Home Электроника Компьютерлер,ноутбуктер мен планшеттер ASUS компаниясының күзгі жаңалықтары: NUC 15 Pro+ шағын компьютері, ASUS ROG Pelta...

ASUS компаниясының күзгі жаңалықтары: NUC 15 Pro+ шағын компьютері, ASUS ROG Pelta құлаққабы және ASUS RTX 5080 Prime бейнекартасы

34

Технология нарығында маусым сайын жаңа шешімдер ұсынылып отырады. Әсіресе өнімділік пен функционалдық мүмкіндіктерге жоғары талап қоятын пайдаланушылар үшін мұндай жаңалықтардың маңызы зор. ASUS компаниясы да осы үрдістен шет қалмай, әр кезеңде өз аудиториясына тың құрылғылар ұсынуды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы назарға бірден үш өнім ілігіп отыр: NUC 15 Pro+ шағын компьютері, ASUS ROG Pelta ойынға арналған құлаққабы және ASUS RTX 5080 Prime бейнекартасы.

Алдымен шағын компьютерден бастайық. Соңғы жылдары дәстүрлі үстелдік компьютерлердің ықшам нұсқаларына қызығушылық артып келеді. Себебі мұндай құрылғылар толыққанды дербес компьютердің қуатын сақтай отырып, аз орын алады әрі энергияны үнемді тұтынады. Осы нарықтық сұранысты ескерген ASUS компаниясы да ықшам әрі қуатты шешім әзірлеуге кіріскен.

Компания ұсынған флагмандық модель — NUC 15 Pro+. Жинақы әрі талғампаз корпус кеңістікті үнемдейді, алайда оның ішкі құрылымы жоғары өнімді компоненттермен жабдықталған. Құрылғы Intel Core Ultra 200H сериялы процессорымен жұмыс істейді. Процессор құрамында кіріктірілген нейропроцессорлық модуль және Intel Arc графикалық ядросы бар. Есептеу ядроларымен бірлесе отырып, бұл жүйе жасанды интеллектке қатысты міндеттерде 99 TOPS деңгейіне дейін жиынтық өнімділікке қол жеткізеді. Сонымен қатар шағын компьютер Intel WiFi 7 сымсыз байланыс модулімен және жетілдірілген салқындату жүйесімен қамтамасыз етілген. NUC 15 Pro+ құрылғысына бір мезгілде төрт бірдей 4K ажыратымдылықтағы дисплейді қосуға мүмкіндік бар.

ASUS компаниясының күзгі жаңалықтары: NUC 15 Pro+ шағын компьютері, ASUS ROG Pelta құлаққабы және ASUS RTX 5080 Prime бейнекартасы

Жоғары конфигурацияда NUC 15 Pro+ Intel Core Ultra 9 200H сериялы процессорларымен жабдықталады. Бұл модельдер алдыңғы буын процессорларымен салыстырғанда шамамен 18 пайызға жоғары өнімділік көрсетеді.

Құрылғы ресурсты көп қажет ететін қосымшалармен жұмыс істегенде де жоғары жылдамдық ұсынады. Ол шағын компьютерлер санатындағы ең қуатты процессорлардың бірі ретінде бағаланады. Сенімділігімен ерекшеленетін бұл жүйе кеңселік күнделікті міндеттерді де, ойындарды да, мультимедиалық контент әзірлеуді де бірдей тиімді орындай алады.

Intel Arc графикалық ядросы да қазіргі таңда жоғары бағаланып отыр.

ASUS компаниясының күзгі жаңалықтары: NUC 15 Pro+ шағын компьютері, ASUS ROG Pelta құлаққабы және ASUS RTX 5080 Prime бейнекартасы

Тиімді салқындату жүйесі корпус ішіндегі ауа айналымын оңтайлы ұйымдастырып, жоғары жүктеме кезінде де қызып кетудің алдын алады. Инженерлік тұрғыдан мұқият есептелген бұл шешім жылуды тиімді таратып қана қоймай, барынша тыныш жұмыс істеуімен ерекшеленеді. Соның нәтижесінде құрылғы өнімділігін жоғалтпай, тұрақты режимде қызмет етеді.

