Home Технологиялар Киберқауіпсіздік АҚШ нарығына Қытай арқылы тыңшылық жасауға мүмкіндік беретін құрылғылар енуі мүмкін

АҚШ нарығына Қытай арқылы тыңшылық жасауға мүмкіндік беретін құрылғылар енуі мүмкін

10

АҚШ-тағы Федералды байланыс комиссиясы (FCC) электронды құрылғыларды импорттау тәртібіне өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Бұл бастама елдің ұлттық қауіпсіздігін сақтау мақсатында қолға алынған. Reuters агенттігінің деректеріне сүйенсек, ұсынылған өзгерістер Қытай зертханалары арқылы өтетін сертификацияға қатысты алаңдаушылықтан туындаған.

Қазіргі уақытта АҚШ нарығына шығарылатын телекоммуникациялық құрылғыларды сынақтан өткізетін зертханалардың 75 пайызы Қытай аумағында орналасқан. АҚШ билігі кей зертханалардың Қытай үкіметімен немесе АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі мен Қаржы министрлігі енгізген қара тізімдегі компаниялармен байланысы бар деп қауіптеніп отыр.

АҚШ шенеуніктерінің пайымынша, осындай зертханалар арқылы ел аумағына ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін құрылғылардың ену қаупі бар. Ал FCC бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Қытай мен басқа да «достық пейіл танытпайтын» елдердің ұйымдарын сертификаттау процесінен мүлде шеттетуді көздейді.

Қазірше тек кейбір зертханаларды рұқсат берілген тізімнен алып тастау туралы сөз қозғалуда. Алайда болашақта бұл шаралар Қытай ұйымдарының АҚШ нарығына техникалық бақылау жасауына толық тыйым салуға ұласуы мүмкін.