Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуға арналған ұлттық стратегия әзірлеуде

Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуға арналған ұлттық стратегия әзірлеуде

9

Астанада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен елде жасанды интеллектінің болашағына арналған стратегиялық сессия өтті. Жиынға IT-компаниялардың өкілдері, кәсіпкерлер, ғылыми қауымдастық, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар қатысты.

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллектіні Қазақстанның цифрлық трансформациясының басты қозғаушы күші деп атады. Оның айтуынша, ведомство алдағы уақытта да интеллектуалды технологияларды бизнес-процестер мен мемлекеттік басқару саласына енгізуге қолайлы жағдай жасауды жалғастырады.

Ал бірінші вице-министр Қаныш Төлеушиннің сөзінше, елге жасанды интеллектіні дамыту бойынша ұлттық стратегия қажет. Мұндай құжат саладағы жүйелі әрі ұзақ мерзімді дамудың негізгі тірегіне айналуы тиіс.

Сессия интерактивті талқылау форматында өтті. Сарапшылар инфрақұрылым мен есептеу қуатына қолжетімділік, жасанды интеллект саласындағы стартаптарды қолдау, технологияларды коммерцияландыру, кадр даярлау, шешімдерді мемлекеттік секторға енгізу, сондай-ақ деректерді пайдалану кезіндегі құқықтық және этикалық қырларды қарастырды.

Жиын қорытындысында қатысушылар ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыруға негіз болатын нақты ұсыныстар пакетін әзірледі.