Intel WiFi 7 BE201 кіріктірілген сымсыз байланыс модулі— деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізуді, кідірістің төмен болуын және желіге түсетін салмақ артқан жағдайда да тұрақты жұмысты қамтамасыз ететін аппараттық модуль. Ол бір мезгілде 2,4, 5 және 6 гигагерц жиілік диапазондарында жұмыс істейді, 320 мегагерцтік арна енін қолдайды, екі кеңістіктік ағынды пайдаланады және WiFi 7 стандартына тән өзге де технологиялық мүмкіндіктермен жабдықталған. Бұл модульдің ең жоғары өткізу қабілеті 5,8 гигабит секундына дейін жетеді.

Зияткерлік энергия үнемдеу функциясы шағын компьютер пайдаланылмаған жағдайда жүйені автоматты түрде бұғаттайды. Сонымен қатар мониторлар да өздігінен өшеді. Құрылғы қайта іске қосылғанда NUC 15 Pro+ дерлік бір сәтте жұмысқа дайын күйге келеді. Бұл шешім электр қуатын үнемдеумен қатар, ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды.

Файл алмасу және медиа деректерді жіберу үдерісін секундына 2 мегабитке дейінгі жылдамдықта қамтамасыз ететін Bluetooth 5.4 сымсыз интерфейсі 240 метрге дейінгі радиуста тұрақты байланыс орната алады. Бұл үлкен аумақта немесе ғимарат ішінде бірнеше құрылғыны қатар қосуға мүмкіндік береді.

NUC 15 Pro+ шағын компьютеріне бір мезгілде төрт бірдей 4K айқындықтағы дисплейді қосуға болады. Бұл үшін екі HDMI және екі Thunderbolt 4 порты қарастырылған. Мұндай конфигурация құрылғыны күрделі көпміндетті жұмысқа да, жоғары сапалы мультимедиялық ойын-сауыққа да тиімді пайдалануға жол ашады.

Көлемі небәрі 0,7 литр болатын NUC 15 Pro+ шағын компьютерінің жеңіл әрі ықшам корпусы эстетикалық тартымдылықпен қатар практикалық ыңғайлылықты да ұсынады. Арнайы топсалы механизм арқылы қақпағы оңай ашылады, жедел жад пен жинақтауыштарды жаңарту үшін бұрауыштың қажеті жоқ. Құрылғы ықшам болғандықтан, оны иыққа асатын сөмкеге немесе жол сөмкесіне салып алып жүру оңай. Бұл мобильділік талап етілетін жағдайда айрықша артықшылық береді.

ASUS компаниясының күзгі жаңалықтары: NUC 15 Pro+ шағын компьютері, ASUS ROG Pelta құлаққабы және ASUS RTX 5080 Prime бейнекартасы

Сонымен қатар NUC 15 Pro+ шағын дербес компьютері сенімділігімен және ұзақ мерзімді пайдалануға бейімділігімен ерекшеленеді. Өлшемі 144 × 112 × 42 мм болатын корпусы алюминий қорытпасынан жасалған. Құрылғы АҚШ әскерінің MIL-STD-810H әскери-өнеркәсіптік стандартына сай сынақтардан өткен. Бұл оның механикалық беріктігі мен әртүрлі сыртқы әсерлерге төзімділігін айғақтайды.

Осылайша, NUC 15 Pro+ — ықшам пішінге заманауи дизайн мен жоғары өнімділікті үйлестірген әмбебап құрылғы. Оны кеңсе жағдайында да, білім беру мекемелерінде де, үй кеңістігінде де тиімді пайдалануға болады. Құрылғы жұмыс тапсырмаларын орындауда, ойын-сауық үдерістерінде, мультимедиалық контент әзірлеуде немесе оқу барысында бірдей нәтижелі қызмет атқарады. Сонымен қатар сенімділігімен, ұзақ қызмет ету мерзімімен және энергияны үнемді тұтынуымен ерекшеленеді.

