Home Сараптама Қазақстан ұлттық криптоқор қалыптастыруға кірісті

Қазақстан ұлттық криптоқор қалыптастыруға кірісті

9

Қазақстан цифрлық активтерді дамыту бағытында жаңа кезеңге қадам басып, ұлттық криптоқор қалыптастыруға кірісті. 1 тамыздан бастап елде стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру тәртібін айқындайтын жаңа ережелер күшіне енді.

Мемлекет қазір жұмыс істеп тұрған криптовалюта өндірушілеріне стратегиялық майнер мәртебесін беріп, оның орнына өндірілген цифрлық валютаның 10 пайызын (электр энергиясына жұмсалған шығын шегерілгеннен кейін) алуды көздейді. Стратегиялық майнерлер энергия көздерінен электр қуатын белгіленген шекті тарифтер бойынша тікелей әрі тұрақты түрде алады. Бұл тетік мемлекеттің «цифрлық алтын» қорын қалыптастырумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар Қазақстанда жаңа деректер өңдеу орталықтарын ашып, электр энергиясын тиімді шарттармен пайдалануға мүдделі инвесторларды тартуға бағытталған.

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің (ЖИЦДМ) редакцияның Energyprom.kz сауалына берген мәліметіне сәйкес, 2023 жылдан 2026 жылғы мамырға дейін Қазақстан аумағында аккредиттелген майнингтік пулдар шамамен 7,2 мың биткоин (BTC) өндірген. Оның жартысына жуығы, яғни 3,4 мың BTC, 2024 жылға тиесілі. Ал өткен жылы нарық қатысушылары тағы 2,3 мың BTC өндірді. Биылғы алғашқы бес айда өндірілген цифрлық активтердің көлемі 519,5 BTC болды. Алынған криптовалютаны теңгеге шақырып көрсетпейміз. Себебі қолда ай сайынғы емес, жылдық деректер бар, ал биткоин бағамының құбылмалылығы бір жылдың ішінде де жоғары деңгейде сақталады.

Дереккөздің мәліметінше, қазіргі уақытта елде цифрлық майнингпен айналысатын 78 субъект жұмыс істейді. Бұл — 2023 жылдың соңынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Олардың 35-інің жеке деректер өңдеу орталығы бар. Оның 16-сы Астанада, 10-ы Алматыда, қалғаны еліміздің басқа өңірлерінде орналасқан. Тағы 43 заңды тұлға өз жабдықтарын басқа компаниялардың сервистік орталықтарына орналастырады. ҚР ЖИЦДМ мәліметінше, цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешендер тізіліміне криптовалюта өндіруге пайдаланылатын 465 мыңнан астам жабдық енгізілген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, цифрлық майнер мәртебесіне ие барлық компания Қазақстан Республикасының резиденттері болып саналады. Алайда бұл Қазақстанда шетелдік жеке инвестициялардың қатысуымен компания құруға болмайды дегенді білдірмейді.

2023–2025 жылдары мемлекет бюджетіне заңды түрде жұмыс істейтін майнерлерден салық түрінде шамамен 35 млрд теңге түскен. Бұл ретте жыл сайынғы салық түсімдерінің көлемі өндірілген цифрлық активтер динамикасына сай өспеген. Мұның бір себебі — төлемдердің едәуір бөлігі майнинг жабдықтарын импорттау кезінде төленген қосылған құн салығы есебінен қалыптасқан. Бұл туралы ҚР ЖИЦДМ редакцияға ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап хабарлады.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) есептеріндегі мәліметтерге сәйкес, өткен жылы цифрлық майнинг жүргізу және деректерді өңдеу орталықтарын жалға беру қызметтерінің көлемі 229,9 млрд теңгені құрады. Оның басым бөлігі — 119 млрд теңге — деректер өңдеу орталықтары көрсеткен қызметтерге тиесілі болса, 110,9 млрд теңге цифрлық майнинг саласындағы қызметтердің үлесіне келген.

ҰСБ мамандары қазақстандық майнерлер көрсеткен қызметтердің көлемін ғана емес, бұл қызметтерге кімдердің ақы төлейтінін де есепке алады. Мұндай мәліметтер цифрлық майнинг саласындағы қызметтердің қандай бөлігі шетелге бағытталатынын бағалауға мүмкіндік береді. Мәселен, өткен жылы цифрлық майнинг саласында көрсетілген жалпы құны 110,9 млрд теңге болатын қызметтердің 1,5 млрд теңгесін резидент емес тұлғалар пайдаланған. Олардың қызмет алушылар арасындағы үлесі 1,3 пайыз болды. Ал деректер өңдеу орталықтарын жалға беретін компаниялар көрсеткен қызметтердің жалпы көлемінде резидент еместердің үлесі 5,2 пайызға жетті.

«Өндірілген цифрлық активтер цифрлық активтер биржалары, соның ішінде халықаралық платформалар арқылы сатылады. Осыған байланысты цифрлық активтерді түпкілікті сатып алушылар әртүрлі юрисдикцияларда орналасқан жеке тұлғалар мен ұйымдар болуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан субъектілерінің цифрлық майнингпен айналысуы өндірілген цифрлық активтерді тек Қазақстан Республикасының резиденттері сатып алады дегенді білдірмейді», — деп түсіндірді ҚР ЖИЦДМ басқармаларының бірінің басшысы Айнұр Әлмұханова.

ҰСБ деректері майнерлердің қай өңірлерде көбірек тіркелетінін және өз серверлік орынжайларын пайдалануға беретін деректер өңдеу орталықтарының қай жерде орналасқанын да анықтауға мүмкіндік береді. Өткен жылы «Цифрлық майнингті жүзеге асыру жөніндегі қызмет» санатында көрсетілген қызметтердің 81,5 пайызы, яғни 90,3 млрд теңгесі Астанаға тиесілі болды. Бұған елорданың ерекше мәртебесі, «Астана» халықаралық қаржы орталығының, криптовалюта биржалары мен осы салаға қатысты түрлі сервистердің жұмыс істеуі әсер еткен. Алматыдағы көрсеткіш әлдеқайда төмен болды – 18,7 млрд теңге.

Ал деректер өңдеу орталықтарын жалға беретін компаниялар еліміздің барлық дерлік өңірінде бар. Дегенмен бұл санаттағы қызметтердің ең үлкен үлесі — жалпы көлемнің 70,2 пайызы – тағы да ірі қалаларға тиесілі. Өткен жылы Астанадағы компаниялар деректер өңдеу орталықтарын жалға беру бойынша 35 млрд теңгенің қызметін көрсетсе, Алматыдағы компаниялардың көрсеткіші 48,6 млрд теңге болды. Одан кейін Павлодар облысы – 16,9 млрд теңге, Ақтөбе облысы – 6,5 млрд теңгемен тұр.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.