Digital Almaty-2025 халықаралық форумында робототехника, қауіпсіздік және жасанды интеллектіні түрлі салада қолдану басты тақырыптардың бірі болды. Бұл салаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Бұрын тек жазушылардың қиялында болған ақылды машиналар бүгінде шынайы өмірдің ажырамас бөлігіне айналып, ауыр және зиянды өндірістерде адамдардың орнын басуда.

Қазіргі таңда роботтар қызмет көрсету саласынан бастап ауыр өнеркәсіпке дейін, медицинадан ғарышқа дейін, шахматтан әскери технологияларға дейін әртүрлі бағыттарда қолданылады.

«Hasta la vista, baby».
Digital Almaty форумы қатысушылары үшін арнаулы роботтар аймағы ұйымдастырылды. Мұнда Қазақстанда қолданылып жатқан ойыншық роботтардан бастап күрделі өнеркәсіптік машиналарға дейінгі технологиялар ұсынылды.


Көрмеде қызмет көрсету және ойын-сауық роботтары, өндірістік роботтар, адаммен бірлесіп жұмыс істейтін құрылғылар, диагностика мен мониторингке арналған аппараттар, 3D баспа жабдықтары, робот-иттер мен әртүрлі дрондар көрсетілді. Олардың арасында 150 граммдық шағын дроннан бастап ондаған килограмм салмақ тартатын ұшқышсыз құрылғылар да болды. Бұл роботтар біздің өмірімізді ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге бағытталған.



Форумға қатысушылар түрлі роботтармен еркін сөйлесіп, сұрақ қойып, шахмат ойнап, робот-манипуляторлардың, робот-иттердің және өзге де ақылды құрылғылардың жұмысын тамашалады.


Робот жасау кез келген адамның қолынан келеді
Робототехникаға деген сұраныстың жоғары екенін стартаптар алаңында ұсынылған білім беру бағдарламалары айқын көрсетеді. Мәселен, алматылық жастар робот-манипулятор құрастыруға арналған «QOL» атты оқу жиынтығын әзірлеген. Бұл конструктор секілді жинақталып, жас инженерлерге робототехниканың негіздерін меңгеруге мүмкіндік береді.

Мұндай қарапайым роботтар балалардың STEM бағыттарына қызығушылығын арттыруға және болашақ инженерлерді даярлауға көмектеседі. Құрастыру жиынтықтары күрделілік деңгейіне қарай әртүрлі жастағы балаларға арналған.

«Біз жинақтың функционалы мен құрылымын барынша ыңғайлы етіп жасадық, сондықтан бір сағаттың ішінде роботты құрастырып, бағдарламалап, оны пайдалануға болады. Біздің білім беру бағдарламамыз ауқымды әдістемелік материалдарды қамтиды, әсіресе теориялық бөлімі тереңдетілген. Біз балаларды инверсиялық кинематика, мехатроника және прототиптеуге үйретеміз. Бұл білімдер білікті мамандар даярлау үшін өте маңызды, себебі президенттің өзі елге инженерлер қажет екенін атап өткен», – дейді жобаның авторлары Дәулет пен Бауыржан.
Олардың айтуынша, жиынтықтар мектеп оқушыларына арналған нұсқалардан бастап, жоғары оқу орындарымен серіктестік аясында жасалған студенттерге арналған күрделірек түрлеріне дейін бөлінеді. Себебі техникалық мамандықтарда білім алушыларға тәжірибенің жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан студенттер осы манипуляторлармен жұмыс істеп, кейін өндірістегі нақты роботтармен жұмыс істеуге қажетті дағдыларды қалыптастыра алады.
Стартаптар алаңында Астанадан келген тағы бір жоба – онлайн робототехника платформасы таныстырылды. Жоба менеджері Дильнастың айтуынша, бұл мектеп 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал қазіргі таңда олар 300-ден астам сабақтан тұратын онлайн-платформаны әзірлеген. Бұл курстар түрлі деңгейдегі оқушыларға арналған және робототехниканы үйренгісі келетін әр адамға қолжетімді.

“Біздің басты мақсатымыз – робототехника бойынша сапалы білімді барлығына қолжетімді ету. Бұл тек робот құрастыру емес, сонымен қатар бағдарламалау мен инженерлік дағдыларды үйрету. Мұндай білім болашақта өте қажет болмақ.”
Оқушылар арасындағы робототехника чемпионаты
Робототехникаға деген қызығушылық бала кезден басталатыны заңды құбылыс. Бұл салада инженерлер, ғалымдар мен өнертапқыштарды дайындау үшін арнайы білім беру бағдарламалары мен түрлі жарыстар маңызды рөл атқарады. Мұндай жарыстар қатысушылардың техникалық дағдыларын дамытып, инженерлік ойлау қабілетін қалыптастыруға және болашақта осы бағытта кәсіби маман болуға ынталандырады.