ASUS компаниясының тағы бір назар аударарлық жаңалығы — ASUS RTX 5080 Prime 16 ГБ жоғары өнімді бейнекартасы.

ASUS RTX 5080 Prime 16GB — NVIDIA GeForce RTX 5080 графикалық процессорына негізделген және 16 гигабайт GDDR7 бейнежадымен жабдықталған PRIME сериясының өкілі. Бұл модель айрықша есептеу қуатымен, кеңейтілген үйлесімділігімен және тиімді салқындату жүйесімен сипатталады. Салқындату архитектурасы үш Axial-tech желдеткіші мен булану камерасына негізделген ауқымды радиатор арқылы қамтамасыз етіледі.

Axial-tech желдеткіштерінің орталық бөлігі ықшамдалған, соның есебінен қалақтарының аумағы ұлғайтылған. Мұндай құрылым ауа ағынын күшейтіп, салқындату тиімділігін арттырады. Қалақ жиегін қоршаған шектеуші сақина ауа легін бағыттап, оның шашырауын азайтады. Ал қос мойынтірек желдеткіштердің қызмет ету мерзімін екі есеге дейін ұзартады.

ASUS компаниясының күзгі жаңалықтары: NUC 15 Pro+ шағын компьютері, ASUS ROG Pelta құлаққабы және ASUS RTX 5080 Prime бейнекартасы

Бұл бейнекартада радиатор мен графикалық процессордың арасына дәстүрлі термопаста емес, фазалық ауысу қасиетіне ие жоғары сапалы термотөсем қолданылады. Қызған кезде ол жұмсарып, графикалық процессор мен радиатор арасындағы микрожарықтарды толық толтырады. Жылу өткізгіштігінің жоғары болуы жылу алмасуды тиімді ұйымдастырып, қарқынды жүктеме жағдайында да бейнекартаның қызмет ету мерзімін ұзартады.

ASUS RTX 5080 Prime 16GB бейнекартасының қалыңдығы 2,5 кеңейту ұясының орнын алады. Бұл SFF-Ready Enthusiast GeForce Card стандартына сәйкес келеді және түрлі жүйелік блок корпустарымен кең үйлесімділікті қамтамасыз етеді.

Техникалық сипаттамалары

SFF-Ready ASUS Prime GeForce RTX 5080 OC Edition 16GB GDDR7

Графикалық процессор сериясы – GeForce RTX 50 Series

Чипсет моделі – GeForce RTX 5080

Бейнепроцессор жиілігі OC режимінде – 2604 МГц

Бейнежады жиілігі – 30000 МГц

Бейнежады түрі – GDDR7

Бейнежады көлемі – 16 ГБ

Жады шинасының разрядтылығы – 256 бит

Әмбебап процессорлар саны – 10752

Бейнешығыс порттары – DisplayPort үш дана, HDMI

Жасанды интеллект өнімділігі – 1827 AI TOPS

Құрылғы NVIDIA Blackwell архитектурасына және DLSS 4 технологиясына негізделген.

Жеделдетілген режимдегі жиілік – 2685 МГц, әдепкі режимде – 2655 МГц.

Қосуға болатын онитор саны – 4

Ең жоғары ажыратымдылық – 7680 × 4320, DisplayPort арқылы қосқанда

Қосылу интерфейсі – PCI Express 5.0

Қуат қосқышы – бір дана 16 pin

Иеленетін кеңейту ұяларының саны – 2,5

Ұсынылатын қорек блогының ең төменгі қуаты – 850 Вт

ASUS RTX 5080 Prime 16GB бейнекартасы заманауи ойындар үшін аса маңызды болып саналатын бейненің тегістігі мен жоғары айқындылығын қамтамасыз етеді. Дизайнерлер мен бейнеинженерлер үшін бұл модель жоғары детализацияланған графикамен жұмыс істеуді жеңілдетіп, рендер үдерісін жеделдетеді. Сонымен қатар кез келген пайдаланушыға аппараттық мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдаланып, жұмыс барысында жоғары өнімділік пен қанағат сезімін ұсынады.

