Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрсов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мемлекеттік қаржыны цифрлық трансформациялау барысы мен Қаржы министрлігінің негізгі цифрлық жобалары туралы баяндады.
Бүгінде цифрландыру ведомство қызметінің барлық бағыттарын қамтып отыр. Атап айтқанда, салықтық және кедендік әкімшілендіруден бастап бюджет жоспарлауына, мемлекеттік шығыстарды мониторингтеуге, мемлекеттік мүлікті басқаруға және мемлекеттік аудитке дейінгі барлық үдерістер цифрлық форматқа көшірілуде.
Негізгі нәтижелердің бірі ретінде Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа цифрлық архитектурасының қалыптасуын атауға болады. Тәуелсіз ІТ-аудит қорытындысы бойынша ақпараттық жүйелер саны 14-тен 5 негізгі платформаға дейін қысқартылды. Бұл өз кезегінде заманауи микросервистік архитектураға көшуге, үлкен деректерді өңдеуді қамтамасыз етуге және жасанды интеллектіні енгізуге негіз қалады.
Салықтық әкімшілендіруді дамыту аясында бұрын бір-бірінен оқшау жұмыс істеген жеті жүйені біріктірген Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі (САИЖ) енгізілді. Соның нәтижесінде онлайн төлемдерді жүргізу уақыты 15 минуттан 1 минутқа дейін қысқарды, ал құжаттарды өңдеу уақыты 1 сағаттан 1 минутқа дейін азайды.
Цифрлық экожүйенің маңызды элементтерінің бірі – Smart Data Finance платформасы. Ол 78 мемлекеттік және сыртқы дереккөзден мәліметтерді жинақтайды. Big Data негізінде бюджет кірістерін болжау құралдары енгізіліп, тәуекелдерді басқару жүйесі жетілдірілуде, сондай-ақ басқарушылық шешімдер қабылдауға арналған аналитикалық мүмкіндіктер дамытылуда.
Баға белгілеудің ашықтығын арттыру және бюджет жоспарлаудың тиімділігін күшейту мақсатында Ұлттық тауарлар каталогы мен Баға деректер базасы іске асырылуда. Ұлттық каталогта бүгінде 26,5 миллионнан астам тауар позициясы қамтылған. Ал маркет-талдау жүйесінің деректерін пайдалану бюджет қаражатының ықтимал үнемін жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін болжауға мүмкіндік береді.
Кедендік әкімшілендіруді цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Keden ақпараттық жүйесі бұрын қолданылған «АСТАНА-1», «Бір терезе» және ТАИС жүйелерін біріктіріп, рәсімдерді автоматтандыруды қамтамасыз етеді әрі кедендік операциялардың өту мерзімін қысқартады.
Мемлекеттік қаржының шығыс бөлігінде Tapsyru мемлекеттік мүлік маркетплейсі іске асырылды. Бұл жүйе мемлекеттік ұйымдар арасында мүлікті электронды түрде беруге мүмкіндік береді. Іске қосылған сәттен бері платформа арқылы жалпы құны 232 млрд теңгеден асатын 34 мыңнан астам нысан берілген.
Бизнесті қолдау бағытында «бір терезе» қағидаты бойынша Қаржы министрлігінің сервистерін біріктіретін кәсіпкерлерге арналған Бірыңғай жеке кабинет дамытылуда. Алдағы уақытта платформаның функционалы жасанды интеллект негізіндегі шешімдермен толықтырылып, есептілікті автоматты толтыру, тәуекелдерді талдау және жекелендірілген ұсыныстар беру мүмкіндіктері енгізіледі.
Бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығын арттыру, бақылауды күшейту және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық теңге енгізілуде. Қазіргі таңда айналымға шамамен 339 млрд цифрлық теңге шығарылған. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу, инфрақұрылымдық жобалар, субсидиялау және салықтық әкімшілендіру салаларында 20-дан астам пилоттық жоба іске асырылған.
Сонымен қатар Қаржы министрлігі мемлекеттік аудиттің бірыңғай цифрлық экожүйесі – SMART AUDIT QAZAQSTAN платформасын құруда. Бұл жүйе бұзушылықтарды анықтаудан оларды алдын алуға көшуге мүмкіндік беріп, Big Data және жасанды интеллект технологияларына негізделетін болады.
Кешенді цифрлық трансформация мемлекеттік қаржының бірыңғай экожүйесін қалыптастырып, бюджет үдерістерінің ашықтығын арттыруға, мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға және азаматтар мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға жол ашып отыр.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