Digital Almaty-2025 форумы аясында «FIRST Tech Challenge» республикалық чемпионаты өтті. Жарысты USTEM Foundation қоры ұйымдастырды.
Министр Кубогы (Digital Ministry Cup) үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 19 үздік команда бақ сынасты. Екі күнге созылған жарыс қатысушылар мен көрермендер үшін нағыз тартысқа толы сайыс болды.
Оқушылар роботтарын өздері құрастырып, бағдарламалады. Олар жарыста пластик кубтарды белгілі бір орынға тасымалдау және ілулі жүкпен бірнеше тапсырманы орындау сияқты тапсырмаларды орындады.

Жоғары сынып оқушыларынан құралған топтарда әркімнің өзіне жүктелген маңызды міндеті бар. Бірі фан-зонаның дизайны мен безендірілуіне жауап берсе, енді бірі роботтың жеке бөлшектерін құрастырып, оны бағдарламалап, басқарумен айналысады.
«Біздің тобымыз 12 адам бар, олардың бесеуі ғана робот құрастырумен айналысады. Бірі – кодер, ол бағдарламаны жазады. Бір инженер негізін жасайды, ал екіншісі – жеделсаты жүйесін құрастырады. Біз осылай бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл роботты шамамен бір айда жинадық. Көңіл-күйіміз тамаша, жеңіске жетеміз деп үміттенеміз», – дейді турнир қатысушылары Ертула Әділхан мен Бақтияр Жұмағали.

Роботтарды құрастыру мен олар үшін бағдарламалар әзірлеуге тек ұлдар ғана емес, қыздар да қызығады. Турнирге аралас құрамдағы көптеген топтар қатысып, өз шеберліктерін көрсетуде.
Сонымен қатар, тек қыздардан тұратын топтар да жарысқа қатысып, өз бақтарын сынауда.
«Біздің тобымыз екінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Құрамда жалғыз ғана ұл бар, қалғаны – қыздар. Өткен жылы да жарысқа қатыстық, ал биыл осында келдік. Біз тек фан-зонаны безендіріп қоймай, роботтарды өзіміз жинап, бағдарламаларын да өзіміз жазамыз. Әркім өзіне жүктелген міндетті атқарады. Бұл жерде біз екі роботты біріктірдік: төменгі бөлігі – жеке робот, ал жоғарғы бөлігі – басқа бір робот», – деп жарыса әңгімеледі Bil Barbie командасының мүшелері.

Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Алматыдан келген «Sana БИЛ» тобы жеңіп алып, 1 000 000 теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды.

Күміс жүлдені Алматыдағы №208 мектептің «Point» тобы жеңіп алып, 500 000 теңге иеленді.
Үшінші орынға Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия-биология бағытындағы «PID» тобы жайғасты. Жеңімпаздарға 300 000 теңге табысталды.
Ал төртінші орынды Қарағандыдағы «Мұрагер» мектебінің «Jeltoqsun» тобы иеленіп, 200 000 теңге көлемінде сыйақы алды.
Ақшалай сыйлықтардан бөлек, үздік төрт топ ел намысын халықаралық жарыстарда қорғау мүмкіндігіне ие болды.

Көрермендер үшін қызықты шаралар мұнымен аяқталған жоқ. Қатысушылар компьютерлік ойындар ойнап, квадрокоптерлер арасындағы қызықты жарыстарды тамашалай алды.


«Digital Almaty Multi–Drone Championship» (MDC) дрон-футбол чемпионаты
Небәрі бірнеше ондаған метр қашықтықта дрон-футболдан чемпионат өтіп, жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл ойын ережелері дәстүрлі футболға ұқсас болғанымен, дрондардың қатысуы оны мүлде басқа деңгейге көтеріп, әсерлі жарысқа айналдырды.

Чемпионат FIDA (Халықаралық дрон-футбол федерациясы) аясында өтті. Көрермендер арнайы қоршалған алаңда кішігірім квадрокоптерлердің «қорғаныш қаңқаларымен» жабдықталып, арнайы дөңгелек қақпалардан өтіп, гол соғуға тырысқан сәттерін қызыға тамашалады.

Ойын барысында шағын квадрокоптерлер арнайы қорғаныш қаңқасында болып, қарсыластың қақпасына гол соғуға тырысты. Қорғаушы дрондар қарсыластардың шабуылына тосқауыл қойып, әуе кеңістігінде нағыз шайқас жүргізді.

Жарыс қорытындысы бойынша «Skyzone X4Pro» тобы үздік атанды. Екінші орынды «Radiomaster Boxer ELRS», ал үшінші орынды «BetaFPV Air65 Freestyle» иеленді.

Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен қатар, ұлттық құрамаға қосылу мүмкіндігіне ие болып, алдағы уақытта FIDA халықаралық турнирлеріне қатыса алады.

Робототехника – болашақтың кілті. Ақылды құрылғылар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Робототехникаға негізделген барлық жобалар мен бағдарламалар әрі қарай терең зерттеуді қажет етеді.

Бүгінгі мектеп оқушылары бірнеше жыл ішінде Қазақстан экономикасының жаңа даму бағытына бейімделген жаңа буын инженерлері мен мамандары атанбақ. Қазірдің өзінде цифрлық трансформацияны жүзеге асыруға қажетті білікті кадрларды даярлау процесі басталып кетті деуге болады.