Қарағандыда робототехникадан «ҰЛЫ ДАЛА ОЙЫНДАРЫ – 2024» чемпионаты өтті.Бұл сайыста роботтар қазақтың ұлттық ойындарын ойнады.Чемпионат 8 түрлі категория бойынша ұйымдастырылды: «Қыз қуу», «Асық ату», «Көкпар», «Жамбы ату», «Бәйге», «Теңге алу», «Ханталапай» және «Арқан тартыс». Сайысқа 40 мектептен 74 топ қатысты. Чемпионаттың өткен орны — Пришахтинск қаласындағы 33- мектеп базасы.
Іс-шараның ашылуында оркестр домбырамен музыкалық әншашу сыға тартты. Қатысушылар мен қонақтарды қарсы алушылар ұлттық киімдерде сән көрсетіп , ұлттық мәдениетке деген құрмет білдірді. Кішкентай балалар патриоттық флешмоб дайындап, көпшілікті тамсандырды.
Сондай-ақ, сайыс қонақтары ұлттық ойындар ойнап, шеберлік сыныптарында киізден түрлі өрнектер жасауды үйренді.
Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Есентай Әшім:
– Ұлы Дала ұғымдары – біздің қоғамымызды біріктіретін басты құндылықтар. Бұл чемпионаттың ерекшелігі – ұлттық мәдениет пен қазіргі технологиялардың бірігуінде . Балалар үшін бұл әрі танымдық, әрі қызықты болды, – деді. – Қазіргі таңда техникалық шығармашылыққа қызығатын балалар үшін барлық жағдай жасалуда. Мектептерде робототехника кабинеттері бар, жабдықтар үнемі жаңартылып отырады. Әр түрлі үйірмелер мен STEM-зертханалар жұмыс істейді.
Чемпионатқа дайындық туралы да айту керек. Бұл сайыстың бастамашысы, Мажжан Жұмабаев атындағы гимназияның робототехника мұғалімі Әділбек Бердіходжаев дайындық кезеңінің қажырлы еңбекпен өткенін атап өтті.
Арнайы авторлық ережелер жазылып, ойын алаңдары дайындалды.
– «Көкпар» категориясы үшін электронды көрсеткіш тақтасы жасалды. Нағыз ойын секілді, барлық жағдайды онлайн режимде көре аламыз, бұл қатысушыларға да, көрермендерге де ыңғайлы. Бұл – біздің ерекшелігіміз, оны «төрешінің көмекшісі» деп атайды, – дейді чемпионаттың бастамашысы Әділбек Бердіходжаев
Оның айтуынша, жаңа «Ханталапай» категориясында робот асықтарды әртүрлі жерлерден жинауы керек. Бұл міндет өте қиын, өйткені роботқа заттың қай жерде орналасқанын анықтап, көрсетілген алаңнан аспау қажет.
Әділбек Бердіходжаев биыл робототехника чемпионаты екінші рет өткізіліп жатқанын айтып, болашақта оны дәстүрлі түрде өткізу және республикалық, тіпті халықаралық деңгейге шығару жоспарда екенін атап өтті.
Чемпионатты дәстүрлі түрде өткізу және оны республикалық, халықаралық деңгейге шығару үшін меценаттар мен демеушілердің қолдауы маңызды.
Сайыста әртүрлі жастағы балалар өздерінің робототехника мен бағдарламалау дағдыларын көрсетті. Сайысқа қатысушылар – 9 бен 16 жас аралығындағы оқушылар. Бұл жарыс балаларға ұлттық ойындардың ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
– Мен робототехника бойынша екі жыл бойы білім алудамын. Көкпар ойынын сәл де болсын білгенмін, бірақ оның барлық қыр-сырын түсіну қажет. Алдымен аз уақытта робот жасап, оны смартфондағы Bluetooth арқылы басқаруды үйрену керек, – дейді №33 мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысы Ярослав Землянский.
Чемпионаттың жеңімпаздары кубоктар мен медальдармен марапатталды. Сондай-ақ, жеңімпаздарға AlihanRobotics онлайн орталығында тегін оқу мүмкіндігі берілді.
«Ұлы дала ойындары» чемпионатында абсолютті чемпион атағын және уақытша кубокты Мажжан Жұмабаев атындағы гимназияның командасы жеңіп алды.