынбай, қалайша тұрақты жұмысын сақтай алады деген орынды сұрақ туындайды.
Өйткені RTX 5070 Ti Laptop бейнекартасы мен Core Ultra 9 процессорын салқындатуға арналған кеңістігі мол, ауқымды 18 дюймдік корпусқа орналастыру — бір бөлек мәселе. Ал дәл осындай ішкі құрылғыларды қалыңдығы шамамен бір жарым сантиметр болатын жұқа, 14 дюймдік құрылғының ішінде қалыпты деңгейде ұстап тұру — мүлдем басқа міндет. Дәл осы тұста ASUS инженерлерінің Zephyrus G14 салқындату жүйесін жетілдіру бағытында қаншалықты ауқымды жұмыс атқарғаны айқын көрінеді.
Бұл жүйенің негізгі элементтерінің бірі – сұйық металл. Бұл әлдеқашан жай ғана маркетингтік мақсаттағы жарнамалық жазу болудан қалған. G14 моделінде ASUS компаниясы жылу өткізгіштігі дәстүрлі термопасталармен салыстырғанда 14,6 есе жоғары термоинтерфейсті қолданады. Іс жүзінде бұл шешім процессордың температурасын шамамен 13 градусқа төмендетуге мүмкіндік береді, ал мұндай тығыз орналасқан шағын корпус үшін бұл айырмашылық жоғары жүктеме кезінде бүкіл жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар ASUS компаниясы жылу өткізгіш түтікшелердің санын көбейтіп, оларды әдеттегі шағын құрылғылармен салыстырғанда қалыңдау етіп жасаған. Бұл Zephyrus G14 үшін өте маңызды, себебі ноутбук үнемі жоғары қуат тығыздығы жағдайында жұмыс істейді.
Бұл ретте G14 өзінің жоғары қуатына қарамастан, күнделікті жұмыс барысында шамадан тыс шуылдап, мазаны алмайды. Әрине, күрделі тапсырмаларды орындау кезінде желдеткіштердің дыбысы анық естіледі, өйткені шағын өлшемді жоғары санатты ноутбуктердің физикалық заңдылықтарын айналып өту мүмкін емес. Дегенмен, әдеттегі міндеттерді атқару кезінде жүйе өзін өте тыныш ұстайды, ал жүктеме режимдері арасындағы ауысу шу деңгейінің кенет секірістерінсіз, өте бірқалыпты жүзеге асады.
Қорытынды мен тиімді мүмкіндіктер

ASUS ROG Zephyrus G14 ноутбугінен алған әсер көңілге қонымды болғанымен, ойда аздаған екіұдай пікір де қалады. Мүмкіндігі мен жабдықталуы аса жоғары деңгейде болғанымен, бағасы да соған сай қомақты.
Ашығын айтқанда, мұндай құрылғылар қазіргі таңда ASUS пен NVIDIA компанияларының технологиялық дамуда қандай қарқынмен алға жылжып жатқанын айқын көрсетеді. Бұрын мұндай деңгейдегі технологиялардың бір ғана шағын ноутбукке сыйып кетуі мүмкін емес сияқты көрінетін. Ал қазір жағдай мүлде басқа: DLSS 4.5 және Multi Frame Generation технологияларын қолдайтын RTX 5070 Ti бейнекартасы, толыққанды сәуле трассировкасы, жасанды интеллектке негізделген функциялар, жоғары сапалы OLED HDR дисплейі және қуатты салқындату жүйесі салмағы небәрі бір жарым килограмм тартатын ықшам корпусқа біріктірілген. Бұрын мұндай инженерлік шешімдер тек ірі графикалық станцияларда немесе арнайы тапсырыспен жасалатын кәсіби жүйелерде ғана кездесетін.
Бүгінде бұл тек технологиялық демонстрация емес, нақты қолдануға арналған жетілген өнім. ASUS пен NVIDIA мобильді құрылғылардың жаңа буыны қандай болуы керектігін іс жүзінде дәлелдеп отыр. Енді ноутбук тек ойынға немесе тек жұмысқа арналған деп бөлінбейді. Бір ғана құрылғы AAA деңгейіндегі ойындарды да, жасанды интеллектімен жұмыс істеуді де, бейнемонтаж бен күрделі графикалық жобаларды да, оқу мен күнделікті кәсіби міндеттерді де бірдей деңгейде атқара алады.
Осы тұрғыдан алғанда Zephyrus G14 тек өнім желісінің жаңаруы емес, тұтас индустрияның бағытын айқындайтын айқын мысал ретінде қабылданады. Ол жоғары өнімділікке қол жеткізу үшін үлкен корпустың міндетті түрде қажет емес екенін, жасанды интеллекттің күнделікті қолдануға етене еніп бара жатқанын және RTX технологиялары ойын мен визуалды тәжірибенің сапасын түбегейлі өзгерткенін көрсетеді.
Енді практикалық қырына тоқталсақ. Мұндай ықшам әрі қуатты ноутбуктердің табиғатында үнемі қозғалысқа бейімдік бар. Пайдаланушы оны сапарға да, кеңсеге де, шығармашылық орталарға да, әуежай мен дәмханаға да ала жүреді. Құрылғы неғұрлым мобильді болған сайын, күнделікті өмірде күтпеген жағдайларға тап болу ықтималдығы да арта түседі. Байқамай қолынан түсіріп алу, соққы тию, сұйықтық төгілу, электр кернеуінің ауытқуы сияқты жағдайлар соның қатарында.
Осыны ескере отырып, ASUS компаниясы ASUS Perfect Warranty бағдарламасын ұсынып отыр. Бұл ASUS, ROG және TUF ноутбуктеріне арналған қосымша кепілдік жүйесі болып саналады. Ол тек зауыттық ақауларды ғана емес, пайдаланушы тарапынан орын алған кейбір кездейсоқ зақымдарды да қамтиды.
Бағдарлама ASUS ресми серіктестерінен сатып алынған ASUS, Republic of Gamers және TUF ноутбуктеріне қолданылады. Қазақстанда бұл жүйе 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылған.

ASUS компаниясы NVIDIA GeForce RTX 5060 және одан жоғары деңгейлі графикалық жүйемен жабдықталған жаңа ROG ноутбуктерін сатып алушыларға арнайы ұсыныс әзірледі. Мұндай модельдерді таңдаған пайдаланушыларға жас Джеймс Бонд туралы жаңа «007 First Light» ойынының кілті ретінде промокод тегін беріледі.
Бұл ұсыныс Zephyrus G14 үлгісінің мүмкіндіктерімен үйлесімді таңдалған. Себебі бұл ноутбук сәулелерді қадағалау технологиясы, DLSS 4.5 және жоғары кадр жиілігін қамтамасыз ететін шешімдер тоғысында жұмыс істейтін заманауи AAA деңгейіндегі ойындарға толық бейімделген. Ал RTX 50 сериясы NVIDIA-ның озық әзірлемелерін, соның ішінде сәуле жолдарын есептеу, Multi Frame Generation және Reflex технологияларын толық қолдай отырып, күрделі графикалық жобалардың бар әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.
Аталған ойынға қатысты буманы ASUS ROG ноутбуктерін Technodom және Mechta бөлшек сауда желілерінен сатып алған жағдайда сыйлық ретінде алу мүмкіндігі қарастырылған.












