Астанада жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізіп жатқан ұстаздар қатары артып келеді. Солардың бірі – №85 шейх Тамим бин Хамад әл-Тани атындағы мектеп-лицейдің информатика пәні мұғалімі Серікжан Қарсақов. Оның заманауи әдістемесі бүгінде елордадағы тоғыз мектепте қолданылып жүр.
Серікжан Қарсақов халықаралық Astana Hub технопаркі іске қосқан edu.astanahub.com білім беру платформасының қатысушысы. Қазір бұл платформада 19 мыңнан астам оқушы білім алуда, ал 300-ге жуық ұстаз жасанды интеллект пен ойын жасау бағыттарын меңгеріп жатыр.
«Оқу бағдарламасына жасанды интеллект курсы енгізілген сәттен бастап, оны жоғары сыныптарда қолдана бастадым. Балалардың қызығушылығын байқап, нейрожелілерді көмекші құрал ретінде пайдаландым. Оның көмегімен мәтін талдау, сабақ жоспарын, тест пен презентация әзірлеу әлдеқайда жеңілдейді. Бұл тек уақыт үнемдеу емес, сабақтың мазмұнын да байытады», – дейді мұғалім.
«Жасанды интеллектіні пайдалану дағдыларын дамыту» тақырыбындағы ашық сабақ барысында оқушылар өз сайттарын жасап, деректерді талдап, ЖИ көмегімен рейтингтер құрды.
Қалалық білім басқармасының мәліметінше, мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыру – басты бағыттардың бірі. 2024–2025 оқу жылында 12 қалалық семинар өткізілген. Ал Astana Hub платформасы арқылы білім алған ұстаздарға жоғары сыныптарда жасанды интеллект пен ойын жасауға арналған факультатив сабақтарды жүргізуге қосымша сағат берілген.
Келесі оқу жылынан бастап елорданың №8, №9, №84 және №107 мектептерінде жасанды интеллект курстары енгізіледі. Білім басқармасы педагогтардың ЖИ-ді тиімді пайдалану дағдыларын жетілдіруге арналған жылдық оқыту жоспары дайындалғанын хабарлады.












