Алматыда жол қозғалысын тиімді басқару үшін интеллектуалды көлік жүйесі құрылмақ. Бұл үшін қала әкімдігі Қытайдың жетекші IT-компаниясымен әріптестік орнатуды жоспарлап отыр.
Жоба аясында Алматыға арнаулы серверлік жабдық орнатылып, жол қозғалысын автоматты түрде реттейтін жаңа жүйе енгізілмек. Мамандардың айтуынша, бұл қаланың көлік кептелісін азайтып, қозғалысты анағұрлым тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Негізгі өзгерістердің бірі – бағдаршамдарды көлік ағынына бейімделген басқару жүйесіне көшіру.
Бұдан бөлек, қытайлық компания Алматыда көлік қозғалысын оңтайландыру, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету, су ресурстарын қорғау, денсаулық сақтау және «ақылды» құрылғыларды дамыту бағытында зерттеу жүргізетін ғылыми орталық ашуды қарастырып отыр.
Қала әкімдігі Алматы әкімі Ерболат Досаев пен қытайлық компания басшылығының көлік қозғалысын басқару саласында ынтымақтастық орнату жөнінде келісімге келгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, аталған компания 120-дан астам елде «ақылды қала» жобаларын жүзеге асырып келеді. Алматыдағы жаңа бастама осы жаһандық тәжірибенің бір бөлігі болмақ.