Жасанды интеллект саласындағы АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекелестік бүгінгі күні жаһандық деңгейдегі технологиялық текетіреске айналды. Қазіргі жағдайда Вашингтон бағдарламалық әзірлемелер бағытында көш бастап отырса, Бейжің робототехника саласында басымдық танытуда. Сарапшылар бұл үдерісті ХХ ғасырдағы ядролық жарыспен салыстырады: бұл жолы да таразы басында – триллион долларлық технологиялық үстемдік. Бұл туралы BBC талдауында айтылады.
Бәсекенің қазіргі кезеңі екі елдің рөлін айқын жіктеп берді. АҚШ дәстүрлі түрде жасанды интеллектінің «санасын» қалыптастыруда – ірі тілдік модельдерді әзірлеуде және аса күрделі микрочиптер өндіруде алда келеді. ChatGPT тәрізді жүйелер осы бағыттың нақты көрінісі. Ал Қытай, керісінше, жасанды интеллектінің «денесін» дамытуда табысқа жетті: автономды роботтар мен гуманоидты құрылғылар өндірісінде ілгері. Дегенмен 2025 жылдың қаңтарында ұсынылған қытайлық DeepSeek моделі бағдарламалық қамтамасыз ету саласындағы алшақтықтың жылдам қысқарып келе жатқанын көрсетті. Бұл – АҚШ тарапынан енгізілген қатаң экспорттық шектеулерге қарамастан орын алған құбылыс.
Журналист Карен Хаоның пікірінше, бұл жағдай АҚШ үшін күтпеген сын-қатерге айналды. Оның айтуынша, экспортты шектеу саясаты кері әсер беруі мүмкін: қуатты чиптерге қол жеткізе алмаған қытайлық әзірлеушілер балама жол іздеп, жаңа шешімдер табуға мәжбүр болды. Нәтижесінде бұл олардың шығармашылық және инженерлік мүмкіндіктерін күшейткен.
Бұл жарыста АҚШ-тың негізгі артықшылығы – жабдыққа бақылау орнату мүмкіндігі. Жасанды интеллектіні оқытуға қажетті жоғары өнімді чиптердің басым бөлігін америкалық Nvidia компаниясы әзірлейді. Оның нарықтық құны бес триллион долларға дейін жеткен. Вашингтон озық технологиялардың Қытайға жеткізілуін «тікелей шетелдік өнім ережесі» арқылы шектеп отыр. Бұл тек процессорларға ғана емес, сонымен қатар чип өндірісінде қолданылатын ультракүлгін литографияға арналған бірегей құрылғыларға да қатысты. Мұндай жабдықты нидерландылық ASML компаниясы шығарады.
Соған қарамастан DeepSeek жобасының жетістігі Қытайдың әлдеқайда аз шығынмен және салыстырмалы түрде әлсіз техникалық база жағдайында да тиімді алгоритмдер жасай алатынын дәлелдеді. BBC деректеріне сүйенсек, қытайлық модель сапа жағынан америкалық баламасына 90 пайызға дейін жақындайды, ал құны шамамен 10 пайызға арзан.
Жасанды интеллектінің физикалық жүзеге асуында Қытай айқын көш бастап отыр. Елдегі дамыған өндірістік инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау нәтижесінде бүгінде шамамен екі миллион робот жұмыс істейді. Бейжің стратегиялық тұрғыда гуманоидты роботтарға басымдық беруде. 2035 жылға қарай мұндай жүйелер қартаю үдерісі күшейген қоғамда әлеуметтік қызметтердің бір бөлігін өз мойнына алуы тиіс. Атап айтқанда, қарт адамдарға күтім жасау және толық автоматтандырылған өндіріс орындарында жұмыс істеу міндеттері жүктеледі.
Когнитивтік нейробиология саласының маманы Ник Райттың айтуынша, АҚШ роботтардың «санасын» қалыптастыруда әлі де алда. Бұл – чиптер мен бағдарламалық жүйелер арқылы нақты міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін негізгі компоненттер. Сарапшының бағалауынша, робот құнының шамамен 80 пайызы оның интеллектуалдық «өзегіне» байланысты.
Бұл бәсекелестік тек азаматтық технологиялармен шектелмейді. Робототехниканың агенттік сипаттағы жасанды интеллектімен ұштасуы – яғни дербес шешім қабылдай алатын жүйелердің пайда болуы – қорғаныс саласында да қолданыс табуда. Соның айқын мысалы – нысанды өздігінен анықтай алатын автономды дрондар.
Профессор Грег Слабонының пікірінше, бұл жарыстың нәтижесін технологияны алғаш ойлап тапқан тарап емес, оны экономиканың нақты секторына тиімді енгізе алған ел анықтайды. Қазіргі таңда америкалық корпорациялар тұтынушылық капитализмнің еркін дамуына басымдық берсе, Қытайда жасанды интеллект зерттеулері мемлекет тарапынан қатаң бақылауда жүзеге асырылуда.












