Ақтауда EcoCity деп аталатын көпфункциялы смарт-қаланы дамыту жоспарланып отыр. Бұл жоба заманауи технологияларды қолдана отырып, қала инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Sarte Project Management Services компаниясы мен “Каспий” даму орталығы арасындағы серіктестік меморандумы осы бастаманың алғашқы қадамы болды.
Жоба аясында тұрғын үйлер, коммерциялық аймақтар мен демалыс орындары салынады. Мұнда ойын-сауық паркі, планетарий, амфитеатр, әлемдік деңгейдегі спорт кешені және Қазақстандағы алғашқы 7 жұлдызды қонақүй Каспий теңізінің жағалауында бой көтермек. Сондай-ақ, заманауи ауруханалар, халықаралық медициналық және инженерлік университеттер салу жоспарланған.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 4,5 миллиард АҚШ долларын құрайды. Құрылыс және пайдалану кезеңінде мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, мемлекетке қомақты салық түседі. Жобаның жүзеге асуы өңірге шетелдік туристерді тартуға ықпал етіп, жергілікті экономиканың дамуына серпін береді. Сонымен қатар, EcoCity тұрақты экологиялық даму қағидаларына негізделіп, жаңартылатын энергия көздері мен су үнемдеу технологияларын қолдануды көздейді.
Айта кетейік, Sarte Project Management Services – Дубайда орналасқан ірі құрылыс компаниясы. Ол әлемнің әртүрлі елдерінде экологиялық тұрақты әрі жоғары сапалы жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді.