Өткен демалыс күндері Астанада киберспорт жанкүйерлері асыға күткен жазғы республикалық кубоктың шешуші кезеңі өтті.
Жазғы маусым шілде айында іріктеу сайыстарымен басталып, тамыздың басында мәресіне жетті. Осы кезеңде төрт түрлі кибердисциплина бойынша финалға жолдама алған қатысушылар анықталды: FIFA 23, ML:BB (мобильді ойын), Counter-Strike: Global Offensive және PUBG Mobile.

PUBG Mobile бойынша шешуші матч онлайн форматта ұйымдастырылды. Бұл тартысты ойында жеңіске тұңғыш рет Sly Machine командасы жетті.

Ал қалған үш бағыттың жеңімпаздары Астанадағы «Қазмедиа орталығында» өткен ақтық сайыста анықталды.Алғашқы болып FIFA 23 бойынша елдегі ең мықты ойыншылар — Ақназар cold_blood Бексеитов пен Федор FENUMA777 Зенин жасыл алаңға шықты. Виртуалды футбол финалы тек киберспортшылардың емес, жанкүйерлердің де эмоциясын қозғаған шынайы тартысқа айналды.

Ақназар Бексеитов қарсыласына алғашқы минуттарда жол беріп, кейін ойынның соңына қарай есепті өз пайдасына өзгертіп жіберетін тәсілімен көпшіліктің есінде қалды. Осындай күтпеген сәттер мен шешуші голдар оның ойынын тартысты әрі ерекше әсерлі етеді.
Кезекті турнир де әдеттегідей көрермендердің көңілінен шықты. Залға жиналғандар да, сырттан тамашалағандар да алып экрандардан ойын барысын, спортшылардың қуанышы мен толқынын бір сәтке жібермей бақылап отырды. Осындай формат жарысты жай ғана бәсекеден нағыз шоуға айналдырып отыр.


Бұған қоса, бұл алаң тек ойыншыларға емес, көрермендерге де өз қабілетін көрсетіп, қызықты дүниелерді бастан кешіруге жол ашады. Чемпионат кезінде әркім өз бағын сынап, түрлі ойын ойнай алады, кәдесыйлар сатып алып, сүйікті кейіпкерлерімен фотоға түсе алады. Тіпті, комикс, аниме немесе кино кейіпкерінің образына еніп, косплей әлеміне енуге де болады.


Виртуалды футболдан кейінгі кезек — Mobile Legends: Bang Bang ойынында. Бұл командалық ойында екі құрам қарсы жақтың қамалын бағындыруға талпынады. Әр командада бес ойыншы бар. Олар тек шабуылдаумен шектелмей, өз шептерін де жанкештілікпен қорғайды. Себебі жеңіс — қорғанысты сақтай отырып, қарсыласқа төтеп беруде.

Бұл турнирде TumTuum мен Everlasting Esports сынды мықты командалар жолықты. Жеңіс TumTuum командасына (Nori, Worthy, AstralStep, Miracle, Radoberg) бұйырды.
Турнирді түйіндеген — әйгілі CS:GO ойыны. Мұнда AVANGAR (def1zer, TNDKing, ICY, BLVCKM4GIC, Pumpkin66) мен CUBE CYBER (OxygeN, SYPHO, khaN, rinn, dosikzz) командалары бас жүлде үшін таласты. Қай-қайсысы да тәжірибелі, шеберлігімен танылған ұжымдар. Тартысты ойында AVANGAR жеңіске жетті. Бұл команда 2019 жылы мейджор финалына дейін жетіп, халықаралық аренада аты шыққан еді (ол кезде құрам басқаша болған).

Жүлде қоры да көңіл қуантады.PUBG Mobile сайысында жеңімпаз команда 450 мың теңгеге ие болды. Екінші орын — 250 мың, ал үшінші орын — 150 мың теңге алды. Бұған қоса, үздік сегіздікке енген командалар да ақшалай ынталандыруға қол жеткізді.
CS:GO бойынша чемпион атанған ұжым 600 мың теңге жеңіп алды. Күміс жүлдегер — 400 мың, ал қола иегері — 200 мың теңгемен марапатталды.

FIFA 23 виртуалды футбол додасында жеңімпаз 150 мың теңгені қанжығасына байлады. Екінші орын алған ойыншыға — 100 мың, ал үшіншіге — 50 мың теңге табысталды.
Ал Mobile Legends: Bang Bang бойынша топ жарған команда 400 мың теңге иеленді. Екінші орын — 250 мың, үшінші орын — 150 мың теңгеге бағаланды.

Қазақстандық киберспорт федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевтің пікірінше, киберспорт – елімізде енді ғана тамыр жайып келе жатқанымен, бүгінде ол кең танылған, қалыпты спорт түріне айналып үлгерді.
«Бұл – таланттарды танытып, шыңдайтын үлкен алаң. Мұнда даму мүмкіндігі мол. Елімізде дарынды жастар жетерлік», – дейді Есекеев.