Home Және басқа ақпараттар Ана мен бала Алматыда балаларға арналған арнайы SIM-карта іске қосылды

Алматыда балаларға арналған арнайы SIM-карта іске қосылды

22

Алматыда балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ерекше жоба қолға алынды. Енді қалада «SIM KIDS» атты балаларға арналған SIM-карталар қолжетімді бола бастады. Бұл жаңа өнім суицид, есірткі, порнография, онлайн-казино секілді зиянды және деструктивті контентке қолжетімділікті бұғаттайды.

SIM-карта арқылы ата-аналар баласының қандай қосымшаларды пайдаланып жүргенін қадағалап, қажетсіз ресурстарға шектеу қоя алады. Тіпті баланың телефоны үнсіз режимде болса да, оған хабарласуға мүмкіндік бар.

ҚР Бас прокуроры Берік Асылов: «Цифрлық қауіпсіздік -балаларды қорғаудағы алғашқы әрі маңызды қадам. “SIM KIDS” жобасы соның нақты көрінісі», – деп, жобаның маңыздылығын айқындай түсті.

Мемлекет басшысы да балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және үйлесімді дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін бірнеше рет айтқан болатын.

Берік Асыловтың айтуынша, осы бағытта 2023–2025 жылдарға арналған Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен амандығын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарға бірқатар ұсыныстар енгізілген. Бұл ұсыныстардың негізгі мақсаты -кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдерді интернеттегі зиянды әсерлерден қорғау.

Қазіргі таңда Алматы қаласының прокуратурасы мен TELE2/ALTEL байланыс операторлары бірігіп, бұл жобаны пилоттық режимде іске қосты. Жоба көп ұзамай бүкіл ел аумағы бойынша қлжетімді болмақ.

Ата-аналардың айтуынша, бұл бастама – өз баласының қауіпсіздігіне алаңдайтын әрбір жан үшін маңызды көмек. Балалар түрлі қауіпті ойындар мен құмар ойындарға тәуелділікке тартылып кетпеуі, оларға зиянды ақпарат әсер етпеуі үшін мұндай шаралар ауадай қажет.

Сарапшылар баланың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету -тек технология арқылы емес, ең алдымен отбасындағы көңіл мен қамқорлық арқылы жүзеге асатынын айтады. Баланың көңіл күйіндегі өзгерістер, дос-жараны мен қызығушылықтары – ата-ана назарынан тыс қалмауы тиіс.