ASUS ROG Pelta — ыңғайлы орналасуымен және әсерлі дыбысымен ерекшеленетін ойын гарнитурасы.

Бұл құрылғы, ең алдымен, цифрлық ойын әуесқойларына, сондай-ақ сапалы әрі кең ауқымды дыбысты бағалайтын пайдаланушыларға арналған.

ASUS компаниясының күзгі жаңалықтары: NUC 15 Pro+ шағын компьютері, ASUS ROG Pelta құлаққабы және ASUS RTX 5080 Prime бейнекартасы

ASUS ROG Pelta құлаққабы сыртқы безендірілуінде ойын стиліне тән элементтер сақталғанымен, ұстамды әрі жинақы дизайнға ие. Бас доғасы мен құлаққап тостағандары пластиктен жасалған. Негізгі түсі – қою сұр, қара түске жақын. Тостағандардың сыртқы бөлігінде ROG логотипі жарықтандырумен көмкерілген.

Құрылғы сымсыз форматта жұмыс істейді және салмағы небәрі 309 граммды құрайды.

ASUS ROG Pelta құлаққабының ыңғайлы орналасуы қосымша аспалы құрылым мен өзін өзі реттейтін серпімді белдік арқылы қамтамасыз етіледі. Ал құлақ жастықшалары жұмсақ әрі ауа өткізетін матадан дайындалған. Бұл шешім құлаққапты ұзақ уақыт бойы жайлы пайдалануға мүмкіндік береді.

ASUS компаниясының күзгі жаңалықтары: NUC 15 Pro+ шағын компьютері, ASUS ROG Pelta құлаққабы және ASUS RTX 5080 Prime бейнекартасы

Құлаққаптың басқару тетіктері сол жақ құлақ бөлігінде тік бағытта ықшам әрі үйлесімді орналастырылған. Мұнда микрофонды сөндіретін батырма бар, ол бір мезетте жарықтандыруды да өшіреді. Дыбыс деңгейін реттеуге арналған бедерлі айналмалы доңғалақ, музыкалық композициялар мен қоңырауларды басқаруға мүмкіндік беретін көпқызметті батырма, үш режимге арналған ауыстырғыш тетік, USB-C қосқышы және микрофон жалғауға арналған арнайы ұя қарастырылған. Басқару элементтерінің мұндай құрылымы құрылғыны пайдалануды жеңілдетіп, әрекеттерді жылдам орындауға жағдай жасайды.

ASUS компаниясының күзгі жаңалықтары: NUC 15 Pro+ шағын компьютері, ASUS ROG Pelta құлаққабы және ASUS RTX 5080 Prime бейнекартасы

Құрылғы үш түрлі қосылу тәсілін негізе алады: USB-C арқылы тікелей сымды байланыс, 2,4 ГГц радиожиілігі негізіндегі сымсыз қосылу және Bluetooth технологиясы. 2,4 ГГц арнасы арқылы жалғанғанда меншікті ROG SpeedNova технологиясы іске қосылады. Бұл шешім дыбыс кідірісін барынша азайтып, сигналдың тұрақтылығы мен нақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде аудио ақпараттың берілуі жедел әрі синхронды жүзеге асады.

