Қосшы қаласының полиция бөлімінде «AI тергеуші көмекшісі» жобасы сынақтан өткізілуде. Бұл – қылмыстық істерді тергеуге арналған жасанды интеллект технологиясына негізделген цифрлық платформа.
Жаңа жүйе ЕРДР-дегі істерді талдаудан бастап, қылмысты саралау, қатысушылар схемасын құрастыру және тергеу жоспарын әзірлеуге дейінгі процестерді автоматтандырады. Жүйе деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және жеке ақпаратты қорғайды.
Платформа әлеуметтік желілердегі цифрлық іздермен де жұмыс істей алады. Жасанды интеллект тергеушіні алмастырмайды, бірақ мәліметтерді тез өңдеуге, қайшылықтарды анықтауға және құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, бастама тергеу жұмыстарының сапасын арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауға сеп болады. Оның сөзінше, өңірде тергеудің ұзақтығына, әсіресе кибералаяқтық істеріне қатысты шағымдар жиі түседі.
ІІМ мәліметінше, пилоттық жобаның нәтижесі бойынша жүйе жетілдіріліп, басқа өңірлерге де енгізілуі мүмкін.