ASUS ROG Pelta құлаққабының дыбыстық мүмкіндігін толық пайдалану үшін Armoury Crate бағдарламасын орнату ұсынылады. Аталған қосымшада дыбыс режімдерін таңдау, ойнату және жазу деңгейін реттеу, эквалайзер баптауларын өзгерту, виртуалды кеңістіктік дыбысты қосу, реверберация әсерін белсендіру секілді бірқатар кеңейтілген функциялар қолжетімді. Бағдарлама орнатылмаған жағдайда құрылғының акустикалық әлеуеті толық ашылмайды. Алдын ала әзірленген баптаулар белгілі бір қолдану сценарийіне бағытталған. Мәселен, фильм көруге арналған режім төменгі жиіліктерді күшейтіп, дыбысты кең әрі қанық етіп береді және дауыс анықтығын арттырады. Байланыс режімі онлайн сөйлесулер кезінде сөздің түсініктілігін жақсартады. Ал динамикалық ойындарға бейімделген баптау атыс пен жарылыс дыбыстарын айқын әрі әсерлі жеткізуге мүмкіндік береді. Режімдер арасында ауысу ыңғайлы әрі жылдам орындалады.

Сапалы акустикалық жүйе ойын барысында тек әртүрлі дыбыстарды ажыратуға ғана емес, олардың қай бағыттан шыққанын дәл анықтауға жағдай жасайды. Кеңістіктік бағдарлау мүмкіндігі артып, пайдаланушының реакция жылдамдығы мен шешім қабылдау дәлдігіне оң ықпал етеді.

Микрофон икемді тірекке бекітілген. Ол дауысты анық қабылдап, табиғи тембрін сақтай отырып жеткізеді. Дыбыстың берілуінде кідіріс байқалмайды, бұл онлайн байланыс кезінде тұрақты әрі сапалы коммуникацияны қамтамасыз етеді.

ASUS компаниясының күзгі жаңалықтары: NUC 15 Pro+ шағын компьютері, ASUS ROG Pelta құлаққабы және ASUS RTX 5080 Prime бейнекартасы

Жарықтандыру жүйесі бірнеше режимде жұмыс істейді, оның ішінде түсті еркін таңдауға мүмкіндік беретін нұсқалар бар. Сонымен қатар жарық эффектілерін басқа құрылғылармен синхрондау қарастырылған, бұл пайдаланушы экожүйесінің тұтастығын қамтамасыз етеді.

Құрылғының автономды жұмыс уақыты жарықтандыру өшірулі күйде 70 сағатқа дейін жетеді. Жарық қосылған жағдайда шамамен 45 сағат жұмыс істейді. ASUS ROG Pelta үлгісінде жылдам қуаттау технологиясының болуы күнделікті пайдалануда айтарлықтай қолайлылық береді.

Динамик диаметрі — 50 мм.

Құлаққаптың жиілік диапазоны — 20–20 000 Гц.

Микрофонның жиілік диапазоны — 100–10 000 Гц.

Микрофон сезімталдығы — –40 дБ.

Қосылу түрлері — Bluetooth, 2,4 ГГц сымсыз арнасы және USB-C интерфейсі.

Қуаттау коннекторы — USB-C.

Аккумулятор сыйымдылығы — 900 мА·сағ.

Автономды жұмыс уақыты — 70 сағатқа дейін, жылдам қуаттау қолдауы бар.

Кабель ұзындығы — 1,8 м.

Салмағы — 309 грамм.

Үйлесімділігі — дербес компьютерлер, планшеттер, смартфондар, PlayStation 4/5 және Nintendo Switch ойын жүйелері.

ASUS компаниясының күзгі жаңалықтары: NUC 15 Pro+ шағын компьютері, ASUS ROG Pelta құлаққабы және ASUS RTX 5080 Prime бейнекартасы

ASUS ROG Pelta — басқа құрылғылармен үйлесімділігі кең, көлемді дыбыс технологиясын ұсынатын және ұзақ уақыт бойы жайлылықты сақтайтын құлаққап. Ол ұзаққа созылатын ойын сессияларында акустикалық айқындық пен эргономикалық қолайлылықты қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.

ASUS компаниясының бұл жаңа өнімдері — NUC 15 Pro+ шағын дербес компьютері, жоғары өнімді ASUS RTX 5080 Prime 16 GB бейнекартасы және ASUS ROG Pelta құлаққабы — қазір Қазақстан нарығында сатылымға шығарылған.